Қос сурет тарихы

Былтыр Балқаштың жағалауында демалып жатсам да шығармашыл адамы ретінде әр нәрсеге зер саламын ғой. Әрине, бұрын Балқаш шаһарында тұрдым, бірақ, Балқаш маңы қазақтарының Ашаршылығы туралы мәліметтерді көп біле қоймайтын едім. Ашаршылық тақырыбымен етене айналыса басқан соң Балқаш аймағы қазақтарының Ашаршылыққа қатысты материалдары қолға түсті, жергілікті музейде де мәліметтер бар, ал, Балқаш бойындағы Ашаршылыққа ұшыраған қазақтар жөніндегі деректерінен бір-екі мысал келтіре кетейін.
Жалпы, тарихымызда Балқаш өңірінің маңызы өте зор. Біріншіден, бабаларымыз жоңғарларды түре қуған кезде оларды әуелі Көкшетеңізден әрі жіберген еді. Екіншіден, Кенесары-Наурызбай бастаған азаттық үшін соғыста оның жұрты осындағы қамыстар мен аралдар арасында тоқтаған болатын. Солардың ішінде шешем жағынан атамыз Шәкір батыр да болып еді. Олардан өзге Сарыарқадан, оның ішінде Торғай өңірінен барған қаншама батыр-сарбаздар қатысты. Және, үшінші бұл аймақ азаттық үшін әрқашан алдыңғы шептен көрінетін. Мысалы, 1929-1931 жылдары қазақ даласында 372 шаруалар көтерілісі болса, соның бірі Балқаш бойында да өткен болатын. Кейін жусап, әлсіреген, бай-қуаттыларынан айырылған халық теңізде теңселген балықтай болды. Айтқандай, тірі қалған байларды кәмпескелеп басқа өңірлерге жер аударған.
1928 жылдан бастап Кеңес Үкіметі аймақтың кеніштерін игере бастайды, тіпті Ашаршылық жылдары: "өндірісі бар жерлерде аштан өлмейміз-ау" деген байғұс қазақтар мына фотодағыдай киіз үйлерін тігіп, осында келсе де мыңдап қырылады. Ол жөнінде Әнуар Әлімжанов былай деген еді:
"Елу мыңға жуық қазақ Балқаш құрылысы кезінде аштық пен індеттен өлді. Олардың сүйектері осы қаланың фундаментінің астында жатыр; жүздеген мың қазақтың қара жұмысшылары Қарағанды көмірін тездетіп өндіру мен жаңа шахталарды ашу жолында, жаңа рудниктердің құрылысында, Түрксибті салу кезінде тамақтың, дәрігерлік көмектің жетіспеушілігінен өлді..
Қазақтарды ең ауыр жер қазу жұмыстарына ақысыз, пұлсыз пайдаланған Голощекин (ол кезде адам құқы деген сөз болған жоқ қой), оларды малдан да төмен (малға да шөп пен су береді емес пе) қойды. Бұл жоғары нұсқаумен рұқсат етілген қазақты қыру саясаты болды. Осының алдында ғана, он алтыншы жылы теңдік талап етіп көтеріліске шыққан, он жетінші жылы өз үкіметі мен армиясын жасақтаған қазақты жоқ ету саясаты еді. Қужаққа екі миллион қазақтың өлімі түкке де тұрмайтын, тәйірі?! Оған айтқанынан шықпайтын құлдар...- әкем осы жерде бұл зұлматқа теңеу таба алмай ойланып қалды. Ол кезде геноцид дегенді, тарихтың қанды шежіресін ешкім білмейтін кез еді. Пол Поттың геноциды алда тұрды..".
Тірі қалған кейбір қазақтар Алатау асуға (қырғыз жеріне) мәжбүр болады. Архив деректерінде 1930-1932 жылдары 16 ауданның 8812 шаруашылығы Қырғызстанға көшкен. Қоныс аударушылардың көпшілігі Алматы, Кеген, Шұбартау, Үржар, Аягөз, Балқаш аймақтарында орналасқан қазақтар болған.

Міне, былтыр Балқаш қаласы іргесіндегі Ақтоғай ауданы Шашубай кенті маңында Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішті көрген болатынмын. Жалпы, Қазақстандағы 90 қаланың бірнешеуінде ғана Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш бар, олар Астана, Алматы, Павлодар, Балқаш, Қандыағаш (Ақтөбе обл.) және Қарағанды шаһарлары. Бәлкім тізім жаңарған болар, дегенмен, Балқаш бойындағы ағайындарға разы болдым, жергілікті арғын, қыпшақ, керей бауырлар (Ашаршылық ұрпақтары - Қоңырат кенті, Ер Жәнібек қоры, Орыс православ шіркеуі, Тобықты руы, Балқаш мыс қорыту зауыты) биіктеу жерге ескеркіш қойып, ол жөнінде деректер беріпті. Әдетте бастамашылық болмаса ондай ескерткіш қойылуы мүмкін емес, осы ретте Бейсен Мүссебекұлына және Балқаш қалалық бесінші шақырылым депуттарына зор алғыс!
Бірінші суретте: Қоңырат кеніші маңындағы (Балқаш қ. 12 шақырым жер) Ашаршылыққа ұшыраған қазақтар
Екінші суретте: Балқаш қ. (Шашубай кентіндегі) Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш.
#Ашаршылық ақиқаты
#Балқаш қ.