Қорғалжын - хандар мекені

Қорғалжын - хандар мекені!
Әдетте Қорғалжын дегенде есімізге ең алдымен қоқиқаздар түседі. Ал, өткен аптада (2026 жылғы 5 қыркүйекте) Астанадан 140 шақырым қашықтықтағы Қорғалжын қорығына тағы да жол түсіп еді.
1968 жылы негізі қаланған Қорғалжын қорығы ЮНЕСКО Әлемдік Табиғи Мұра тізіміне енгізілген. Қорғалжын - Қазақстандағы жарты миллионнан астам гектарды алып жатқан қорық аймағы. Мұнда үш жүз елуден астам жабайы жануарлар мен құстар өмір сүреді.
Қорық аумағынан талай жабайы аң-құстарды кездестіресіз, ал, жалпы көп естігеннен бір көрген артық деп санаймын. Алғашқы ақпаратты қорық музейінен алуға болады. Содан соң қорық аумағын аралауға уақыт табыңыз, дұрысы бір күніңізді арнаңыз.
Ал, Қорғалжын жерінің тарихына қатысты айтатын болсам, осы уақытқа дейін бас қалада тұрсам да Қорғалжын туралы көп біле бермейді екенмін.
Мысалы Қорғалжын кентінің пайда болуын Кеңес кезеңіне жатады десек те, мен сияқты тарихтан хабары бар адамдар біраз жайтты бағамдайды.
Бірінші, кентке кіре берістегі трассадан 1-2 шақырым қашықтықтағы Бытығай кешені. Оны көрген кезде менде екі ассоциация болды. Ол - кешен ғана емес, қала жұртының орны екенін анық сездім және Түркістан облысындағы Созақ кентіндегі Созақ қаласының орнын еске түсіреді екен. Созақ пен Бытығайдың тағдыры ұқсас па дедім, екеуі де әлі бағаланбай отыр, дегенмен, қазақ тарихында алатын орындары ерекше. Жалпы, біз Бытығай туралы айтқанда Бозоқ, Жұмай қала жұрттарымен шамалас, бір өңірде орналасқандығы туралы айтуымыз керек. Ал, нақты Бытығайға тоқталатын болсақ, оның 11-12 ғасырдан белгілі екенін көреміз. Кейінгі Алтын Орда, Қазақ хандығы дәуірінде Ұлы Жібек жолының Сарыарқа өтетін тармағының осы жер арқылы бұрылып, оның заманындағы ірі шаһардың бірі деп болжаймын. Кейбір деректерде қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібектің баласы Қасым ханның астанасы болған деген мәлімет бар. Шындығында, "Қасым ханның қасқа жолы" Нұра бойында дүниеге келді ме екен?

Дегенмен, тарихты қазбалай берсек, өңірдің хандар мекені деген менің байламыма Қорғалжын жеріндегі Тоқтамыс, Мамай, Керей, Абылай, Сұлтанкелді (Кенесарыға қатысты) жер-су (көл) атаулары себеп болып тұр.
Ал, сөзді фактімен дәлелдесек Жәнібек-Шалқар көлі тұсынан Жәнібек ханның қорымының табылуы көп жайтты аңғартатыны белгілі.
Оның үстіне, ұлт ұясы Ұлытау Қорғалжынға тиіп тұр, ал, 150 шақырым әріректе менің атамекенім Торғай жері орналасқан.
Енді, Қорғалжын жерінен шыққан тұлғаларға, оның ішінде әйел затына қатысты айтсақ бірден Мариям Жагорқызы еске түсер, ал, жалпы, дала жұртында небір батыр қыздар өткен ғой, әрісі кезіндегі Томиристен (Тұмарқыздан) бастап берісі Бопай ханымды айтсам да жеткілікті. Бопай демекші, Бопайды айтсақ Кенесары еске түседі. Кенесары Ұлытауға өтер кезде Қорғалжын жеріне де тоқтапты. Оның белгісіндей болып Сұлтанкелді көлі тұрғанын жоғарыда айттым. Сәті түсіп бұрынғы сапарларымыздың бірінде кардоннан өтіп, оған да жеттік. Бір қызығы көл жағасында Дінмұхамед Қонаевтың тоқтайтын үйі - демалыс үйі тұрса, сол Сұлтанкелдіге Кенесарының жеткенін білдіретіндей жазба тақта да бар.
Қалай десек те Қорғалжын табиғатымен, аң-құсымен ғана емес, терең тарихымен ерекшеленетін өлке.
Кезіндегі Батығайды Тәуке ханның ордасы болған деседі, әрине, талай оқиғаларға куә болған өлкенің тарихы тереңде жатыр. Мен үшін Бытығайдан табылған, ішінен сұйықтық шыққан ыдыс қызық, бәлкім, ол ыдыста Бытығайдың қабырғаларынан заманында жауларының төбесінен төгетін май болды ма екен?!