Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

Колледж — кәсіпқой мамандардың ұстаханасы

Сабақ пен өндірістік тәжірибені қатар алып жүру Айсәуле Өмірханға «Беккер и К» компаниясына жұмысқа тұруға қалай септігін тигізді?

Наубай – қадірлі мамандық. Нанға деген сұраныс әрдайым жоғары, сондықтан да нан пісіруді кәсіп етем деген жастар жұмыссыз қалмайтынына кәміл сенім бар.Өз ісін жақсы білетін, қолынан бал таматын шеберлер бұл салада өз орнын тауып кететіні айқын. Колледждің көп түлектері үшін жұмыс өтілінің болмауы еңбекке ерте араласуға көп кедергі болып келген еді. Алайда, оқытудың дуаль технологиясы бұл мәселенің шешімін тапты. Қазір көптеген студенттер сабағы мен кәсібін қатар ұштастырып жүр. Өткен жылы Алматы экономика колледжін бітірген Айсәуле Өмірхан да осындай бағдарлама бойынша білім алған.

Дипломы қолына тиісімен ол жас мамандардың қолы жете бермейтін «Беккер и К» сауда-өндірістік желісіне жұмысқа тұрды. Айсәуле бұған дейін осы жерден өндірістік тәжірибеден өткен болатын.

«Менің мамандығым – «Нан пісіру, макарон және кондитер өнімдері» деп аталады. Сәтін салып, қазір дәл өз мамандығым бойынша жұмыс істеп жүрмін. Колледж бітірген соң мұнда жұмыс істеймін деп ойламаған едім. Оқып жүрген кезімде «Беккерде» өндірістік тәжірибеден өткенмін. Жұмыс өзіме қатты ұнайтын. Өндіріс процесі де, дайын өнімдер де көңілімнен шығатын. Піскен тағамдар тура үйдегідей болып шығушы еді. Сондықтан да ойлана келе еңбек жолымды осы жерден бастауды ұйғардым», – дейді Айсәуле Өмірхан.

«Беккер и К» ЖШС Нан пісіру және кондитерлік өндірісінің директоры Насима Қалиева жұмысқа адам алар кезде оның бойынан көп қасиеттер іздейтінін айтады. Әсіресе, жеке басына мән береді. Адами қасиеттері өндірістік тәжірибеден өту барысында айқындала түседі дейді ол. «Әрине, мен Айсәулені колледжде диплом қорғау барысында бақылап отырдым. Ол жерде көп жылдан бері аттестациялық комиссияны басқарамын. Дегенмен, өндірістік тәжірибе аяқталар тұста кімді жұмысқа алып қалатынымызды анық білеміз. Колледжде Айсәуле топ басшысы болған. Жұмыс барысында да осы белсенділігі байқалып тұратын. Жауапкершілігі мол, көшбасшылық қасиеттері менмұндалап тұрды. Мысалы, мен студенттерге қандай да бір ескерту айта бастағанда-ақ Айсәуле: «қазір түзейміз» деп жауап беретін. Ал өндіріс үшін жауапкершілікті мойынға ала білу – өте қажет қасиет», – дейді Насима Махмұтқызы.

Насима Махмұтқызы жұмысқа адам қабылдау әдістерімен бөлісті. Студенттер үшін жұмысқа кірер алдында ешқандай сынақ, тест жоқ. Барлығы жұмыс барысында көзге ұрып тұрады дейді маман. Жақсы наубай болу үшін не керек? 
«Мұнда білек күші де керек. Шалт қимыл, жылдам әрекет ете білу, иіс-дәм сезе білу қасиеті, өнім түрлерін еске сақтай білу де маңызды. Байқағыштық қасиеті де ерекше орын алады. Кірпияз болса тіптен жақсы. Осындай қабілеттерді бойына жиған студенттен жақсы маман шығатыны анық. Әрі бізде жұмыс істеу де оңай соғады. Осал тұстарын жетілдіруге де болады. Бұрын әдеттенбеген болса үйретеміз»,– дейді өндіріс директоры.

Дуаль әдісімен білім беру өндіріске мамандарды ерте бастан таңдауға мүмкіндік береді. Ал студенттердің өздері үшін ше?

«Білесіз бе, теориялық оқу курсынан кейін мамандығыңның нақты немен айналысатынын түсіну қиынға соғады. Ал өндірістік тәжірибеден өтуге келген кезде бірден ұғасың. Бір жұмыс қанша әдіс-амалдардың басын біріктіретінін түсінесің. Тіпті, «мүмкін өз рецептерім бойынша бөрек, тәтті тоқаш, күлшелер пісіріп, өз бетімше өндіріске енгізсем қалай болады?» деп ойлай бастайсың. Ақыр аяғында таңдаған мамандығыңның қаншалықты қызықты екенін білесің», – дейді Айсәуле Өмірхан.

Өндірістік тәжірибе алматылық студенттің өмірін осылайша өзгертті. Талапты жасқа сәттілік тілеп, колледждегі дуальді оқудан бастау алған кәсібінің нәсібін жеуді тілейміз!

Білім берудің бұл жүйесі елдегі колледждерге 2012 жылдан бері енгізіле бастады. Қазіргі кезде дуаль технологиясын елдегі білім беру мекемелерінің тең жартысы пайдаланып келеді. Әлемдік тәжірибе аталған әдістің өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Еуроодақ елдерінің экономикалық жетістігі көбінесе кәсіби мамандар дайындау жүйесінің тиімділігінде жатыр. Мысалы, Германияның еңбек нарығын көбінесе оқу барысында дуаль технологиясымен өз бағытындағы кәсіпорында білім алған түлектер толтырады. Бұл жүйенің арқасында кәсіпорындар білікті маман тартып, оларды қосымша оқытып-үйретуге шығындалмай, кадр тұрақсыздығын азайта алатыны көптеген зерттеулер барысында дәлелденді. Студенттер үшін де бұл тиімді. Оқу аяқталып, дипломдары қолдарына тигенде жұмыс та дайын.

Дуаль жүйесіне өту – елдегі кәсіби және техникалық білім беру саласын дамытатын жалғыз бағыт емес. Биылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» бағдарламасы іске қосылды. Осы жобаны қолға алуға мұрындық болған біздің министрліктің жоспары бойынша, алдағы 4 жыл ішінде республиканың 673 жас азаматы колледжде білім алып, мемлекет есебінен мамандыққа ие болады. Колледжде сіз Қазақстан еңбек нарығында сұранысқа ие болып тұрған 192 жұмысшы мамандығының біріне ие бола аласыз. Сондықтан да, жасыңыз 29-ға толмаса, өмірден әлі орныңызды таппасаңыз, сіз үшін керемет мүмкіндік туып тұр.

1
0
786

Еще по теме