«КАЗТАЛОВ ФУТЗАЛ» ЖАРАДЫ
Редакциямызға Орал қаласынан қуанышты хабар келіп түсті. Жәңгір Хан спорт кешенінде футзалдан тартысты жарыс өткен болатын. Екі айға созылған бәсекенің соңғы нүктесі күні кеше ғана қойылып, үздік командалар марапатқа ие болды. Ауданның намысын қорғаған «КАЗТАЛОВ ФУТЗАЛ» командасы ІІ орынды қанжығасына байлады. 15-ке жуық құрама бақ сынысқан бәсекеде күміс жүлдеге ие болу да оңай емес. Казталовтық спортты серік еткен азаматтарға «жарайсыздар» дейміз.
Айта кетерлік жайт, Қосөзендік аяқдопшыларға қаржылай қолдау көрсетіп, материалдық тұрғыда демеушілік еткен «Қуан Құрылыс» ЖШС болатын.
Құрама капитаны Нұркен Ахметовты сөзге тартып көрген едік.
- Спорттық шара жоғары деңгейде өтті. Қарсылас командалар да осал емес. Кіл мықтылар сайысқа түскен додада жүлделі орын алу оңай болмады. Ауданның намысы, еңбектің нәтижесі болсын деп барымызды салып бақтық. Командалас жолдастарыма, демеушімізге, тілекші болған халыққа айтар алғысыз шексіз, - деп сөзін аяқтады спортқа жаны құмар азамат.
Ауданымыздың осындай спортшылар көбейе берсін. Жетер жетістігіміз, бағындырар белесіміз мол болсын!


