Қазақстанға не үшін жаңа буын дата-орталықтары қажет? Жасанды интеллект дәуіріндегі инфрақұрылым мәселесі
Жасанды интеллектінің дамуы тек жаңа алгоритмдер мен бағдарламалық өнімдерге байланысты емес. Оның артында үлкен есептеу қуаты, тұрақты электр энергиясы, күрделі салқындату жүйелері және арнайы инфрақұрылым тұр. Қазақстанда осы бағытта жаңа жобалар қолға алынып жатыр. Соның бірі – Freedom Holding Corp. компаниясының құны 2 млрд доллар болатын Sovereign AI Hub жобасы.

Қазір жасанды интеллект күнделікті өмірдің, бизнестің және мемлекеттік қызметтердің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Мәтін жазу, сурет генерациялау, деректерді талдау, бейнежазбаларды өңдеу, дауысты тану сияқты процестердің барлығы үлкен есептеу ресурстарын қажет етеді. Пайдаланушылар саны артқан сайын бұл технологияларды іске қосатын инфрақұрылымға да түсетін салмақ көбейеді.
Алайда жасанды интеллектіні дамыту үшін жай ғана қуатты компьютерлер сатып алу жеткіліксіз. Мұндай жүйелерге арналған арнайы деректер орталықтарын жобалап, салу қажет. Себебі дәстүрлі дата-орталықтардың техникалық мүмкіндіктері жаңа буындағы графикалық процессорлардың талаптарына әрдайым сәйкес келе бермейді.
Бұл мәселе 29 қазанда Алматыда өткен Freedom SuperApp ұйымдастырған Freedom Talk кездесуінде талқыланды. «Freedom AI: Inside Infrastructure» тақырыбындағы кездесуде компания өкілдері Қазақстанда жасанды интеллект инфрақұрылымын қалыптастырудың техникалық ерекшеліктері мен алдағы жоспарлары туралы айтты.
Неліктен қолданыстағы дата-орталықтар жеткіліксіз?
Деректер орталығы (Data Center) – серверлер, желілік жабдықтар мен ақпаратты сақтауға және өңдеуге арналған жүйелер орналасқан арнайы ғимарат. Онда компаниялардың цифрлық сервистері, мобильді қосымшалары, банктік операциялары және басқа да онлайн қызметтері жұмыс істейді.
Бұрын мұндай орталықтарда бір серверлік шкафқа бірнеше сервер орналастыруға болатын. Алайда жасанды интеллект модельдерін оқыту мен күрделі есептеулер жүргізуге арналған GPU-серверлердің қуаты әлдеқайда жоғары. Олар көп электр энергиясын тұтынып қана қоймай, айтарлықтай жылу бөледі.
Freedom Holding Corp. технологиялар жөніндегі бас директоры әрі Freedom AI басшысы Ренат Тукановтың айтуынша, Қазақстандағы дәстүрлі дата-орталықтар көбіне бір серверлік сөреге 5–15 киловатт қуат есебімен жобаланған.
Ал NVIDIA B300 үлгісіндегі бір сервердің өзі ауамен салқындатылған жағдайда шамамен 15 киловатт энергия тұтынады. Яғни бұрын бір сөреге бірнеше сервер орналастыруға мүмкіндік болса, енді бір қуатты сервердің өзі сол сөренің барлық энергетикалық мүмкіндігін пайдалануы мүмкін.
Одан да қуатты жүйелердің қажеттілігі жоғары. Мәселен, сұйықтықпен салқындатылатын GB300 серверлік сөресінің қуат тұтынуы шамамен 130 киловаттқа жетеді. NVIDIA компаниясының келесі буындағы шешімдерінде бұл көрсеткіш 230 киловаттқа дейін өсуі мүмкін.
Сондықтан жаңа буындағы AI-серверлерді қолданыстағы ғимараттарға жай ғана орналастыру мүмкін емес. Оларға электрмен жабдықтау, салқындату, желдету және инженерлік қауіпсіздік жүйелері мүлде басқа деңгейде қажет.
Неліктен сұйықтықпен салқындату маңызды?
Жасанды интеллект жүйелерінің жұмысында графикалық процессорлар (GPU) негізгі рөл атқарады. Олар бір мезгілде көптеген математикалық операцияларды орындап, үлкен көлемдегі ақпаратты өңдейді. Осы жұмыс барысында жабдық қатты қызады.
Дәстүрлі дата-орталықтарда серверлерді салқындату үшін ауа ағыны пайдаланылады. Бірақ жоғары қуатты GPU-серверлерден бөлінетін жылуды тек ауамен әкету барған сайын қиындай түсуде.
Freedom Holding Corp. өкілдерінің түсіндіруінше, мұндай жағдайда тікелей сұйықтықпен салқындату технологиясы тиімді шешімдердің біріне айналады.
Бұл жүйеде арнайы жылу тасымалдағыш сұйықтық сервер компоненттерінен жылуды алып, оны салқындату жүйесіне жеткізеді. Содан кейін қайта айналымға түседі. Яғни жылуды әкету процесі жабық контур арқылы жүзеге асады.
Мұнда қолданылатын технологиялық сұйықтықты кәдімгі ауызсумен шатастырмау керек. Компания өкілдерінің айтуынша, мұндай жүйе ауызсуды салқындату үшін тікелей пайдаланбайды.
Сұйықтықпен салқындатудың тағы бір ерекшелігі – қымбат серверлердің жұмыс тұрақтылығын қамтамасыз ету. Бір AI-сервердің құны бірнеше жүз мың долларға жетуі мүмкін. Сондықтан мұндай жабдықты істен шыққан жағдайда ауыстыра салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз.
Құрылысқа тек қаржы мен жабдық жеткіліксіз
Жаңа буындағы дата-орталықтарды салу кезінде бірнеше мәселені қатар шешуге тура келеді.
Біріншіден, тұрақты әрі жеткілікті электр қуаты қажет. Екіншіден, серверлерден бөлінетін жылуды тиімді әкететін салқындату жүйесі болуы керек. Үшіншіден, жоғары жылдамдықтағы деректер алмасуын қамтамасыз ететін байланыс арналары қажет.
Бұған қоса, әлемдік нарықта серверлер мен олардың құрамдас бөлшектеріне сұраныс жоғары болғандықтан, жабдық жеткізу мерзімі де ұзарып отыр.
Freedom Talk барысында Ренат Туканов салқындату жабдықтарын жеткізу мерзімі бір жыл ішінде 4–6 айдан 12–15 айға дейін ұзарғанын айтты.
Тағы бір маңызды компонент – HBM деп аталатын жоғары өткізу қабілетіне ие жад түрі. Ол AI-жүйелерінде үлкен көлемдегі деректерге жылдам қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай жадты әлемде санаулы өндіруші ғана шығарады. Сондықтан өндірістік қуат пен жеткізу тізбегіндегі кез келген шектеу жаңа серверлердің іске қосылуына әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар кейбір жоғары технологиялық чиптерді халықаралық нарықтан сатып алу үшін экспорттық лицензия талап етіледі. Бұл да жабдықты жеткізу процесін күрделендіреді.
Тукановтың айтуынша, дата-орталықтың өзін салуға шамамен бір жыл қажет. Демек, мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін жер телімі, электр энергиясы, қаржы және инженерлік дайындық алдын ала жоспарлануы тиіс.
Қазақстанда қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?
Freedom Holding Corp. Қазақстанда жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға бағытталған Sovereign AI Hub жобасын қолға алған. Компанияның ресми мәліметінше, жобаның жалпы инвестициялық құны шамамен 2 млрд АҚШ долларын құрайды.
2025 жылғы қарашада Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен жасалған келісім аясында жүзеге асырылып жатқан жоба үшін 100 мегаватт қолжетімді қуаты бар инфрақұрылымдық алаң қарастырылған.
Жобаның негізгі мақсаты – жасанды интеллект модельдерін оқытуға, үлкен көлемдегі деректерді өңдеуге және бизнес пен мемлекеттік секторға арналған AI-қызметтерді дамытуға мүмкіндік беретін есептеу инфрақұрылымын қалыптастыру.
Сонымен бірге компания Алматы маңындағы Алатау қаласында Freedom Cloud деректер орталығын салып жатыр. 2025 жылы басталған жобаның жалпы инвестициялық көлемі 175 млрд теңге деп бағаланған.
Жоба 480 серверлік сөреге есептелген. Оның пайдалы IT-қуаты 7,2 мегаватт, ал жалпы электр тұтыну қуаты 13 мегаватт болады деп жоспарланған.
Бұл нысан дәстүрлі бұлтты сервистер мен корпоративтік ақпараттық жүйелерге қажетті инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Ал жасанды интеллектіге арналған Freedom AI Super Cluster жобасы бірнеше кезеңмен жүзеге асырылмақ. Freedom Talk барысында айтылған жаңартылған жоспарға сәйкес, NVIDIA B300 серверлеріне негізделген алғашқы кезеңнің қуаты шамамен 4 мегаватт болады. Оны 2027 жылдың екінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.
Компанияның жоспарында 2027 жылдың соңына дейін Астанада 25 мегаватт қуатты іске қосу, ал жалпы есептеу инфрақұрылымын шамамен 50 мегаваттқа дейін жеткізу көзделген.
Бұл қуаттарды кім пайдалана алады?
Суперкомпьютерлік инфрақұрылым тек бір компанияның ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін ғана құрылмайды. Оның мүмкіндіктері бизнеске, мемлекеттік ұйымдарға, әзірлеушілерге және ғылыми ортаға ұсынылуы мүмкін.
Мысалы, жасанды интеллект моделін әзірлеумен айналысатын стартапқа жеке суперкомпьютер сатып алу міндетті болмайды. Ол қажетті есептеу қуатын бұлтты платформа арқылы пайдалана алады.
Бұл модельде клиент серверді толық сатып алмайды немесе ұзақ мерзімге жалдамайды. Оның орнына белгілі бір есепті орындауға жұмсалған есептеу уақытына – GPU-сағатқа ақы төлейді.
Мәселен, компания өзіне қажетті AI-модельді оқыту немесе үлкен көлемдегі ақпаратты өңдеу үшін бірнеше сағаттық есептеу ресурсын пайдалана алады. Бұл әсіресе қымбат жабдық сатып алуға мүмкіндігі жоқ шағын және орта бизнес үшін маңызды.
Freedom Cloud директоры Темірлан Зиналабдиннің айтуынша, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар да технологиялық жабдықты сатып алудан гөрі, нақты мәселелерді шешетін дайын сервистерге көбірек қызығушылық танытады. Олардың қатарында бейнеаналитика, сөйлеуді тану және басқа да жасанды интеллект шешімдері бар.
Компанияның мәліметінше, Freedom Cloud қазірдің өзінде 3400-ден астам бизнес және мемлекеттік сектор клиентіне қызмет көрсетеді.
Деректердің ел ішінде сақталуы не үшін маңызды?
Жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытудың тағы бір маңызды бағыты – деректер қауіпсіздігі мен технологиялық егемендік.
Банктер, қаржы ұйымдары, мемлекеттік мекемелер және ірі компаниялар күн сайын үлкен көлемде құпия ақпарат өңдейді. Олардың қатарында жеке деректер, қаржылық мәліметтер, коммерциялық ақпарат және мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректері бар.
Мұндай ақпаратты өңдеу мен сақтау кезінде ұлттық заңнама талаптарын сақтау маңызды. Қазақстанда жеке деректерді қорғау және оларды сақтау мен өңдеуге қатысты заңнамалық талаптар бар.
Егер ел ішінде қуатты есептеу инфрақұрылымы қалыптасса, ұйымдар деректерді шетелдік сервистерге жібермей-ақ, жергілікті ресурстарды пайдалана алады. Бұл ақпаратты өңдеу процесін бақылауға, қауіпсіздік талаптарын сақтауға және сыртқы технологиялық платформаларға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Дегенмен технологиялық егемендік тек серверлердің Қазақстан аумағында орналасуымен шектелмейді. Ол деректерді сақтау, өңдеу, қорғау, бағдарламалық қамтамасыз ету және инфрақұрылымды басқару мүмкіндіктерін де қамтиды.
Қазақстанның цифрлық болашағына әсері қандай?
Жасанды интеллектіні дамыту үшін қажетті инфрақұрылымның қалыптасуы ел экономикасына бірнеше бағытта әсер етуі мүмкін.
Біріншіден, отандық стартаптар мен IT-компаниялар күрделі технологиялық өнімдерді әзірлеуге қолжетімді есептеу ресурстарына ие болады. Екіншіден, бизнес деректерді өңдеу мен автоматтандыру процестерін жылдамдата алады. Үшіншіден, ғылыми ұйымдар үлкен деректермен жұмыс істеп, жаңа зерттеулер жүргізуге мүмкіндік алады.
Сонымен қатар дата-орталықтардың дамуы инженерия, энергетика, телекоммуникация, киберқауіпсіздік және бағдарламалық қамтамасыз ету салаларында жаңа мамандарға сұраныс қалыптастыруы ықтимал.
Алайда бұл бағытта шешілуі тиіс мәселелер де аз емес. Олардың қатарында электр энергиясының қолжетімділігі, инфрақұрылымның ұзақ мерзімді тұрақтылығы, жоғары технологиялық жабдықтарды жеткізу және білікті мамандар даярлау бар.
Сондықтан жасанды интеллект дәуіріндегі бәсеке тек кімнің үздік алгоритм жасағанымен өлшенбейді. Кімде оны іске қосатын қуат, сенімді инфрақұрылым және қажетті технологиялық орта бар – болашақта сол елдің мүмкіндігі де кеңейе түседі.
Қазақстан үшін де бүгінгі міндет – жасанды интеллектіні пайдаланумен шектелмей, оны дамытуға қажетті технологиялық негізді қалыптастыру.