Перейти к содержимому

«Қазақ тілі» құрылтайынан соң..

Кешегі күні, яғни, 2026 жылғы 10 қарашада өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайына қатысты кейбір жайттарды Алмагүл Исина ханым жазды. Мен тек өз тарапымнан толықтыра кетсем деймін. "Тіл - ұлттың жаны" деген тұжырымнан әрі асып, мемлекеттік тіл тұжырымдамасы басты болуы тиіс деп санаймын.

Жалпы, осыған дейінгі Қазақ тілі қоғамының бұрынғы құрылтайлары мен соңғы құрылтай арасында айырмашылық бар әрине, дегенмен, тіл біздің қоғамды топтастырудың бір құралы екені мәлім, осы ретте Григорий Петровтың "Ақ лала гүлдер" әңгімесін оқыған соң Қазақстандағы мемлекеттік тіл жайын Финляндиядағы тіл мәселесімен салыстыра қарастырып көрсем деймін.

Бірінші, біз Абылай заманынан қос алып империя құрсауында қалсақ, финдер бір емес, екі езгіде болды, әуелі Швеция корольдігі құрамында болса, кейін Ресей империясы астына түсті. Тіл мәселесі де қос тараптан қысым көрді десек болар. Сонымен, Финляндия аумағында швед тілі басым болып, фин тілі екінші сортты болды. Кешегі күнгі өз жеріміздегі біздің тіл жағдайымызды еске түсірмейді ме? Ал, финдердің рухани өмірі, яғни, тіл, мәдениет саласының бастауында тұрған швед тілді финдер екен, өте қызықты құбылыс.

Және, бастысы мемлекеттік, яғни фин тілінің жандануы төменнен жүрді, зиялылары үгіттеді, халқы қолдады.

Әдетте, біз фин мектебі және оның сапасы туралы айтамыз, ал, ана тілінде білім алу аса маңызды екен. Ал, Қазақстан жайына келейік, әрине, біз қазақ, орыс және кейбір ұлттық азшылықтардың (ұйғыр, өзбек) мектептері туралы мақтанамыз. Қазақ балаларының 70-75 пайызы қазақ тілінде білім алатынын білеміз, сан жылдан жылға өсуде, ол жөн, дегенмен, мысалы, Астанадағы орыс мектептеріне барыңызшы, әр сыныпта отырған балалардың 90 проценті қазақ балалары. Бұл әрине нонсенс, менің түсінігімде Қазақстанда мектептер мен бала бақшалар мемлекеттік тілде ғана болуы керек, басқа тілде оқытасыз ба ақылы негізде жүруі тиіс. Әрине, қиял-ғажайып ертегі сияқты көрінуі мүмкін, бірақ, жаңағы орыс тілді мектептер мен бала бақшалардағы балалардың ата-анасы кінәлі ме әлде мемлекет кінәлі ме? Мемлекет тек жағдай жасайды, ал, қалғаны әр ата-ананы ойландыруы тиіс. Осыдан 10-15 жылдан соң демографиялық һәм тілдік жағдай түбірімен өзгергенде ол балалардың болашағы қандай болмақ? Айтқандай, Финляндияда университеттерде білім алу тегін екен. Финляндия мысалын салыстырып жатырмыз ғой, тіпті фин тіліндегі алғашқы лицей 1858 жылы ашылған еді, ал, Жәңгір мектебі 1841 жылы ашылған болатын. Тағы бір қызығы, бізде "Кітап оқитын ұлт" жобасы болса, финдер Әдемдегі ең көп газет оқитын үштік жұрт қатарына кіреді.

Менің тағы назарымды аударған олардың мемлептерінде өз және шетел тілдерін оқытуы. Бір қызығы Финляндияда қос мемлекеттік тіл бар, бірі фин тілі, халқының 86 пайызы сөйлейді, екіншісі - швед тілі, сөйлеушілер саны 5 пайыз ғана, айтқандай 2000 адам саам тілінде сөйлейді екен, оның ерекше мәртебесі бар. Тағы бір қызықты дерек, Финляндияға татар ағайындар да әуел бастан бауыр басқан. Осы ретте олардың фин-угор халқы екенін айта кеткеніміз жөн, жақын туыстары эстондар мен карельдер, түбі Еділ бойыннан кеткен деген дерек бар. Ал, тағы бір фин-угор халқы - венгрлер түркі халықтарына бауыр тартып тұрады.

Енді, мектептердегі тілді оқытуға байланысты мына дерек қызық көрінді, үшінші сыныпқа дейін бала тек фин тілінде оқиды, өзге тілді үшінші сыныптан бастап оқиды, ал жетінші сыныптан бастап екінші мемлекеттік тілдері - швед тілін оқи бастайды. Айтқандай, финдер жоғары білім деңгейі бойынша Әлемдегі үштікке кіреді.

Қалай десек те Қазақстандағы мемлекеттік тілдің өз орнын алуы лайықты жүріп жатыр, көшеде, қоғамдық орындарда, күнделікті қарым-қатынас тілі - қазақ тілі. Бірақ, мемлекеттік органдар әлі баяғы сүрлеумен келе жатқаны өтірік емес, құжаттар өзге тілде дайындалып, қазақ тіліне аударылады. Оны айтасыз, күйсандық (пианино), қылтима (балкон), себезгі (душ), үнқағаз (газета) сөздері тілімізде пайдаланылмайды, бұлар бұрын тек ұсыныс болатын, ал, оны үлкен кісінің аузына салған кеңесшілерінің қай сасқаны?

Жалпы, фин тәжірибесі нені көрсетті? Көп жайт өзімізге байланысты екен, телефоныңа қазақша әріп қойып ал, балаңды қазақ бала бақшасы мен мектебіне бер, университетте қазақ тобын таңда, қазақша жаз және қазақша сөйле, сөйтіп ұсыныс болған жерде сұраныс та болады. Ал, қазір Әлемде 22 млн адам қазақ компьютерін пайдалады екен, барлық жасанды интеллект құралдары қазақшаға өткен, оны айтасыз Лондонда қазақ театры ашылып, Америкада қазақ мектебі бар, яғни, өз басым мемлекеттік тілдің болашағы бұдан да жарқын болатынына кәміл сенемін! Айтқандай Финляндия мысалы, тек жақсы жақтарын алу үшін ұсыныс қана, әйтпесе кейбір шенеуіктер мысалға Африканы келтіргіш қой.

Негізі, ойымды аяқ астынан асығыс жаздым.

#Қазақ тілі #Финляндия #Amandyq Amirkhamzin

0
0
522

Еще по теме