Перейти к содержимому
Обложка сообщества Путешествия

Қарақалпақстанға саяхат

Жалпы, менің жоспарларымның бірі - түркі елдерінің бәріне саяхат жасап, олардың өмір-салтымен, тұрмысымен, асханасымен, тілі мен тарихымен танысу. Осы уақытқа дейін Түркияда екі рет, Әзербайжанда екі рет, Солтүстік Кипрде, Қырғызстанда, Өзбекстанда болдым. Өзбекстанға екінші сапарымды Ташкенттен соң елдің батыс бөлігіне (Қарақалпақстан, Хиуа, Үргеніш) арнау себебім де сол еді. Яғни, Қарақалпақстанды әрине 1-2 күнде тану мүмкін емес, дегенмен, кітаптан оқыған бір бөлек те көзбен көрген тіпті басқа ғой.

Әуелі қарақалпақтар туралы.

Өзбекстандағы қарақалпақтардың саны 2021 жылғы дерек бойынша 752,7 мың, яғни, саны бойынша Өзбекстан халқының төртінші ірі жұрты, мысалы, сол 2021 жылғы статистикалық деректер бойынша Өзбекстанда өзбектердің саны — 29,2 миллиона адам, тәжіктердің саны — 1,7 миллион адам, қазақтардың саны — 821,2 мың адам болған. Одан бері Өзбекстан халқының өскені белгілі. Бұл жерде түсінбестік болмас үшін мен ресми деректерге жүгініп отырмын. Қарақалпақтар Өзбекстанның Қарақалпақ Республикасында, білуімше сондай-ақ, Хиуа оазисінде, Ферғана аңғарында және Ташкентте де тұрады.

Қарақалпақтақ ағайындар Қарақалпақстаннан тыс мынадай елдерде бар: 2010 жылғы дерек бойынша Түркіменстанда - 4 800 қарақалпақ, Ресейде 2020 жылғы дерек бойынша 14 660 қарақалпақ, Тәжікстанда 2018 жылғы дерек бойынша - 1 100 қарақалпақ, Қазақстанда 2021 жылғы дерек бойынша 20 007 қарақалпақ тұрады. Және, бір деректе Ауғанстанда 2000 қарақалпақ тұрады деп оқып қалып едім. Сонда, қарақалпақтардың саны кем дегенде 800 000 адам саны болып тұр ғой? Бір қызығы, менің туған өлкем - Қостанай облысының Рудный шаһарында 2023 жылғы деректерге сай қарақалпақ диаспорасының 200 адамы тұрады екен. Өзбекстанның Қазақстанмен шектес облыстарында тұратын қазақтармен бірге өмір сүретін қарақалпақ ағайындар болар деп шамалаймын. Өйткені, Рудный өндірісті шаһар. Бұл қалада Өзбекстаннан келіп қоныстанған қандастарымыз баршылық.

Сонымен, басында бірнеше түркі елінде болдым деп айттым, бірақ, Қарақалпақстанда өзіңді өте еркін сезінеді екенсің, яғни, тілдік орта бар, дұрысы әрине қарақалпақ тілі ғой, бірақ, қазақ тіліне өте жақын. Өз басым, Сібір татар тілі және ноғай тілінен де жақын ба деп ойладым? Айтқандай, біраз ағайын Қазақстанға көшкенімен Қарақалпақстанда әлі де 300 000 тақау, дәлірек айтсақ Өзбекстандағы 2021 жылғы деректеге сәйкес 297 083 қазақ тұрады екен.

Сонымен, қарақалпақ тарихымен ағайындар таныс деп ойлаймын. Мүмкін олар кезіндегі черные клобуки деп аталатын Киев Русінің ішкі істеріне араласып отырған түркі халықтарының бірінің тайпаларынан шыққан болар. Одан кейінгі тарихында Ноғайлы дәуірінде қатар жүрміз. Кейінгі тағдыры қазақтармен, Хиуа хандығымен байланысты. Жаңағы қарақалпақ атауы өзге түркі халықтарындағы қара папақылы, қара бөріклі атауларымен үндес болар.

Мен үшін қызық тудырғаны олардың рулық-тайпалық құрылымы, мысалы, қазақ халқы құрамындағы қыпшақ, ашамайлы, қоңырат, найман, қарамойын, балғалы, қостаңбалы, терістамғалы ру-тайпалары олардың да құрамында бар.

Киіз үйлерін барып көрдім, әрине, қазақ киіз үйіне ұқсас, бірақ, оның өткенде осында салған видеосынан кейбір айырмашылықтарды көруге болады. Қарақалпақ асханасы ет, сүт, көкөніс тағамдарын жиі пайдаланады, қарақалпақ жұртының Әмудария өзені бойында тұруына байланысты қарақалпақ дастарханынан балықты да жиі көруге болады. Сосын, асқабақ та жиі қолданылады екен. Маған қарақалпақ асханасы ұнады, жүгері гүртік керемет екен, сорпасын айтсаңызшы!

Енді, менің мақсатым туризм болғандықтан Қарақалпақстанда не көруге болады?

Бірінші, Арал теңізі, оның жағасындағы Мойнақ қаласына Нөкістан ұшақ ұшады не 200 шақырым қашықтыққа көлікпен жетуге болады. Ол жердің де (табиғатының) өз ерекшеліктері бар деседі, бірақ, уақытым тығыз болып ол тарапқа бармадым. Негізінен, шетелдіктер үшін Арал бағытына турлар ұйымдастырылады екен. Қарақалпақстанда туризм кәдімгідей дамып қалған және орталық билік оған мән беріп отырғанға ұқсайды. Айтқандай, Қарақалпақстанның туристік нысандары туралы білгіңіз келсе, мына сайттан көп нәрсе білуге болады: https://karakalpakstan.travel/?setlang=ru

Жалпы, өзбек ағайындар әр өңір үшін туристік сайттар жасап қойған, инфлюенсерлерді шақыру әдетке айналған. Бұл дұрыс қадам.

Екінші, Нөкіс қаласының өзі, онда "Шығыс Лувры" аталған Савицкий атындағы мемлекеттік өнер музейі бар. Біздің Семейдегі Ағайынды Невзоровтар музейіне ұқсас. Одан өзге, қалада Қарақалпақстанның Өлкетану музейі, Бердақ атындағы Мемлекеттік қарақалпақ әдебиеті тарихы музейі бар. Қонақ үйде тағы бір музейді айтып еді, бірақ, бара алмадым.

Негізі, жергілікті театрдың қойылымын көремін деп ойлағанмын, афишасын көре алмадым.

Айтқандай, Нөкіс шаһарының футбол стадионы Тұран, ал, командасының аты Арал екен. Қызық көрінді.

Шаһар маңында осыған дейін жазған Миздакхан бар, дұрысы қаладан 10 шақырым қашықтықтағы Ходжейлі қаласы іргесінде. Ходжейлінің өзі Қарақалпақстанның екінші ірі қаласы, халқы 110 000 адам, Нөкісте 340 000 адам тұрады.

Одан соң, Шылпықты көруге болар, қаладан 45 шақырым жерде. Жалпы, Қарақалпақстанда Гәуір қала, Жампық қала, Қызыл қала, Топырақ қала, Ақшахан қала, Аяз қала, Қырық қыз қала, Қорғасын қала, Базар қала, Піл қала сияқты қала жұрттары көп. Әрине, бәрін қамту мүмкін емес, дегенмен, Қарақалпақстанға жасаған саяхатымнан жақсы әсер алдым.

Айтқандай, қалай жету керек десеңіз, біздің Ақтаудан (Маңғыстау) Нөкіске дейін поезд жүреді екен, батыс қазақтарына ыңғайлы болар, Нөкіс көшелерінде қазақ көліктерін көп байқадым.

Келесі жолы -Алматыдан Нөкіске ұшақпен жету, ыңғайлы деп ойлаймын, ал, Сарыарқада тұратын мен әуелі Ташкентке жетіп, одан Нөкіске ұшақпен ұшып бардым. Ташкенттен бір сағат жиырма минутта жетуге болады. Ташкенттен поезд да бар, бірақ, оның жүрісі баяу, бір, бір жарым тәулік тым ұзақ қой.

Әрине, бір пост аясында бәрін қамту мүмкін емес, бастысы қажетті ақпарат бердім деп ойлаймын!

Ұмытып барады екенмін, Нөкістан әрі Үргеніш бағытына жүруге болады, таксимен жетіп (поезды бес сағат екен!), онда бір ас ішіп алған соң Хиуа қайда деп жол тартасыз. Ал, Хиуа тарихы қазақ тарихымен бетенеден байланысты. Ол жөнінде жеке жазармын!

0
0
726

Еще по теме