Қаныкей қыз

Әдетте Қорғалжын дегенде есімізге ең алдымен қоқиқаздар түседі. Ал, Астанадан 140 шақырым қашықтықтағы Қорғалжын қорығының негізі 1968 жылы қаланған болатын. Қорғалжын қорығы ЮНЕСКО Әлемдік Табиғи Мұра тізіміне енгізілген. Қорғалжын - Қазақстандағы жарты миллионнан астам гектарды алып жатқан қорық аймағы. Мұнда үш жүз елуден астам жабайы жануарлар мен құстар өмір сүреді.
Қорық аумағынан талай жабайы аң-құстарды кездестіресіз, ал, жалпы көп естігеннен бір көрген артық деп санаймын. Алғашқы ақпаратты қорық музейінен алуға болады. Содан соң қорық аумағын аралауға уақыт табыңыз, дұрысы бір күніңізді арнаңыз.
Енді, Қорғалжын жерінен шыққан тұлғаларға, оның ішінде әйел затына қатысты айтсақ бірден Мариям Жагорқызы еске түсер, ал, жалпы, дала жұртында небір батыр қыздар өткен ғой, әрісі кезіндегі Томиристен (Тұмарқыздан) бастап берісі Бопай ханымды айтсам да жеткілікті. Бопай демекші, Бопайды айтсақ Кенесары еске түседі. Кенесары Ұлытауға өтер кезде Қорғалжын жеріне де тоқтапты. Оның белгісіндей болып Сұлтанкелді көлі тұрғанын жоғарыда айттым. Бір қызығы көл жағасында Дінмұхамед Қонаевтың тоқтайтын үйі - демалыс үйі тұрса, сол Сұлтанкелдіге Кенесарының жеткенін білдіретіндей жазба тақта да бар.
Қалай десек те Қорғалжын табиғатымен, аң-құсымен ғана емес, терең тарихымен ерекшеленетін өлке.
Дегенмен, менің ерекше назарымды аударған - ол Қаныкей қыз туралы дерек болды.
Сарыарқадағы XVII-XVIII ғасырлардағы қазақ-жоңғар соғыстары уақытында Қаныкей көзге түскен екен. Ел аузындағы аңыз бойынша (аңыз түбі ақиқат деп қабылдаймын) 15 жасар Қаныкейдің құралайды көзге атқан қырық нөкері болыпты. Бұлардың мақсаты, қазіргі тілмен айтсақ, арнайы жасақ ретінде, жау қолбасшыларын көзін жою екен.
Жауларына маза бермеген соң олар қырық қыздан тұратын мергендер тобын құртуды ойлайды. Іріктелген жүз жігіттен тұратын жау қосыны майданның ең бір қызған уақытында негізгі қазақ қолын сырттан айналып өтіп, сұр мерген қыздарға тұтқиылдан шабуыл жасайды. Тосыннан шабуылға 40 қыз қосыны қарсылық көрсетіп, оңайшылықпен алдырмайды. Алайда, «аңдыған жау алмай қоймас» дегендей соғыс майданында Қаныкей ару жануары жау найзасынан ауыр жараланып, иесін жаяу қалдырады. Қайсарлық танытқанымен Қаныкей жау қолынан қаза табады. Жау жасағының қолынан қаза тапқан Қаныкей үшін Алаш жұрты жаудың бәрін қырып, Қаныкейдің кегін қайтарады. Батыр қыз арулап жерленіп, Қорғалжын жерінде мәңгі тыныстап жатыр.