КӨПТІҢ КӨМЕГІ
Жақында Нұра ауылында тұратын көпбалалы отбасын тілсіз жау баспанасыз қалдырған еді. Құдай сақтап, адам шығыны болған жоқ. Балалар дін аман. Десе де, қыстың ішінде үйсіз-күйсіз қалу оңай емес. Осынау бір отбасының басына түскен қиындықты бүкіл ауыл-аудан болып бірлесе көтеріп, тез арада көмек қолы жиылды. Тұрғындар мен Алматы қаласының кәсіпкер азаматы жеті балалы Абдрахмановтарға жаңа үй алып беріпті. «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» және «Бақытты отбасы» жобасы аясында қолдан келген көмекті көрсетіп жатыр. Облыстық мәслихат депутаты Ерік Абитов, Еңбекшіқазақ ауданының депутаттары: Эрлан Байшеков, Аркен Сайдуллаев, Бауыржан Жантасов, Саят Мухаметжан, Айдар Алсеитов мектепте оқитын бес баласына бес Samsung телефонын және ноутбук, ал кішкентайларына ойыншықтар сыйлап қуантса, облыстық мәслихат депутаты Қ.Султанғазиев қаржылай 200 мың теңге көмек көрсетті.
