Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

«КӨПШІЛІКТІҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҒАТЫН КӨШБАСШЫ БОЛҒАНЫ ЕЛ ҮШІН ҰТЫМДЫ»

Исатай ҚҰРМАШЕВ, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының І орынбасары:

📷«Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимылы кезеңі» атты былтырғы Жолдауында Президентіміз ауылдық округ әкімдерін тұрғылықты халық сайлауы қажеттілігін айтқан болатын. Содан бері осы сайлауды рәсімдеу, заңдастыру амалдары қолға алынып, әкімдер сайлауға ұсынылып, қазіргі таңда үгіт-насихат жұмыстары басталып кетті. Еске сала келелік, бұрын ауыл әкімдерін мәслихат депутаттары сайлаған еді. Жұртшылық үшін жаңалық болған бұл сайлау туралы мәліметті «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Исатай Құрмашевтан білген едік. Ендеше сіз де біле отырыңыз.

–Жергілікті халықтың өз көшбасшысын өздері таңдауы дұрыс деп ойламын. Сондықтан ауыл әкімдерін сайлауды орынды шешім деп білемін. Ауылдық округ әкімін сайлау туралы талаптарына сай біздің партия өзіндік іс-қимылдарын бастады. Нақтырақ айтсақ, Т.Масин ауылдық округінде әкімнің басқару мерзімі аяқталып, Саралжын ауылдық округінде әкімнің лауазымына вакансия болғандықтан, осы екі округтің әкімдеріне сайлау жұмысы басталып кетті. Партия тарапынан сайлауға қатысты екі бюро отырысы өтіп, депутаттар қолдауымен Т.Масин округі әкіміне кандидат боп осы кезге дейін әкім болған Меңдібай Қитанов, Саралжын округі әкіміне кандидат аталмыш округті уақытша басқарып отырған Нарынбек Керешке ұсынылды. Айталық, санитарлық жағдайға байланысты онлайн форматта өткен бюро отырысында осы екі азамат көпшіліктен қолдау тапты.

–Сайлау үгіт-насихатсыз болмайтыны белгілі. Кандидаттар қандай шараларды қолға алуда?

–Оныңыз рас. Үгітсіз сайлау болмайды. Партиямыздан ұсынылған кандидаттар желілік кесте құрып, сол негізінде күніне кемінде төрт шарадан өткізуі тиіс. Оның ішіне канвассинг, «есіктін есікке» шарасы, әлеуметтік желілердегі жүздесу, ауыл тұрғындарымен тілдесу, қажет болса науқандық жұмыстарда жүрген сайлаушыларға барып кездесу – бәрі-бәрі кіреді. Әрине, мұны атқару бір ғана кандидаттың шамасы келмесі анық. Сондықтан кандидатымыз жеңіске жетуі үшін әрқайсысының үш сенімді өкілі бекітілді. Бүгінгі таңда олар өз жұмыстарын жүргізіп жатыр. Саралжын да, Т.Масин да шағын ауылдық округ. Саралжын округінде 615 сайлаушы болса, Т.Масинде – 685 сайлаушы бар. Сондықтан үгіт-насихатқа берілген тоғыз күнде жоспарлы шараларымыз уақытылы жүзеге асады деген пікірдемін. Айта кетілік, партиямыздан қолдау тапқан кандидаттар мен олардың сенімді өкілдері онлайн форматта саяси менеджмент курсынан өтті. Онда олар өздерінің міндеттерімен, сайлау туралы заңындағы өзгерістермен, оның талаптарымен жіті танысты.

–Бақылаушылар да белгіленген шығар?

–Сайлау деген жан-жақты әзірлікті талап ететін саяси шара. Сондықтан партиямыздан бақылаушылар белгіленіп қана қоймай, олар да саяси менеджмент курсынан өтті. Аталмыш сайлаулар төрт сайлау учаскесін қамтиды. Әрқайсысына екі бақылаушы болады деп жоспарланды. Демек, партиямыздан сегіз бақылаушы өз міндеттерін атқаруға сақадай сай тұр.

–Бұл сайлаудың өзгешелігі неде?

–Бірден-бір өзгешелігі бұл сайлауға әркім өзін-өзі ұсына алады. Нақты осы сайлауда кандидаттар көп болмағанымен, өзін-өзі ұсынушылар бар. Жоламан Сисенғалиев пен Айнұр Мұратова да біздің партия мүшелері. Алайда бұл азаматтар өздерін өздері ұсынып отыр. Тағы бір өзгешелік деп бір кандидаттың бір жерде екі мерзімнен артық қызмет ете алмайды деген талабын айтар едім. Мәселен, осы жолы Саралжын ауылдық округіне сайланған кандидат онда екі мерзім, яғни, сегіз жылдан артық әкім бола алмайды. Төрт жылдан екі мерзім әкім болған азамат басқа ауылдық округке сайлауға түсуге мүмкіндігі бар. Келесі сұрағыңыздың алдын алып жауап бере кетейін. Бұл жаңадан енгізіліп жатқан талап болғандықтан заңдылық тұрғысынан жиырма жылдай Т.Масин округін басқарған Меңдібай Қитановтың сайлауға түсуіне еш кедергі жоқ.

–Әлжелідегі алуан бағыттағы пікірлерге қатысты не айтасыз?

–Қоғам болған соң түрлі ой, өзіндік пікір болуы заңдылық. Сондықтан осы ақпараттық лектен әр азамат өзіне қажетін алып, дұрыс шешімге келеді деп ойлаймын. Бұл төте сайлау жалғасын таба береді, қазіргі кезде екі ауылдық округ әкімдерін осы тәртіппен сайласақ, 2024 жылы аудан әкімін де осы бағытпен сайланады. Жалпы көпшіліктің көңілінен шығатын көшбасшы болғаны ел үшін де ұтымды деп ойлаймын.

Сұхбатты құрған Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ

"Орда жұлдызы" газеті

#орда_ақпарат

#сайлау_2021

0
0
176

Еще по теме

«КӨПШІЛІКТІҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҒАТЫН КӨШБАСШЫ БОЛҒАНЫ ЕЛ ҮШІН ҰТЫМДЫ» - Yvision.kz