Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

КҮН ТӘРТІБІНДЕГІ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ПАРТИЯ БАҚЫЛАУЫНДА

Бүгін «Nur Otan» партиясы Отырар аудандық филиалы жанындағы «Партиялық бақылау» комиссиясы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелерімен өткен кездесуде көктемгі су тасқыны кезінде облыстық маңызы бар жолдарда орын алатын өзекті мәселелердің алдын алу шаралары қызу талқыланды.

Жиынға төрағалық жасаған аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Абай Құрман былтыр барлық жауапты қызметкерлер мен шаруа қожалықтарының, жалпы халықтың бірігіп жұмыстануының нәтижесінде аймақта қауіпті кезеңнің қалыпты өткенін жеткізіп, биыл да апатты жағдайдан аман өту үшін барынша тыңғылықты дайындалу қажеттігін айтты.

Аудан шекарасында жатқан Арыс және Сырдария өзендері жергілікті шаруалардың егініне қолайлы жағдай туғызғанымен, кейде бұдан да зиян шегіп жататын кездеріміз болады. Себебі қыс мезгіліндегі қардың көп түсуі және мұз қату қалыңдығының артуы су арналарының тасуына әкеліп жатады. Бұл жағдай Сырдария және Арыс өзендерін қиып өтетін облыстық маңыздағы КХ-10 «Шәуілдір-Көксарай-Байырқұм» автокөлік жолына тікелей байланысты екені айтпаса да түсінікті. Облыс орталығына баратын күре жолды су шаю ықтималдығы бар екендігін аудан халқы өткен жылдардағы су тасқыны кезінде басынан өткерген-ді. Сондықтан да бұл қиындықтардың алдын алу күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі болып отыр.

Жиында сөз алған аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Дәулет Омарбектің айтуынша аудан аумағындағы облыстық маңыздағы КХ-10 «Шәуілдір-Көксарай-Байырқұм» автокөлік жолының 0-25 шақырымдары аралығында орналасқан су өткелдерін және автокөлік жолына орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сметалық құжаттары дайындалған. Тапсырысшы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Орта жөндеу жұмыстарының құны 932,906 млн.теңгені құраған.

Сонымен қатар күзгі-көктемгі су тасқының алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндаған аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мейрамхан Кемелханов тасқын суларды апатсыз және қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ету іс-шараларының жоспарымен таныстырды.

Маңызды мәселелер сөз болған жиында комиссия мүшелері Артықбай Мырзатай, Асан Аралбай, Бауыржан Алмахандар су тасуы ықтимал жағдайлар бойынша ай сайын комиссия отырысын өткізіп, ұсыныстар әзірлеу жөнінде өздерінің пікірлерін айтып, күн тәртібіндегі мәселеге байланысты сауалдарын қойды.

Жиын қорытындысы бойынша күзгі-көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында облыстық маңыздағы КХ-10 «Шәуілдір-Көксарай-Байырқұм» автокөлік жолы бойына су өткізгіш өткелдер қою, орта жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру жұмыстары жауапты мекеме басшылығына жүктелді.

0
0
218

Еще по теме

КҮН ТӘРТІБІНДЕГІ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ПАРТИЯ БАҚЫЛАУЫНДА - Yvision.kz