Перейти к содержимому
Обложка сообщества Путешествия

Хиуаға саяхат

Өзбекстанның батысына саяхат барысында жол түскен келесі нүктеміз - ол Хиуа. Иә, исі қазаққа әуелден таныс шаһар. Біз де көптен армандап, ақыры Хиуаға ат басын тіреген едік. Хиуаға Қазақстанның қос тарапынан баруға болады. Бірінші, әрине еліміздің батыс бөлігінен жету, Маңғыстаудан Нөкіске поезд жүреді. Бірақ, бір жарым тәулік тым ұзақ деп санаймын. Бір уақытта Ақтау мен Ақтөбеден Нөкіске тіке әуе байланысы жоспарланған еді, соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Яғни, Нөкістен ары 170 шақырым қашықтықтағы Үргенішке жетесіз. Ал, Хиуа Үргенішке тиіп тұр. Қызық көріп, қос қаланы жалғайтын троллейбуспен жеткен едік.

Екінші, Ташкент тарабы арқылы жету. Ташкенттен Үргенішке Өзбекстанның ішкі рейстері ұшады. Бір сағат жиырма минутта топ ете қаласыз да, таксиге отырып, Хиуаға жетесіз. Біз Нөкіс арқылы жеттік, кері Үргеніш арқылы Ташкентке өттік.

Сонымен, Хиуаға кешкі уақытта жеттік. Оның өзінде троллейбустан түсіп, одан әрі тағы төрт аялдама автобупен бардық. Әрбірінің құны 4 000 сумнан, біздің ақшамен 153 теңге.

Қонақ үйіміз вокзал ауданында, дұрысы оған қарама-қарсы жерде, ал бергі беті Ишан қала ауданы. Қонақ үйге орналасып алған соң, жергілікті дәмханадан кешкі ас ішіп, түнгі шаһарды аздап аралап, ұзақ жолдан шаршап келгініміз бар, қонақ үйге қайтып келдік. Айтқандай, мейманхана маңында жаңадан ашылған супермаркет бар екен. Екі елдің бағаларын салыстырдық және сауда жасадық. Супермаркет ұнады, бағасы да қонымды. Қонақ үй бағасына таңғы ас кіретін еді.

Сөйтіп, таңертең 9.30 бірақ тұрыппыз. Ұлыма: "кеттік, таңғы астан қалатын болдық" деп жуынып-шайынып алып, ас ішуге келдік. Келсек бір кәріс саяхатшы қызы (мүмкін әйел шығар, кәріс қыз-келіншектерінің беттері жып-жылмағай, жасы неше екенін айырып білмейсің?!) отыр екен. Орталық Азияның барлық жерлерін аралап тастапты. Саяхатшылар тез тіл табысады ғой, өзінің лайфхактарымен бөлісті. Қазақстанды мақтады. Мен де бар білгенімді айттым, ақпаратпен бөлістім.

Сөйтіп, нөмірге қайтып келген соң заттарымызды төменде тастап, шаһарды, Ишан қаланы аралауға келдік.

Енді, Ишан қала туралы. Бұл дуалмен қоршалған арнайы бекініс. Әрине, Самарқандпен және Бұқарамен салыстырдым. Әр қаланың өз ерекшелігі болады ғой. Бірақ, 2500 жылдық тарихы бар Хиуа расында туристерге ұялмай көрсететін мекен екен. Оның үстіне ЮНЕСКО тізіміне енгізілген.

Хиуаның арғы-бергі тарихына тоқталмай-ақ қояйын, дегенмен, 1512-1920 жылдар аралығындағы Хиуа хандығы бізге көбірек таныс. Заманында Хиуа хандығы билігінде қазақ хандары да отырған. Ол заманда хан шақыру дәстүрі болған деп ойлаймын. Қазақ тарихында Бекет Ата мен Сырым батырдың тағдыры да Хиуамен байланысты. Біріншісі, осында білім алса, екіншісі, мәңгілік мекенін тапқан. Шерғазы медресесінде Бекет Ата оқыған, оған арнайы бір бұрыш бөлініпті, жанында түркіменнің Мақтұмқұлысы мен қарақалпақтың Әжіниязына да бөлінген бұрыш бар екен. Жарасымды көрінді.

Енді, мұнда қандай нысандар көреміз?

Айтқандай, Ишан қалаға кіру бағасы (шетелдік) ересектер үшін - 200 000 сум, шетелдік бала үшін - 100 000 сум. 24 сағат бойы 15 нысанға кіруге мүмкіндік береді. Гидті 250-500 мың көлемінде табуға болар. Алуға кеңес беремін.

Жалпы, Бакуда өткен Ислам Ынтымақастық ұйымының 11 сессиясында Хиуа Ислам әлемінің 2024 жылғы туристік қаласы деп жанияланған болатын.

Бірінші, 5-6 ғасырлардағы ескерткіштерімен таң қалдыратын Ишан қала атты ішкі шаһар, оның ішінде, халық әлі өмір сүріп жатыр. Шынайы, Бакудің Ичери Шехеріне ұқсап кетеді.

Жаңағы айтқан Шерғазы медресесі, 1719-1726 жылдары салынған.

Екінші, ашық асап астындағы қаланың музейі, тіпті арасында амфитеатр пошымында да жасалыпты, бастысы бағзы заман дәуірі, оның археологиялық кезеңі көрсетілген.

Үшінші, Кальта-Минар, яғни Келте Мұнара, заманында Хиуа ханы Мұхаммед Әмин-ханның ислам Әлеміндегі ең биік мұнара тұрғызамын деген жоспары болған екен. Жоспар бойынша 70-80 метр биіктікке көтерілуі тиіс екен, бірақ, бары 29 метр. Дегенмен, өте әдем көрінеді.

Төртінші, оның жанындағы Мұхаммед Әмин-ханның медресесі, 1855 жылы салыныпты.

Бесінші, Көне Арк, бұл Хиуа хандарының резиденцияларының бірі болған, былайша айтқанда дуалмен қоршалған ескі бекініс.

Алтыншы, Таш-Хаули сарайы. Бұл Хиуа хандарының 19 ғасырдағы басты сарайы.

Жетінші, Нұруллабай сарайы. Сыртқы декорларында ислам сәулет өнері екені көрініп тұрса да, ішкі бейнелеу жұмыстарында Еуропа сәулетінің ізі байқалады. Ішкі заттарын заманында Санкт-Петербургтен алдырған. Және, Нұруллабай сарайы жұмысына неміс меннониттерінің қатысқанын білетінмін. Сөйтіп, шаһар аралап жүріп, 1990 жылдары Германияға қоныс аударған кеңестік неміс саяхатшыларын кездестіріп қалдым. Оларға Хиуаның сәулет өнері ескерткішінде немістердің қолтаңбасын айтқан кезде өздері таң қалды.

Сегізінші, айтқандай, Ақша сарайына арнайы кірдім, бағзы замандардан бастап, Хиуа хандығы, Хиуа халық республикасы кезеңінен қазіргі замандағы Өзбекстан ақшалары қойылған, монеталарды құю процесі көрсетілген.

Тоғызыншы, Хиуаның Жұма мешіті, ол 10 ғасырға жатады екен. Маған әсіресе ұнайтындары оның ағаш тіректері мен тас бекітпелері. Айтқандай, Ишан қала ішінде оларды қалпына келтіретін шеберхана бар екен. Жұмыстарымен таныстық.

Оныншы, шаһардың ішкі жағы Ишан қала деп аталса, сыртқы жағы Дишан қала. Яғни, бұл сыртқы беті, қорғаныс жағы, бір жерінен төбесіне шығуға болады екен, бір шетелдікке еріп тағы басқа жерінен де көтерілдік. Ишан қала алақандағыдай көрінеді.

Оныншы, Ишан қаланың шаһар қақпалары, олар төртеу - солтүстік (Бақша дарбаза), оңтүстік (Таш дарбаза),

шығыс (Палуан дарбаза), батыс (Ата дарбаза, яғни басты қақпа). Тура "Мың бір түннің" ертегілеріндей көрінеді расында.

Он бірінші, Ислам қожа мұнарасы, оны айналып шықтым, бірақ, 16 жасар балаға шығуға тыйым салынған екен, ұлымды жалғыз тастамайын деп төбесіне көтерілмедім. Мұнара алыстан көз тартып тұрады, әсіресе түнгі уақытта өте әсем көрінеді.

Жалпы, Ишан қала аумағында 100 шақты сәулет нысандары бар, мысалы, медреселер, сарайлар, мұнаралар, мавзолейлер, керуен сарайлары мен моншалар дегендей.

Хиуаға бір күнді толық арнаса жетеді. Айтқандай, кәдесый ретінде мұнда әлгі папаха тәрізді бас киім, әртүрлі ағаш бұйымдары (қобдишалар) және мата, сөмкелер сатып алуға болады. Ұмытып барады екенмін ғой, жібек құртының өсірілуі, жібек матасы музейі де бар. Кілемдері де жаман емес, бағасы қымбат, мүмкін туристік аймақ болған соң қымба па екен, екінші жағынан кілем тасып жүретін мүмкіндігіміз жоқ еді.

Бір қызығы, үйлердің алдында бір құтыға тұз салып қояды екен, жамандық кетсін деген мағынада деседі.

Қысқаша айтқанда, Хиуаға барып, көзбен көрмеген соң бәрі бекер!

Тағы айтарым, қонақ үйден мәселе жоқ, Ишан қала ішінде 400-500 жылдық тарихы бар үйлер, ғимараттар отбасылық мейманханаларға айналдырылған. "Аутентично" орысша айтқанда, бірақ, бағасы да едәуір, есесіне қақпа сыртынан алған жөн, әрі қаланың өзі шағын ғана (100 мың халқы бар), сондықтан жаяу жету деген проблема емес!

Суретте: Хиуа шаһарының Ишан қала аумағы, 2024 жылғы 1 қараша

0
0
1930

Еще по теме

Хиуаға саяхат - Yvision.kz