ГАЗ МӘСЕЛЕСІ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫ НАЗАРЫНДА
Мұнда облыс бойынша орын алған газ тапшылығы, газ құю бекеттеріндегі кезек проблемасы көтерілді.
Маңғыстау облысы энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының маманы Бауыржан Ерпанның айтуынша, Энергетика министрлігі жоспарға сәйкес желтоқсан айына облыс көлеміне 17748 тонна сұйытылған мұнай газын (СМГ) бөлді. 12960 тонна «ҚазГӨЗ» ЖШС-дан, 4788 тонна «Атырау мұнай газ өңдеу зауыты» ЖШС-дан.
- Облыста тіркелген 140 мыңға жуық автокөліктің 70%-дан астамы сұйытылған мұнай газын отын түрінде пайдаланады. Сұйытылған мұнай газын ай сайын "ҚазГӨЗ" ЖШС маусымға байланысты 13-15 мың тонна ғана өндіреді, қалған көлем басқа аймақтардан тасымалданады. 1 желтоқсаннан бастап осы уақытқа дейін Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспардан тыс жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанына орай жанармай тасымалдау тоқтатылып, аймақтағы тапшылықтың пайда болуына әкелді. Атырау зауыты СМГ-ны 17 желтоқсаннан бастап беруде, - деді Маңғыстау облысы энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Хамиев.

Отырыс барысында ауқын-ауқын көтерілетін газ мәселесін түбегейлі шешу бойынша талқылау жүргізіліп, жауапты басшыға нақты тапсырмалар берілді. «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елубай Әбілов, Ақтау қаласы әкімі Нұрдәулет Қилыбай және Мұнайлы аудандық Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Сәдуаққас Битанов проблеманың шығу төркініне тоқталып, ұсыныстарын айтып, сол бойынша А.Хамиевке тиісті министрлікке аталған мәселені шешу бойынша хат әзірлеуді тапсырды. Бекеттердегі жағдайды толық реттеуге, тұрақтандыруға 3 күн уақыт берді. Мұндай жағдайдың алдағы уақытта тағы да орын алмасы үшін жасап жатқан жұмыстары үнемі "Nur Otan" партиясының бақылауында болатынын ескертті
