Ерекше адам туралы жазба.
Әлеуметтік желіде қаулап кеткен кандидаттардың ақпараттары көп болса да, өз оқырмандарымыздың барына сенеміз. Партияның сайлау тізіміндегілер ауқымды жұмыстарға кірістік. Соның бірі - ел ішіндегі өзіндік ойы бар, танымал азаматтармен кездесу, пікір алысу. Тыңдайтын құлақ болса айтары мол адамдар бар ғой ел ішінде...
Сөйтіп, мен өз кездесуімді жиындардан жиі көретін, мінберден түспейтіндерден бастағым келмеді. Өзіндік ұстанымы бар, мінезі ерекшелеу, кейде көптің ойынан шыға бермейтін оқшаулау пікірі бар қарапайым мұғалім, мықты математик Әлсейтов Амангелді Ғұмарұлымен кездесуден бастадым. Негізі, ол кісіні жиналыстардан, форумдардан емес, тек аудиториядан көреміз, әлеуметтік желіде әділетсіздіктерді сынап отыратыны да бар..
Талантты адамдардың жан дүниесі өзгеше келетіні белгілі. Өйткені олардың өзіндік жолы бар, өзіндік логикасы бар. Біз сонау кеңестен бері оқшау ойлы адамдардан әрірек жүріп үйренгенбіз. «На всякий случай». Ал олар өзін түсінгенді, қолдағанды, тым болмаса дұрыстап тыңдап, пікіріне құлақ салғанды күтеді. Амангелді Ғұмарұлы математик қой, логикасы мықты. Ойлары ерекше, өйткені ол көп мәселеге бәріміз қарайтын қырынан емес, өз логикасындағы тұтастықпен қарайды. Мен ол адамды бұрыннан танимын, жеке араласым болмаса да, математик ретінде шын бағасын білетінмін. Кешегі кездесуде де ерекше ойларына тәнті болдым. Әдейі сұрақтар қойдым, пікірталас тудыратын сұрақтар. Ойының жүйелілігін, елге жанашырлығын, математикалық сауаттылықтың жоғары үлгісін көрдім.
Тақырып - білім саласы, мұғалімдер, оқулықтар, ҰБТ, қоғам, сайлау мәселелері.
Мемлекетшіл адам екені ойлау кеңістігінен көрінді. Өзі кездесіп жүрген қоғамдағы келеңсіздіктер туралы бос сөзбен сынау, мінеу емес, сынай отырып, өзінің конструктивтік пікірін айтып отырады.
Толғандыратын тақырыптарын айтайын.
1. Ата-ана мен мектеп басшылары, тіпті аудан көлемінде оқушының шын мәніндегі білім алуынан «ҰБТда жақсы балл алып, грантқа түссе болды» деу басым. Одан әріні ойламайды.
2. ҰБТда соңғы жылдары «Математикалық сауаттылық» пәні сұрақтары пайда болды. Ондай пән жоқ мектепте, «Математика пәні» ғана бар. Неге оны «Математика және математикалық сауаттылық» демеске? Шетелден көшіріп алу міндет емес қой. Мұғалімдердің өздері математикалық сауттылықты оқыған жоқ, олардың өздерін түсіндіру оңай емес, мұғалім ретінде ол қазанда қайнап шыққан жоқ.
3. Әрине, керек, «Математикалық сауаттылық». Бірақ оны ҰБТда бір көретін қылмай, оқулықтар мен бағдарламалар математикалық сауаттылыққа құрылуы тиіс. Пән бойынша негізгі ұғымдарды, амалдарды мықты игермей математикалық сауаттылық болмайды дей келіп, көптеген мысалдар келтіріп, фактімен сөйледі.
4. Оқулықтардағы жүйелі қателіктер туралы бөлек ұсыныс әкеліп беретін болды, ҰБТның жаңарту ұсыныстары да бар екен, оны екеулеп жоғарыға жеткізуді жоспарладық.
5. Проблемаға айналған мәселе -педагог кадрлар сапасы, әсіресе математиктерді классикалық үлгідегі даярлау мектебінің әлсіреуі. Білімнің бизнеске айналуы. Оны тағы да мысалдармен дәлелдеу, ұсыныстарын айтты. Мен де кадр даярлайтын оқу орнын басқарып отырған соң, бірнеше ұсыныстарын ескеретін болдым.
6. Мықты жастар бар, бірақ білімді жастар мектепте тұрақтамайды, мемлекеттік қызметке, органдарға кетуге бейім. Мектептердің әйелденуі. Білім саласындағы ер адамдарды көбірек қолдау, туралы ұсыныстарын айтты. Ұлдарды ерлер тәбиелегенде ер азаматша тәбиеленеді. Жаны бар, әрине.
7. Жұмысына адал қарайтын мұғалімдер мен оған басын көп ауыртпайтын мұғалімдердің теңестірілуі орын алды. Әрине, қазір енгізіліп жатқан олардың Ұлттық тест тапсыруы арқылы бұл жағдай түзелетін түрі бар. Бірақ оның келесі жағы да бар, тесттен өтпейтінін білетін, нашар мұғалімдер оны тапсырудан бас тартуы мүмкін. Қалада таңдап аларсыз, ал ауылда ше? Кадр жетіспейді, амал жоқ тест тапсыра алмайтын айналайындар оқытады баламызды. Ол үшін барлық мұғалімдердің тест тапсыруын қамтамасыз ететін заңды тетік қарастырылу керек.
Бұдан басқа да айтылған мәселер аз болған жоқ, тек біразына тоқталдым.
Сайлау туралы. Оң өзгерістерді атай отырып, Амангелді Ғұмарұлы бізге сенім білдірді, сәттілік тіледі. Алда бірнеше жоспарларымызды бірлесе жүзеге асыру туралы пікірлестік. Алғысымды білдіремін, Сізге, Амангелді Ғұмарұлы! Сіздей азаматтарды студенттермен, әсіресе болашақ математиктермен кездестіруіміз керек, жас математик мұғалімдерге тыңдатуымыз керек. Математиктер қауымдастығы құрылса да керемет іс болар еді, пән бойынша проблемаларды талқылау, біріге шешу, жаңа жолдар табу осындай ерекше адамдардың қатарда болуын қажет етеді.
Кейіпкерім туралы қосымша ақпарат.
А.Ғ.Әлсейітов Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің математика факультетінің және осы университеттің күндізгі аспирантурасының 01.01.01 - Математикалық талдау мамандығы бойынша түлегі. Жалпы білім беретін мектептерде, лицейлерде, гимназияларда жұмыс істеді, мектеп лицейінде директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымын атқарды. Мемлекеттік жоғары оқу орындарында да жұмыс істеді, математика кафедрасын басқарды, 50-ден астам әдістемелік және ғылыми мақалалардың авторы, мақалалар халықаралық конференциялар материалдарында және ҚР мен РФ ғылыми журналдарында жарияланған. Сондай-ақ қазақ және орыс тілдеріндегі 15 оқулық пен кітаптың авторы. Өзінің математикалық сайты бар. Математикадан жеке сабақтарды оңтайландыру әдістемесінің авторы.
