ЕР ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ
Дәрігерлік мамандық – бұл ерлік. Ол өзіне құрбан болуды талап етеді, ойдың, ниеттің адал болуын қажет етеді. Баршаңызға белгілі елімізде орын алған пандемия кезінде аяқтарында тік тұрып, әрбір өмірге араша түсуде ерекше, қажырлы еңбек еткен дәрігерлерге қандай құрмет көрсетсе де жарасады.
Осыған орай Жаңаөзен қаласында Медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегіне сондай-ақ қызметтік міндетін өтеу кезінде коронавирустық инфекциядан қаза тапқан медицина қызметкерлеріне арналған ескерткіш-стелла тұрғызылды.
Биіктігі 4,80 метр болатын стелла Жаңаөзен қаласы әкімі М.Ибағаровтың бастамасымен "ЕР ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ" акциясының аясында бой көтерді.
Жаңаөзен қалалық аурухана ғимаратының жанында орнатылған ескерткіш - стелла "Қоғамдық келісім" КММ тореагасы Тимур Мусаев пен меценат Исенбай Қалдамановтың демеушілігімен салынды. Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын демекші ел ағаларының игі істерін халық білуі тиіс деп ойлаймыз. Жүсіп Баласағұнның «Кір тигізбей ұста ойыңның өресін, мейірім етсең – мейірімділік көресің» деген қанатты сөзінің мазмұны осы шараға арналып айтылғандай.
Сондай-ақ, бұл ескерткіш Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Сариев Мұрат Жарылғапұлының есімін де мәңгілік етті. Ескерткіш жас ұрпақты тарихты ұмытпай, ақ халатты абзал жандарды есте сақтап, өз өмірдің тарихында дәл сондай ізгілік істерді қалдыруға шақырады.
