Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

ЕНДІГІ ӘҢГІМЕ - ҰЛТТЫҚ МУЗЫКА ТУРАЛЫ

Қазақтың халық музыкасы – қазақ ұлтының дәстүрлі музыкасы, қазақ фольклорының маңызды әрі мұрасы аса бай, сондай-ақ сан ғасырлық даму тарихы бар саласы. Көне заманнан келе жатқан ән-күй туралы халықтың аузында қалыптасқан және күні бүгінге дейін айтылып келе жатқан көптеген мақал-мәтелдер, аңыздар, жырлар осының айғағы. Атамыз қазақтың: «Сөз – күміс, ән – алтын», «Ел көркі – қыз, той көркі – ән» деген асыл да, аталы сөздері осы өнерге арналған. Сондықтан ән мен күй шыққан күн, туған айдай дала жұртының тал бесіктен жер бесікке түскенге дейінгі жан серігі болған. Ауылдан ауылға ән айтып, күй тартып жүрген сонау диуана мен бақсылардан бастап, жыршылар мен сал-серілерге дейін өз өнерін көрсетіп, халықтың көңілін көтерген, той-томалақ пен түрлі ойын-сауық, отырыстардың көркі болған. Жаратылыс дүниесінің толып жатқан құпия сырларына табыну мен табиғат құбылыстарының дүлей күшінен қорқып, соған еріксіз сыйынып, жалбарынуынан туған бақсылық өнерінен бастап, адам өмірінде кездесетін әртүрлі салт-саналық, әдет-ғұрыптық тұрмыс-салттық өнеріне дейінгі әндері халық өмірінің айнымас серігі болған. Ол әндердің бойында халықтың арманы мен аңсары, мұңы мен мұқтажы, қуанышы мен жұбанышы, сағынышы мен сабыры жатыр. Демек, қазақ халық музыкасы мәңгіліктің ең керемет символы, адам еңбегі мен талантының, ізденісі мен махаббатының, қайғы-қасіреті мен қуаныштарының жемісі, тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық өмірі мен еңбек ету әрекетімен біте қайнасқан рухани мәдениетінің саласы болып табылады. Сондықтан қазақ халқы өзінің тарихы болмысын музыкалық әуені бойына тұндырған дарынды тұлғаларын алақанында аялап, есімін мақтанышпен айтып ғасырдан ғасырға жеткізіп келген.

Көне заман ойшылдары Пифагор, Платон мен Аристотель музыканың адамның ізгілік пен әсемдік әлеміне ықпал етуін жан-жақты талдай келіп, адам мінез-құлықын түзету мен жеке тұлғаның психологиялық көңіл-күйін жасаудың құралы ретіндегі маңыздылығын қарастырса, Ұлы ойшыл бабамыз Әл-Фараби «Музыканың адамға емдік қасиеті, жағымды әсері, сондай-ақ, оның адамның жан дүниесіне әсер ететін, тәрбиелік мәні зор» дейді. Ал Ұлы Абай: «Артыңа із қалдырғың келсе, кейінгі ұрпаққа білім нұрын сеп, болашағымыз өз ұлт өнері мен мәдениетінің тұнығынан сусындап, тарихын терең түсінетін болсын» деп, болашақ ұрпақты ұлттық өнер арқылы тәрбиелеудің қажеттігі мен маңыздылығын дәлелдейді, сол арқылы тәрбиелеуді аманаттайды. Демек, кез келген халықтың тарихи тұлғасын тануға мейлінше көмектесетін музыкалық әуені адамның бойында үлкен эмоциялық тебіреніс күшін туғыза алатын құдыретті күші, адамның жанын сауықтыру мен тәрбиелеудегі маңызды құралдың бірі, тіпті бірегейі болады.

Осы жағынан қарағанда, қазақтың ұлттық музыка жанры саласының өкілі ретінде мені халқымыздың шалқар сахарасы мен дарқан даласындай мол көсіліп, кең тараған ұлттық музыкасының бүгіні мен келешек тағдыры ойландырады. Өйткені бүгінгі жастар арасында төл мұрамызға деген қызығушылық жойылып, көбінесе мән-мағынасын түсінбесе де шетелдік әуенге бойұрып барады. Оның басты себебі – насихаттауда болса керек. Ендеше біздер қазақтың мәдени және рухани даму ерекшеліктерінен ұлттық дүниетаным мен түсініктері негізінде пайда болып, тарихы болмысын бойына жиған музыкалық әуенін ығыстырып тастамай, сан ғасырлар бойы қалыптасқан мәні терең, мағынасы ұшан-теңіз ұлттық музыкасының құрылымын жаңғыртуымыз керек, танытуымыз керек, оны ғылыми негізде сараптап түсіндіруіміз керек. Сол саланың маманы ретінде бұл менің мақсатым, әрі міндетім деп есептеймін және ең бастысы азаматтық борышым әрі перзенттік парызым деп білемін.

0
0
350

Еще по теме

ЕНДІГІ ӘҢГІМЕ - ҰЛТТЫҚ МУЗЫКА ТУРАЛЫ - Yvision.kz