ЕЛІМНІҢ БАҚЫТЫН ТЕРБЕТКЕН ТӘУЕЛСІЗДІК
Тәуелсіздік – әрбір қазақстандықтың баға жетпес байлығы, құнды қазынасы, сан ғасырлар бойы аңсаған асқақ арманы. Бабалардың қанымен, аналардың көз жасымен келген қасиетті Тәуелсіздіктің әр жылы біздер үшін тарихи күн. Осы айтулы мерекеге орай Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде «Елімнің бақытын тербеткен -Тәуелсіздік» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Елдегі жағдайға байланысты санитарлық талаптарды сақтай отырып өткен жиынды қорық-музей директорының міндетін атқарушы Ж.Махашов ашып жүргізіп отырды. Шарада «Nur Otan» партиясы Отырар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, сайлауалды штабтың төрағасы А.Құрман егемендік жылдарында еліміздің бас партиясы тарапынан атқарылған жұмыстарды айтып өтті.
Ол өз сөзінде: «Тəуелсіздік алған жылдар аясындағы ел ырысын арттырып, береке-бірлігін нығайту жолындағы «Nur Otan» партиясының үлесі зор, ізі айшықты. Бүгінде ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Н.Назарбаев жетекшілік ететін «Nur Otan» партиясы еліміздегі қоғамды ұйыстыратын көшбасшы партия ғана емес, әлемдік деңгейде де өзіндік жолы, бағыт-бағдары айқын саяси күшке айналып келеді»,-дей келе дөңгелек үстелге қатысушыларды мерейлі мерекемен құттықтады.
Дөңгелек үстел барысында мемлекеттік тарихи институтының жетекші ғылыми қызметкері Қ.Ерімбетова «Бабалар мұрасы – тарихи сананы жаңғыртудың рухани көзі» тақырыбында баяндама жасады. Мұнан соң шараға қатысушылар өзара пікір алмасып, еліміздің егемендік алу жолындағы тарихи кезеңдерді әңгімеге арқау етті.
