ЕЛДІКТІҢ КӨШІН БАСТАҒАН
Бүгін 1 желтоқсан –ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай аудандық орталық Емхана қызметкерлерімен кездесу жиыны өтті.
Жиында ақ халатты абзал жандарды мерекемен құттықтаған "Nur Otan" партиясы Отырар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Абай Құрман: - Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әр жылы ғасырға тең тарихи кезеңде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша қолтаңбасы бар. Халқымызды дағдарыстан дамуға бастап, еліміздің саяси өмірі жаңарып, түбегейлі өзгерістер жасалды. Мемлекеттік шекарамыз айқындалып, елдің бірлігі, жердің бүтіндігі қамтамасыз етілді. Елбасының көрегендігімен ерік-жігерінің арқасында ядролық қарудан бас тартып, Семей полигонын жабу арқылы тәуелсіздігімізге әлемнің іргелі мемлекеттері кепілдігін берді. Білікті реформатор әрі кемел көшбасшы болашаққа бет түзеген қазақ елін қай кезде де бірлік пен еңбекке жұмылдырды, — деп атап өтті.
Келелі басқосуда Емхана дәрігері Абзал Сәрсенбаев мемлекетіміздің өркендеуі мен гүлденуі жолындағы Елбасымыздың атқарған еңбегі өлшеусіз екенін айта келе, «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған серпінді жобалар мен бағдарламалар халқымыздың өмір сүру деңгейін жақсартып, мемлекетіміздің дамуын жаңа сапаға көтеруге мүмкіндіктер жасалуда. Еліміздің бүгінге шамшырағы жарқырап, әлемге әйгілі болуы, тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуі, халықтың әл-ауқатының көтерілуі Ұлт көшбасшысының салиқалы да, сарабдал саясатының нәтижесінде жүзеге асуда»,- деп өз сөзін түйіндеді.
Мұнан соң жиынға қатысушылар Тұңғыш Президент күні мерекесінің мәні тереңде екенін айтып, ерлікті еңбекпен, даналықты әлемдік саясатпен ұштастырып, елдің ел болып өркен жаюына, өркениетті мемлекет дәрежесіне танылуына білімі мен билігін, ойы мен парасатын, күш-қуаты мен жігерін жұмсаған қайраткердің еңбегі тарих беттерінде сақталып қала беретінін сөз етті.
Жалпы Отырар ауданында денсаулық саласына қатысты өзекті мәселелер өз шешімін тапқан. Соның айғағы ретінде аудан орталығындағы жаңадан салынған заманауи орталық Емхананың ғимаратын айтуға болады. Мұнан бөлек ауыл округтерінде де бірнеше медициналық тіректер жаңартылып, бүгінгі таңда ауыл тұрғындарына сапалы қызметтерін көрсетіп келеді.
