ЕЛ ҮШІН АСТЫҚТЫҢ БАРЛЫҚ ЭКСПОРТЫ ТИІМДІ
Іс-шара Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-тың ресми қолдауымен өткізіледі.
Жыл өткен сайын форумға қатысушы мемлекеттердің ауқымы кеңейіп келеді. Биылғы шараға Қазақстан, Иран, Түркия, ТМД елдері, Оңтүстік шығыс Азия мен Балтық жағалауы елдері астық нарықтарының жетекші компаниялары қатысатын болады.
Форум барысында отандық және әлемдік астық нарықтарындағы ағымдағы маркетингтік жылдың үрдістері, отандық астықтың экспорттық әлеуеті, астық нарығының инфрақұрылымын дамыту проблемалары, отандық ұнды экспорттаудың әлеуетті мүмкіндіктері, өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру саласындағы өзгерістер іспетті өзекті тақырыптар талқыланады.
Форумды өткізудегі мақсат – отандық астық өндірушілерге өз өнімдерін сыртқы нарықтарға шығаруға және әлеуетті инвесторлар іздеуге жәрдемдесу. Біз «Қазагромаркетинг» АҚ аналитикалық зерттеулер департаментінің директоры Төлеген Усинді әңгімеге тартып, ұйымдастырылып отыр-ған шараның жаңалықтарымен бөлісуді өтінген едік.
– VII қазақстандық астық форумының биылғы басты жаңалығы не?
– Осы уақытқа дейін форум елімізде ұйымдастырылатын отандық және алыс-жақын шетелдердің астық бизнесімен айналысушылары үшін басқосуға мүмкіндік беретін жалғыз кездесу алаңы болып отыр. Форумды өткізу форматы пікір алмасу, астықты сату нарығының өзекті мәселелерін, дәнді дақылдарды өткізудің жаңа бағыттарын талқылауға барынша мүмкіндік береді. Сонымен қатар форум барысында астықты сыртқы нарықтарға сату логистикасы, дәнді дақылдар нарығындағы ағымдағы жағдай, астық нарығы мен оны қайта өңдеудің даму үрдістерін анықтау іспетті маңызды тақырыптар да қозғалады.
Форум қатысушыларының қатарында астық өндіру-өңдеумен айналысушы компаниялармен бірге сауда, транспорттық, инспекциялық, брокерлік компаниялар, банктер, ақпараттық-консалтингтік агенттіктер мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерін, астық саласындағы жетекші әлемдік және қазақстандық сарапшыларды, ірі халықаралық трейдерлерді көруге болады.
Өткен форумда, мысалы, 260 қатысу-шы алдын ала ресми тіркелген болса, қатысқандардың нақты саны 330 адамды құрады. Бұл 95 отандық және шетелдік компания, әлемнің 18 мемлекетіне тиесілі бизнес өкілдері болатын.
– Байқауымызша, бұл форум осымен жетінші рет өткізіліп отыр. Тіпті дәстүрге айналған деуге болады. Осы мерзім ішінде бұл шараның ел астық өндірушілеріне қаншалықты оң ықпалы болды? Олар форумның игілігін сезіне алды ма?
– Әлбетте форумға қатысушы кәсіпкерлер қатарының қалыңдығы бұл іс-шараның еліміздің ауылшаруашылық саласы үшін айтулы оқиға болып табылатынын танытып отыр. Бүгінде республикамызда Үкімет тарапынан «Агробизнес – 2020» бағдарламасы қабылданып, астық саласының қатысушыларына айтарлықтай көңіл бөлінуде. Бағдарлама мақсаттарына жету үшін қаржылық сауықтыру, агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің қолжетімділігін арттыру, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесін дамыту, агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеу жүйесінің тиімділігін арттыру бағыттары бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Бағдарлама аясында аграрлық нарық қатысушыларына бірнеше мемлекеттік көмек түрі көрсетілуде. Оның ішінде агро-өнеркәсіптік кешендегі басымдыққа ие инвестициялық жобалар үшін инвестиция-лық субсидиялар; агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін қаржы институттары алдындағы қарыздарды сақтандыру мен кепілдендіру қызметтерін субсидиялау; алынған несие бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау жүргізілуде.
– Ұн экспорттауда осы күнге дейінгі көрсеткішіміз жаман емес. Дегенмен, алдағы уақытта астық экспорттаудың үлесін азайтып, ұнға басымдық беру жайы жиі айтылады. Сіз бұл пікірге қалай қарайсыз?
– Иә, еліміз ұн экспорты бойынша жетекші орынға ие. Экспорттың негізгі бағыты Орталық Азия елдері, атап айтқанда, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан. Ал астық экспортының негізгі бағыты Қара теңіз аймағы болатын. Дегенмен, соңғы уақытта бидайды экспорттаудың көлік шығыны артқандықтан, астық та Орталық Азия аймағына экспортталатын болды. Мұның әсерінен бұл аймақтағы елдер астықты сатып алып, өздеріндегі қайта өңдеу кәсіпорындарында ұн шығара бастады. Әрі оңтүстік көршілеріміз ұн импортын азайту үшін мынадай шаралар қолданып отыр: елге әкелінетін ұнға Өзбекстан 11 пайыз көлемінде қосымша құн салығын енгізсе, Тәжікстан ұнға 18 пайыз және астыққа 10 пайыз көлемінде қосымша құн салығын, Қырғызстан елге әкелінген ұнның әр келісіне 3 сом көлемінде баж салығын орнатып отыр.
Дегенмен, ел экономикасы үшін астық түріндегі де, ұн түріндегі де экспорт тиімді.
Алдағы форум аграрлық нарық қатысушыларына өздерін қызықтыратын сауалдарға жауап тауып, астық экспорттаушыларына да, сапалы отандық ұн экспорттаушыларына да жаңа серіктестер табуға мүмкіндік беретініне сенеміз.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ
http://www.aikyn.kz/
