ЕГЕР ҮЙРЕТСЕ, ЖҰМЫСШЫ БОЛАР ЕДІМ
“Білім” ток-шоуының кезекті бағдарламасында кәсіптік бағдар мәселесі талқыланды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда жұмысшы мамандарын дайындау мәселесі өзекті – елімізге жоғары технологиялы өнеркәсіпте жұмыс істей алатын мамандар қажет. Кәсіптік бағдар жұмысы білім беру жүйесінде кенже қалғаны 2020 жылға дейінгі мемлекеттік даму бағдарламасында да айтылады. Жастар болашақ мамандығын грантқа ие болу, туыстары мен достарының ықпалы, мамандықтың беделі немесе әйтеуір бір дипломның иесі болу тәрізді кездейсоқ факторларға сүйеніп таңдайды. Сонымен қатар, еліміз кәсіби мамандардың зәрулігін сезініп отыр, ал оның орнын колледждер толтыра алар еді.
Ресми статистика бойынша, “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Жұмыспен қамту проблемалары жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы Қазақстанға бүгінгі таңда 7,5 мың көлік жүргізуші, 6 мың ауыл шаруашылық жұмысшысы мен құрылысшылар қажет екенін айтып отыр. Бұдан басқа, экономикамыз мыңдаған тігінші, технологиялық қондырғылар операторы, механизаторлар, монтаждаушы және газбен дәнекерлеуші сынды мамандардың тапшылығын көруде.
Мәселе айқын – оны “Білім” ток-шоуының студиясына жиналғандардың бәрі мойындады. Қонақтар мен эксперттер жағдайды шешу үшін жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру керек деген ойға келді. Сонымен бірге, оны іске асыру барысында қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді де, кеңестік оқу жүйесінің жағымды тәжірибесін де пайдалану керек деп шешті. Мысалы, бағдарламаға қатысушылар бұрын ән мен кинофильмдерде жұмысшы мамандарының маңыздылығы тиімді насихатталғандығын естеріне түсірді. Мамандарды дайындау жүйесінің өзі де экономика қажеттіліктеріне бейімделген болатын.
Көпшілік оқу-өндірістік комбинаттарды (УПК) әлі ұмыта қойған жоқ: КСРО кезінде жоғарғы сыныптың кез келген түлегі талап етілген мамандыққа ие болатын. Жоғарғы сынып оқушылары көлік жүргізуші куәліктерін алатын, механизмдерді ұғыну мен құрастыруды, ас дайындау мен киім тігуді үйренетін. Сонымен бірге, ол оқушыларға өздерін жақсы тануға, өзінің ішкі қажеттіліктерін ашуға мүмкіндік беретін. Дегенмен, бұл кезде жоспарлы экономика белгілі бір маман тапшылығын біршама нақты есептей алатын. Ал қазір шарттарды нарық қоятындықтан, басқа амал іздеуге тура келеді.
Білім және ғылым министрлігі “УПК-2017” нұсқасын ұсынады. Әзірше эксперимент ретінде. “Оқушылардың кәсіптік бағдары” жобасының аясында астанамыздың 24 мектебінде қосымша пән пайда болды: оқушылар таңдауынша ұсынылған жұмысшы мамандықтардың бірін меңгере алады. Бүкіл курсқа 272 сағат беріледі, осы уақыт ішінде шаштараз ісінің негіздерін немесе тігін машинасымен жұмыс істеуді меңгеруге болады. Айтпақшы, болашақ түлектер арасында шаштараз бен тігінші мамандықтары аса көп таңдалған екен.
Алайда оқу – бағдарламаның тек бір бөлігі ғана. Оқушылармен кәсіптік бағдар берушілер жұмыс істейді, олардың мақсаты – балалардың жасырын қабілеттері мен дарынын анықтау, оларға өмірде дұрыс бағдар таңдауда көмек көрсету. Министрлік жағынан мектептегі кәсіби бағдар бойынша эксперт Жанар Мамбееваның айтуынша, биыл 30 мың оқушы арнайы жетілдірілген тесттен өткен, ал келесі жылы оны 40 мың оқушы тапсырмақ. Тестілеу қазір онлайн тәртіпте жүргізіледі, ол толықтай тегін. Қорытындысы мектеп психологтарына жіберіледі, бұл олардың кәсіби бағдар аясындағы жұмысын жеңілдетері сөзсіз.
Осы кезеңде мектептерде болашақ мамандық курсының тек теориялық бөлімін өтеді. Ал практикалық сабақтар көрші колледждердің негізінде жүргізіледі. Оған қоса, соңғы кезде сатып алынатын заманауи жабдықтар теория мен практика арасындағы алшақтықты азайтуға мүмкіндік береді. Бұл – Білім және ғылым министрлігінің «Техникалық және кәсіптік білім беруді жетілдіру» атты тағы бір жобасы. Техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) Департаментінің эксперті Насымжан Оспанованың айтуынша, бүгінде еліміздің 60 колледжі жоғары технологиялық жабдық алған. Тек соңғы 5 жыл ішінде оған 20 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Министрлік эксперті атап өткен тағы бір әлеуметтік бағдардағы жоба америкалық “Шеврон” компаниясымен бірге жүзеге асырылған. “Ерте кәсіби бағдар” жобасы күнкөрісі төмен отбасындағы балалар мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін қамтиды. Сонымен қатар, Насымжан Оспанованың айтуынша, мектептер бүгін өз өңірлеріндегі жетекші кәсіпорындармен бірге жұмыс жасауда. Балалар цехтарға экскурсияға және компания бастықтары мен кәсіпкерлермен кездесуге шақырылады. Осылай оқушылар белгілі бір мамандықтың артықшылықтарын өз көзімен көруге, сұрақ қоюға, қыр-сырын тануға мүмкіндік алады.
Дегенмен, “Атамекен” ҰКП Адам капиталын дамыту департаментінің директоры Олжас Ордабаев айтқандай, тәуір кәсіби бағдар жүйесі бар деп айтуға әлі ерте: “Стратегия, нақты даму траекториясы жоқ. Ал мамандық сұрыптаумен қазір негізінде жұмыс берушілер айналысады”. Маманның айтуынша, кәсіби диагностика жұмысын ең ерте жастан, тіпті бастауыш сыныптардан жүргізу керек. “Балалардың көптен келе жатқан қабілеттерін дамытып, болашақта оларға барынша дамып, қалыптасуға мүмкіндік беру керек”, – дейді ол. Әрине, бұның бәрі экономиканың жалпы талаптарына сәйкес жүргізілу керек.
Студияның тағы бір қонағы, саяси ғылымдар докторы, Саяси, әлеуметтік және тарихи зерттеу институтының директоры, профессор Камал Бурханов та бұл оймен келіседі. Мысал ретінде ол Қазақстанның бір ауданындағы жалақысы 50 мың теңге шамасындағы заң кеңесшісі жұмыс орнына жоғары білімі бар 300 жас маман өтініш бергендігін айтты. “Дәл сол ауданда 80 мың адамға тек бір токарь келеді… Міне, біздің кәсіби бағдар жүйесінің құлдырауы қайда жатыр!” – дейді профессор Бурханов.
Әйткенмен, эксперттердің айтуынша, жұмысшы мамандықтардың беделі түскеніне тек білім беру жүйесін кінәлауға болмайды. Ата-аналар да балаларына өз пікірін зорлап міндеттеуге болмайтынын ұғыну керек, балада таңдау құқығы болып, ол өз дарынын аша алатынына көз жеткізуі қажет. Алайда дарынын анықтау үшін профдиагностика саласындағы білікті мамандар керек. Сондықтан мәселені кез келген жағдайда кешенді шешу керек.
Ток-шоуға шақырылған компания басқарушылары да жұмысшы мамандардың тапшылығын атап өтті. Колледждер қазіргі кезде аз да болса құрылысшы, монтаждаушы мен басқа да экономика үшін тапшы мамандарды шығаруда. Тапшылықтың зор екені сонша, бағдарлама қатысушыларының сөзі бойынша, екінші-үшінші курс студенттерінің көпшілігі өндірісте толыққанды жұмыс істейді әрі сабаққа еркін қатыса алады.
Насымжан Оспанованың айтуынша, биыл басталатын “Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру” атты ауқымды жоба да бағдарлама барысында айтылған мәселелерді шешуге арналған. Осылайша, 2017 жылы 673 мың адам еліміздің колледждерінде тегін кәсіптік-техникалық білім ала алады.
Материалдық-техникалық базаны жаңғырту, стипендия мен жатақхана бөлу, менеджмент пен ұйымдастырудың жаңа әдістері – осының барлығы біздің министрлігіміздің жобасында бар.
Қазіргі заман экономикасы талап ететін мамандықтарға мектеп оқушыларының көңілін бөлу үшін тағы не істеуге болады? Қонақтар мен мамандар түрлі ойларымен бөлісіп, бір түйінге келді: бүгінгі оқушылардың кәсіптік болашағы үшін жауапкершілік – мемлекеттің де, жұмыс берушілердің де, ата-аналардың да қолында. Жұмысшы мамандықтарды көпшілікке тарату үшін қолымыздағы барлық әдіс-тәсілдерді қолдану қажет, сонда еліміз мықты экономикаға ие болады, ал жастарымыз өз елінде табысты жұмыс істей алады. Колледжден шыққан дайын маман белгілі бір біліктілігі жоқ маманнан 10 есе көп жалақы алатын болса, бедел мәселесі өз-өзінен шешіледі. Кез келген жағдайда, “Білім” ток-шоуының қатысушылары айтқандай, өз қолымен жұмыс істеуді игерген адам өмірде әрқашан өз орнын таба алады.
