Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

ЕҚҚДБ ПРЕЗИДЕНТІ НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНДЕ БОЛДЫ

11 маусым күні Қызылордаға  іс-сапармен Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти келді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қабылдауында болып, банк қаржыландырған жобалардың жүзеге асырылуын талқылаған құрметті мейман аймақтағы саяси маңызы бар нысандарды да аралап көруді жөн санады.  Сума Чакрабарти  ат басын бұрған аялдамалардың ішінде – Назарбаев Зияткерлік мектебі де бар.

Жоспардан тыс кездесу болса да, мектеп ұжымы қонақжайлылықтарын көрсетіп, меймандарды бар құрметімен қарсы алды. Алдымен Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті бастаған топ мүшелері Жаздық мектеп аясында өткізіліп жатқан оқу сабақтарына қатысып, жергілікті мұғалімдердің шетелдік әріптестермен жүргізген оқу процесінің куәсі болды. Оқушылармен тілдесіп, тілдік қабілеттері жоғары екенін де байқады. Олардың еркін сөйлеп қана қоймай, ағылшын тілінде жаза алатыны Чакрабарти мырзаны қатты қуантты.

Сондай-ақ шетелдік қонақтар мектеп жатақханасын көріп, үйірме жұмыстарына қатысты. Мектеп жаппай соңғы үлгідегі құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілгені Сума Чакрабартиді таңғалдырғандай болды. Кейбірі тіпті «қайтадан оқушы болып, осы мектепте білім алсам екен....» деген қиялдарын жасырмады.

Аралау барысында Сума Чакрабарти жас ғалымдармен де кездесті. Жобаларын тыңдай отырып, химия өндірісіне қатысты бірнеше қызықты идеяларды түртіп те алды. Ал облыс әкімінің қолдауымен ашылған экономика кабинетінде құрметті мейман бастауыш сыныптарға арналған электрондық оқулықтарды көріп, білім саласына жасалынып жатқан қолдау айтарлықтай екеніне көзін жеткізді. Сапар соңында Сума Чакрабарти барлық мектеп оқушыларына арнап өзінің ыстық ықылас-тілектерін арнайы кітапқа түсірді. Болашақта мектепке тағы да келуге дайын екенін айтты.

Еске сала кетейік, ЕҚҚДБ - облысымыздың жолаушы тасымал жүйесінің қайта жаңғырту жобасына қомақты қаржы салған бірден-бір банк. Сонымен қатар жеке бизнеске де қолдау жасауда. Жақында дәл осы банкпен Қызылорда қаласының жылу және сумен қамту жүйелерін қайта жаңғырту жобасы бойынша келісім жасалды. Білім саласының дамуына инвестиция салуы да әбден мүмкін.

2
0
792

Еще по теме

ЕҚҚДБ ПРЕЗИДЕНТІ НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНДЕ БОЛДЫ - Yvision.kz