Дядя Миша, дядя Коля және Алик пен Ақтоты

Өмірімде төрт рет күйеу жолдас болған екенмін. Жас кезім ғой. Сонда, бір досымның болашақ жарын алып келуге бір елді мекенге келдік, досымның тегі, түбі Қызылордадан, ал әйелі Қарағанды мен Астана арасындағы ауылы-аралас, қойы-қоралас жұрт тұратын елден болатын. Бардық, қыздың жағының тойы басталғанша қонаққа келген кейбір кісілер бәрін жинап қойып карта ойнауға кірісті. Біртүрлі көрінеді екен. Сөз арасында қарасақал бір кісілерді "Дядя Миша, дядя Коля" деп қояды. "Коля мен Мишалардың" бәрі қаракөздер, "өз есімдерінен жеріп сонша не болды" деп ойлап қоямын! Мишаны өз шын атымен, мысалы, Мырқымбай десе солардың аузы қисайып қала ма?! Жәй салыстыру үшін айтып жатырмын ғой, мүмкін Мұратхан шығар, ол жағы беймәлім енді!
Негізі, әр нәрсеге мән бермейміз ғой.
Бір жылы, шамалы уақыт Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде жұмыс істедім, сонда Ақтоты деген қыз болды, өз атынан ұялатын, "неге?" десем, "менің атым попугай" ғой дейді. Әр ұлттың өзіне тән танымы болады. "Попугайын" білмеймін, Ақтоты дегеніңіз баяғыдан жыр-қиссаларымызда "Тотыдайын таранған" деп әсемдіктің, сұлулықтың белгісі емес пе еді? Айтқандай Торғайда "Тоты құстың аралы" деген жер бар, заманында әлдебір хан бәлкім тоты құс өсірген болар (Орта Азия билеушілері көгершін өсіретін сияқты)!
Енді Аликке қатысты баяндасам.
1990 жылдар кезі еді, Қарағандының Е.Букетов атындағы Мемлекеттік Университетінде оқитын кезіміз. 3-4 жігіт жиналып сөйлесіп тұр едік, жаңылмасам Жұмағазы деген досым, жоғары курстағы ағамыз сөздің арасында "Алик" демесі бар ма, қасымыздан өтіп бара жатқан философиядан сабақ беретін профессор ағамыз, тоқтай қалып: "жаңа не деп айттың, қандай есім" деп нақтылап сұрады. Жұмағазы болса "Алик деп айттым" деді, сонда мұғаліміміз: "Алик" деген алкоголиктің қысқарған түрі ғой" демесі бар ма?
Содан бері топтасып тұрған жігіттер, енді гәрі есімдерімізді бұрмаламауға сөз байластық!