ДОСЫМ ЕГІН ОРАҒЫН АЯҚТАДЫ
«Бітер істің басына жақсы келер қасына» демекші, Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшымбетов округ бойынша 715 гектар арпа, 103 гектар бидай егілгенін, бүгін «Досым» шаруа қожалығы егін орағын аяқтайтынын, 3-4 күнде «Берікқожа» және «А.Валиев» шаруа қожалықтары өздеріне тиесілі жерге орақ түсіретінін айтқан.
Жақсыны көрмек ниетпен аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің статист-маманы Самат Жарасбаев, Аса ауылдық округі әкімі аппаратының статист-маманы Әзиз Кәдірханұлымен бірге егін орағын аяқтағалы тұрған Досым Қаипов жетекшілік ететін шаруа қожалығының егіндік алқабына барғанбыз. Жұрттың «Досымды іздесеңіз, жұмыстың басынан табасыз» деген сөздің растығына көз жеткіздік. Расында, Досымды алқап басынан кезіктірдік. Өзі өте көңілді. Оның көңілді болатын жөні де бар екен. О баста 50 гектарға арпа, 32 гектарға бидай орналастырыпты. Бір комбайнын жұмысқа жегіп, 10-12 күнде егін орағын аяқтап отыр. Біз Досымнан алынған өнім жайын сұрағанымызда: – Көңілім енді орнына түсті. Жауын-шашынға ұрындырмай жинап алғаным қандай жақсы болды. Бидайдың әр гектарынан 25, арпадан 20 центнерден өнім алдым. Енді алаңдамай 60 гектар жоңышқаны, 15 гектар қант қызылшасын күтіп-баптаймын. Шаруашылығымда жұмыс істейтін 10 көмекшім тұрғанда бұл асуды да бағындыратын шығармын. Әсіресе осы салада 7-8 жылдан бері еңбек етіп жүрген ұлым Олжас тұрғанда әлі олжа салатыныма сенемін, – деген. Тірлігін тиянақтай білген Досымға біз де сендік. @asa_ao_akimat Дүйсенбек Орманов, «Шұғыла».
