Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

Досбол би

Түркістан және Қызылорда облыстарына сапарым барысында ата-бабамыздың ата қонысы Шиелі жеріне де барып, бабалар рухына тағзым еттім. Сол шешен әрі би бабаларымыздың бірі Досбол еді. Енді, әкем Қорған Әмірхамзаұлының "Елдің Қорғаны" кітабынан Досбол датқа туралы мақаласын беруді жөн көрдім!

Досбол датқа Досбол би Орта жүздің қыпшақ руының Торысына жатады. Досбол өз заманында ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген шешен, би, артында айтулы сөз қалдырған, ақпа-төкпе ақын, ел билеу мәселесімен айналысқан қайраткер. Ол Бағаналы Бөрлі бидің жиені. Сонымен қатар Досбол би ел қамын, ел бірлігін берік ұстанған ел мақтанышы. Ол атақты Балғожа би, Мұғал билермен дәмдес болған адам. Досбол би жайлы әңгімелер көп, оның ағайын арасын татулыққа шақырған кездері көп кездеседі. Досбол бидің бүкіл ғұмыры Сыр бойында өтеді, сол кездерде бұларды «төрт төбе қыпшағы» дейді екен. Олай дейтіні ол кезде қыпшақтардың төрт басшысы болған. Олар: Досбол, Тұрсынбай, Тұрғынбай, Торғай датқалар. Сол кезде Досбол би «біз болсақ мұсылман еліне қосылдық, Арқадағы ел орыс болып кететін болды» деп Арқа қыпшақтарына «Сырға келіңдер, бір жерде болайық!» деп хат жазады.

Дұғай сәлем айтамын, Балғожа мен Қанқожа, Сөзіме құлақ сал қожа! Шүйіншәлі, Қарпықбай, Қазыбайұлы Наурызбай, Жадыңда болсын бір құдай. Ой Қыпшақ пен қыр Қыпшақ, Бәріңді жиса бір Қыпшақ, Мінгені бедеу, тоны шақ, Жал-құйрығы бір құшақ, Жал-құйрығын жайқалтып, Шапқылап жүрген сол бір шақ, Қоныс болар демеңіз, Арқаның сары даласы. Отан болар демеңіз, Орыстың салған қаласы. Осында жатып қорқамын, Орыс болып кетер деп, Сол жақта қазақ баласы. Ұзын судың бойынан, Бір жақсылық тосалық Онан жақсы болмаса, Қатын-бала қамы үшін, Басқа жаққа босалық, – деп хатты Қарабалық қыпшақтарының биі Қазыбайұлы Наурызбайға береді, Наурызбай би хатта аты аталған қыпшақтың Арқадағы игі-жақсыларына оқып беріп, енді Досбол биге қайыра жауап жазады: «Досбол би хат жазыпты біздің елге, Біздің ел Сарыарқада шалқар көлде. Сырлаған сарттың тамын мақтай бермей, Досбол би, өзің келші осы шеңге. Орыс жүр осы күні Сырды айналып, Салуға Сырға дуан ыңғайланып, Салғалы Сырға дуан он жыл болды, Кімің тұр соғысуға оңтайланып?! Баяғы мынау Орыс күйінде тұр, Бұл күнде Ақмешіттің түбінде тұр. Жалайыр, Үйсін, Дулат, Найман, Қыпшақ Жылына үш шабылып құрып отыр. Бұл сөзге өзіңізде түсінерсіз Тегінде жігіт емессіз білімірсіз Жылына Зекетім деп үш қыйнайды, Орыстан осы сартта дінсіз» Досбол бұл хатты алғаннан кейін үш датқаны шақыртып: «Мен Арқадағы ағайындарды шақыртып едім, олар мынадай жауап қайтарыпты, не айтасыздар»? – деп ақылдасады. Досбол бидің серіктері отырып: «Өзімнен басқа сөз білетін адам жоқ деп, аузы-басың сүйрендеп, бүлдіресің де жүресің. Айтқандары бекер ме? Зекетім дейді, пітірім дейді, жылына үш рет алады, олар болса орысқа үй басы 20-30 тиыннан «сбор» деген салық қана төлейді. Тек жатқан елде нең бар еді, ал енді өзің көш!» деп кейіпті.

Жағдай бұлай болғаннан кейін Досбол ағайындарды өзім аралап қайтайын деп Торғай бойындағы Торы ағайындарына келеді. Содан Көлденең және Қарабалық ағайындарын іздеп шығады. Алдымен Қарабалық Наурызбай биге келіп, екеуі құшақтасып көрісіп тұрғанда Наурызбай ағасына: «Сарттың қосын шеккенің, Арғымақ ат баққаның, Кілемнен жабу жапқының, Жат бауыр қылып балаларды, Кәнекей пайда тапқаның?» – депті. Сонда Досбол: «Оның рас, Науанжан, Арғымақты көп бақтым, Садағасы кетсін буданның, Сарттың қосын көп жектім, Садағасы кетсін туғанның», – дейді. Мұнда екі қонып, екі би Алтыбас Балқожаға барады, Балқожа Қыпшақтың үлкені деп Мұғал биді алдырады. Мұғал би: «Ілімің бар екен, Досболжан, Білімің қандай болар екен? Келісің жақсы, Досболжан, Кетісің қандай болар екен?» – депті данагөй қария, бұл биге келген Мұғал бидің: алыстан бауырым деп келген туғанның мерейінің үстем болуын Балғожаға ескерткені еді. Досбол екі қонып, жүруге Балғожадан рұқсат сұрайды. Балғожа: «Бауырың балшық, сыртың су болып келдің, Досеке, бір ай жатып, аунап, тынықпайсыз ба?» – дегенде Досбол: «Бір қондым-құдайы меймандығым, Екі қондым-ағайын-туғандығым, Үш қонсам болмай ма иттен туғандығым?!» –дейді. Балғожа қырық қысыраққа алған талай бәйгелерден озып келген торыжорға атты Досболға мінгізеді. Досбол мен Наурызбай мұнан шығып Шүйіншәліге барып түседі. Онда екі қонып, ұста Тұрмағамбетке барады. Досбол Тұрмағамбетпен көрісіп, екеуі де жылайды. Екеуі де көсе, әрі түрі сары екен. Наурызбай тұрып: мына екі кемпір баяғы өлген аталарын жоқтап тұр ма?-деп әзілдепті. Бұл сөзді көңіліне ауыр алып қалған Досбол би: «Көлде жүрген қоңыр қаз, Шөл қадірін не білсін?! Шөлде жүрген дуадақ, Көл қадірін не білсін?! Тауда жүріп, таста өскен, Әкенің қайраты қайтқанда, Шешенің қайраты артқанда, Ер қадірін не білсін?» – депті. Досбол мұнан шығып Қарпық байға барып екі қонып, онан шығып Торғайдағы Торы туыстарына барып ол жерде қыс қыстап, жаз шыға Сырдағы еліне көшіпті. Досбол еліне келгеннен кейін, елінің игі-жақсылары жиналып, келіп: «Ағайынға барып келдіңіз, жақсы қарсы алды ма, өзіңіздей адамдар ма екен?»-деп сұрапты. Сонда Досбол тұрып: «өз туғандарымнан гөрі Көлденең, Қарабалық ағайындар жақсы қарсы алды. Балғожа деген бар екен, дарылдаған қара екен, Шүйіншәлі деген бар екен, қарамекер екен, ақылының аз-көбін байқатпады. Наурызбай деген жас бала бар екен, билігінде айбы жоқ, ішін мысқыл кернеп кеткен екен, Көлденеңде бір би бар екен, алды-артымды екі ауыз сөзбен қамады, қанша сөйлесемде одан аса алмадым», – депті. Досболдың қайта көшіп келгенін Қоқанның бегі естіп, шақыртып, «Сені орысқа бағынған ағайынына кетті деп еді, ағайындарың жақсы ма екен?» – деп сұрағанда, Досбол би: «Ой, тақсырым-ай, жаман десем барам ба? Жақсы десем қайтіп келем бе?» – деп жауап беріпті. «Орысқа бағынам деп кетіпті деп еді, енді неге қайтып келдің?» – дегенде: «Ой, тақсыр-ай, жерімді сағынам, еліме келдім, елімді сағынам, бегіме келдім», – дегенде бек те оның сөзіне разы болып сый-сияпатымен қайтарыпты.

Досбол би айтыпты деген сөз халық аузында жеткілікті, бірақ оның бәрін жаза беруге болмас. Фотолар Оқшы Ата кесенесінде түсірілген. Суретке түсірген Амандық Қорғанұлы

0
0
5130

Еще по теме

Досбол би - Yvision.kz