Перейти к содержимому

Діни қағидалардың қоғам үшін маңызы қандай

Көрнекі сурет

Дін – көзқарастар жүйесі. Кейбіреу үшін дін өмірдің мағынасы болса, кейбіреулер дінге сенбейді.

Ежелгі заман адамы өзін табиғаттан бөлек сезіне алмады, себебі оны қоршаған әлем құпияға толы, оның өмірі мен өлімі соған тікелей байланысты күш ретінде қабылданды. Осылайша ежелгі адамда табиғат – тірі және құдіретті деген сенім пайда болды.

Уақыт өте келе дін күрделеніп, әр тарапқа бөлінді. Адамдар көптеген Құдайға табына бастады.

Тілдік ерекшеліктеріне қарай буддизм, христиандық және ислам секілді әлемдік діндер қалыптасты.

Ғасырлар бойы қазақтар ислам өркениеті мен мәдениеті аясында өмір сүріп, ислам дінін ұстанып келеді. 8 ғасырда Қазақстан және Орта Азия жеріне Ислам дінін тарату үшін арабтар жорықтар жүргізді. Атақты Кутейба ибн Муслим Мәуреннахр жеріне кірді. 714 жылы Шаш (Ташкент) және Фарабты (Отрар) бағындырды. 751 жылы шілде айында мұсылман әскері Талас маңында Атлах деген жерде Тан империясының әскерін жойқын соғыста жеңіп шыққан. Талас жеңісінен кейін Ислам діні Қазақстан жеріне біржола орнықты. Бұл жеңіс Орталық Азия елдерінің діни болмысы мен тұрпатын шешті.

Қазақ елінің ұлт болып қалыптасуы мен мемлекет құруда ислам діні мен құндылықтарының алатын орны ерекше. Бүгінгі Қазақстан халқының 70 пайызы мұсылмандар. Ислам діні дүние жүзі елдеріне Мұхаммедтің (с.а.у) – сахабалары арқылы тарады. Ислам діні әрбір елдің әдет-ғұрыптары мен дәстүріне, діліне, жергілікті ерекшеліктеріне қарай орнықты. Қазақ елі ислам дінін қабылданғаннан бастап құлшылықтарын имам әл-Ағзам Ханафи мазһабы негізінде атқарған.

Алматы қаласының орталық мешіті. Сурет: kazakhstan.travel

Қазақстанның халқында христиан дінін ұстанатындар саны – 17 пайыз шамасында. Олар көбіне христиан дінінің православие бағытын ұстанады.

Шіркеу. Көрнекі сурет: kz.all.biz

Қазақстандағы буддизм өкілдерінің саны – 2021 жылғы санақ бойынша 15 458 адам.

Сонымен қатар атеистер, яғни, дінге сенбейтін адамдардың да бар екені жасырын емес.

Дін не үшін керек? Сауд Арабиясы, Судан, Ауғанстан сияқты елдерде діннен шыққан адамды өлім жазасына кеседі. Негізінен көбіне дінге кіруге зорлық жасалмайды.

Өмірдің мәнін түсіну үшін дін керек. Адамдар бәрін дұрыс жасап, маңызды мақсатқа ұмтылып жатқандары үшін дінді қажет етеді. Діндар адам үшін рухани толығу дін арқылы жүреді.

Өлімнен қорқу. Өлімнің бір күні келетінін білетін адам бейсаналы түрде ажал – ол да бір кезең екеніне, өлімнен кейін өзге өмір басталатынына сенеді.

Әділдікке талпыну. Кез келген пенде жақсы адамдар мадақталып, нашар жандар жазаланғанын қалайды. Бұл тұрғыда діни қағидалардың алатын рөлі жоғары.

Түсініксіз ұғымдарды түсіндіруге талпыну. Мысалы, адам дұға оқыған соң ауырғаны жазылып кетсе, ол бұны Құдайдың рақымы деп түсінеді.

Діннің артықшылығы қандай? Діни наным-сенімі жүрегінде жатқан адам зиян әдеттерге бармауға тырысады, өзін шектейді. Құлшылығын үзбейтін жанның жүрегі тыныш болады, діни орындар көбіне адамның бойына жылулық, тыныштық сезімін сыйлайды.

Дінге жақын жан өзгеге қамқор. «Құдайдың алдында бәріміз теңбіз» деп есептейтін адам өзгелерді жек көруден ада болуға тырысады. Бәрін жақсы көріп, айналаға мейірім шашып, бәріне көмек қолын созғысы келеді. Олар қайырымдылық шараларына белсенді қатысады, ерікті болып жоқ-жітіктерге көмектесуді де өзінің парызы ретінде санайды.

Тығырыққа тірелген кез келген адамның соңғы нүктесі – қасиетті орындар. Айықпас дертке шалдыққан немесе жақынын жоғалтқан жанға қалыпты өмірге қайта оралу үшін діннің көмегі орасан.

Діннің зияны бар ма? Дін адамдарды қатал ережеге байлайды, мысалы, ислам дінінде ораза ұстау, жұма сайын мешітке бару, бес уақыт намаз оқу деген сияқты қағидалар болса, христиандық православиеде пост ұстау, жексенбі сайын шіркеуге бару деген секілді ережелер бар.

Діндар адамдар медициналық көмектен бас тартып жатады, екпе алмайды.

Әйелдердің құқы шектеледі. Ислам діні бойынша әйел адам хиджаб киіп, еркектің айтқанына бағынып, үйде отыруы тиіс. Бұл әйелдің жұмысқа тұруына, оқуға баруына кедергі болып жатады.

Дінге толық берілген адам отбасы, мансап секілді дүниелерді тәрк етіп жатады.

Жалпы алғанда дін қоғамның әр мүшесі үшін әлемді тану құралы. Дін – жұбатушы, үміт беруші, сүйеніш. Дін адамға әлеуметтік және психологиялық тұрғыда көмек береді, оған жеңілдік сезімін сыйлайды.

Автор: Мейіргүл Оңғарова

0
0
521

Еще по теме

Діни қағидалардың қоғам үшін маңызы қандай - Yvision.kz