ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
23 маусым күні аудан әкімдігінде аудан әкімі Альберт Есалиевтің төрағалығымен 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын талқылау жиыны өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Қадер Нұрғалиев, «Nur Otan» партиясы Казталов аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин, аудандықсәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Әділжан Өтебаев, «ТасқалаТрансГаз» директоры Тілек Махметов, «ПроектСтройИнженеринг» ЖШС директоры Серік Қадыров, «Мұнай жолдары» ЖШС, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.», қоғамдық кеңес және БАҚ өкілдері қатысты.
Өткен жылдың шілде айында құрылысы басталған 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысының тұралап қалуы көптің назарын туғызды. Нысанның құрылысы сынға алынған жазбалар әлеуметтік желіде желдей есті. Оған қоса нысанның құрылысына қатысты аудан әкімінің орынбасары Қадер Нұрғалиевпен де арнайы сұхбаттасқан болатынбыз. Бірақ құрылысқа тапсырыс беруші жеке компания болғандықтан, нақты жауап беру де қиынға соқты. Бүгінгі жиында аталған нысанның болашағы жан-жақты талқыланды. Жиын барысында құрылыс жұмыстарына жауапты «ТасқалаТрансГаз» директоры Тілек Махметов сараптама жұмыстары жүргізілгеннен кейін құрылысты қайта бастауға әзір екендігін жеткізді. Тапсырыс беруші компания өкілі өз тараптарынан нақты шешімдер қабылданып жатқанын және хабардар ететіндігін айтты. Кешеннің құрылыс жұмыстарының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Nur Otan» партиясының 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасында көрсетілгенін және 2021 жылдың жоспарында тұрғандығына тоқталған партияның Казталов аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин нысанның құрылысы ұдайы партия бақылауында болатындығын атап өтті. Қоғамдық кеңес өкілдері де жиында құрылыс жұмыстарының жоспарға сай және сапалы жүргізілуі бақылауда болатындығына тоқталды. Аудан әкімі Альберт Есалиев кешеннің құрылысы жөнінде тиісті жұмыстар атқарылып, нақты шешім қабылдану қажет екендігін ескеріп, жауаптыларға тиісті міндеттер жүктеді.

