Дата-журналистика
Дата-журналистика – журналистика саласындағы жаңа бағыт. 2006 жылы ғана қолданысқа түсе бастағанымен әлем медиасы арасында трендке айналуда. Деректер журналистикасының дәстүрліден басты артықшылығы -оқырманға ақпараттың визуалды түрде, яғни түрлі кестелер мен графиктер арқылы берілуі. Қазіргі таңда Қазақстанда деректер журналистикасымен айналысатын мамандар тобы қалыптасып жатыр. Ашық деректер көзінен алынған ақпаратты сараптап, оқырманға түсінікті тілде жеткізу толассыз еңбекті талап етеді. Дәл осы салада еңбектенетін мамандар санын арттыру – журналистиканың алдағы басты мақсаттарының бірі.
Медиа саласындағы жаңашылдықтарды, оның ішінде деректер журналистикасының негізін үйрету мақсатында медиамектептер түрлі тренингтер мен шеберлік сағаттарын өткізеді. Солардың бірі - Cabar Asia. Медиамектеп сандық кеңістіктегі журналистиканың бағыттарын Орталық Азия елдері аумағында таратып, бүгінгінің өзекті тақырыптарын талқылайды. Осындай дәрістердің бірі Cabar Asia журналисі әрі амбассадоры Зульфия Раисова мен Тұран университетінің Журналистика мамандығының 3 курс студенттері арасында болды. Дата-журналистика саласында тәжірибесі бар маман деректермен жұмыс істеудің заңдылықтары мен инфографикалық қосымшалар жайлы ақпаратпен бөлісті. Онлайн кездесуден деректер журналистикасы әлемдік ақпараттардан хабардар болу мен жаңа тенденцияларды меңгеруге жол ашады деген түйінге келуге болады. Бұл кездесу болашақ мамандарды айтары бар, өз тәжірибесіне сүйене отырып сұрақтарға жауап бере алатын журналистермен пікір алмасуға мүмкіндік жасаудың үлгісі.
