«ДАРЫН» ОРТАЛЫҒЫ АТА-АНАЛАРДЫ ОҚУШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН АҚЫЛЫ ЗИЯТКЕРЛІК ОЛИМПИАДАЛАРДЫ ТАҢДАУ КЕЗІНДЕ МҰҚИЯТ БОЛУҒА ШАҚЫРАДЫ
Соңғы уақытта әр түрлі ұйымдардың жоғары сынып оқушылары арасында ақылы зияткерлік іс-шаралар мен ғылыми-зерттеу сипатындағы турнирлер өткізу оқиғалары жиілеп кетті. Көптеген ата-ана олимпиадаларда жеңіске жету жоғары оқу орындарының білім гранттарын алуда маңызды болады деп есептеп, қаражат қарастырып, балаларын қатыстыруға тырысады. Алайда, ата-аналардың, оқушылар мен мұғалімдердің мынаны білгені жөн. Елімізде дарынды балаларды анықтау, оқыту және оларға қолдау көрсету бойынша жұмыстарды үйлестіруді, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық деңгейдегі зияткерлік іс-шаралар (турнирлер, фестивальдер, ғылыми жарыстар және жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадалар) өткізуді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы жүзеге асырады. Барлық зияткерлік іс-шара тегін өткізіледі.
Дарынды балаларға арналған білім беру ұйымдарының желісін кеңейту, қазақстандық құрама командалардың халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда лайықты нәтиже көрсетуі – Қазақстанның дарынды балалармен жұмыс жүргізу жүйесінің мақсатты қызметінің нәтижесі.
Дарынды балаларға мемлекеттік қолдау көрсету формаларының бірі білім гранттарын алуға арналған конкурс өткізу кезінде жаратылыстану-математика циклындағы пәндерден Президенттік олимпиаданың, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне басым құқық беру болып табылады. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстар тізбесі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітіледі (құжаттың төменгі жағындағы сілтеме бойынша қараңыз).
Бүгінде білім нарығында жеке ұйымдардың ұсынып отырған барлық олимпиадалары білім гранттарын алуда басымдық құқығын бермейді. Оның үстіне олар ұсынған тапсырмалардың сауатсыз жазылғанын былай қойғанда, беріліп отырған міндеттерінің деңгейі мен сапасының өзі ата-аналардың күмәні мен сауалдарын туындатуда. Мысалы: «Если к двузначному цифру прибавить», «Обозначьте хвойных пород деревьев», «Айжан умножить на определеннную цифру…», «На поку («л» әрпі түсіп қалған) поставить пять книг» және осы секілді мысалдар жетіп артылады.
Ата-аналар, әрине, балаларының кез келген олимпиадаға қатысуына ақы төлеуге құқылы. «Дарын» Орталығы өз тарапынан оқушылардың қатысуымен өткізілетін осындай зияткерлік іс-шараларды таңдауда барынша мұқият болуға және олардың қаншалықты қажет әрі балаға қаншалықты нақты пайда әкелетінін саралауға шақырады.
«Дарын» Орталығының баспасөз қызметі
ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқаулардың тізіміне сілтеме: https://goo.gl/MMBeQA
Суреттің дереккөзі: http://daryn.kz/

