Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

«Дәмді» жарыстар: студенттер әзірлеп, әрлейді

«Дәмді» жарыстар: студенттер әзірлеп, әрлейді

Аспазшы – ертеден келе жатқан құрметті де қажетті мамандық. Аспаздық шеберліктің қыр-сырын үйрену үшін мыңдаған қыз-жігіттердің жыл сайын қазақ колледждеріне түсуге талпынуы таңсық емес. Биыл олардың үздік дегендері Астанадағы Көрме орталығына жиналды. Мұнда, WorldSkills Kazakhstan байқауында, жас аспазшылар бар өнерлерін салып, өз білгендерін іс жүзінде жүзеге асырады. Жастар үшін бұл тек әлемдік біріншілікке бару ғана емес, сонымен қатар мықты деген жұмыспен қамтушылар алдында да өзін көрсете білу мүмкіндігі болып отыр. 

WorldSkills Kazakhstan-ның ең «дәмді» секциясы

Жарысқа қатысушыларды қабылдап отырған Көрме орталығы мамырдың 3-нен 5-не дейін 23 секцияға бөлінген. Биыл WorldSkills Kazakhstan-ға кәсібиліктің осынша саласы ұсынылған болатын. «Аспаздық шеберлік» секциясы бірден өзіне баурап алады: жас аспазшылар небір аспаздық туындыларымен қазылар алқасын да көрермендерді де таң қалдыра отырып, нағыз кереметті жасайды. 

Дегенмен, жеңіске жету үшін бір ғана тағам жасалмайды: қатысушылар тіскебасардың түрлері мен сорпа және ыстық тамақпен қатар шайға тәттілерді де әзірлеп, көрсетуі қажет. Негізінде әрбіреуін сарапшылар дәміне, әдемілігіне қарай бағалайтын үйреншікті мәзір. Ең мықты аспазшылар жүлделі орынға ие болып, финалға жолдама алады. 

Kazakhstan WorldSkills аясында – колледж студенттері арасындағы техникалық және кәсіби деңгейдің ұлттық чемпионатында – Астанада 200-ден аса адам бас қосты. «Үздіктердің ең үздігі» елімізді әлемдік біріншілікте таныстыратын болады – биыл Біріккен Араб Әмірліктерінде өтеді. Қазақстан WorldSkills-ке осымен үш жыл қатарынан қатысып келеді. Сарапшылардың пікірінше, біздің жастар әлемдік финалдағы жеңіске жету мүмкіндігін арттырып, өз шеберліктерін үнемі жетілдірумен келеді. 

Әлі студенттер – бірақ кәсіпқой мамандар

Байқауға қатысушылар бар күшін салады. Біз олардың теңіз өнімдерін пайдалану арқылы тіскебасар дайындығына куә болдық. Мысалы, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінен Александр Дубинин әділ-қазылар алқасына грильде дайындалған ақсерке мен көксерке, саумалдық пен көкөністер және теңіз өнімдерін ұсынбақшы екен. 

Астананың Экономика, технология және тағам өндірісін стандарттау колледжінен Нұргүл Ибишева ішіне фарш салынған кальмарды дайындапты. 

Дайындау уақыты, технологиясын сақтау, дәмділігі мен қонаққа ұсыну ерекшеліктері – осының барлығы сарапшылардың баға беруіне себеп бола алады. Қыз-жігіттер өзге қатысушылардың шеберліктеріне тамсанып, қобалжуда. Алайда, қарсыластардың кәсіби шеберлігін өз пайдаңа жаратуға болады. «WorldSkills-те өзім үшін кейбір нәрселерді біліп қалдым: тісбасардың салқындатылған түрін ұсынудың бірнеше амалын байқадым. Қатысушылардың біреуінің тағамды әрлеуі маған қатты ұнады. Бірден көзге түседі екен», – дейді Александр Дубинин. 

Байқауға қатысушылардың басым бөлігі қазірдің өзінде өз ісінің шебері екенін байқатты. Аспаздық шеберліктің қыр-сырын колледжден-ақ әбден меңгеріп алған жастар өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп те жүрген көрінеді. Нұргүл – қонақүйдегі ас үйдің тағамдардың салқындатылған түрлері цехының аспазшысы. Жұмысы өз болашағын алдын ала жоспарлай отырып, таңдап алған мамандығы сияқты өзіне қатты ұнайды. Александр болса пиццереялар жүйесінде аспазшы болып істейді. Оның артықшылығы сол, мекеменің ас үйі бәріне айқын, яғни келушілер тағамның қалай дайындалып жатқанын көре алады. «Бұл да бір қорқыныш, мен қарап тұрғандарға көңіл аудармай, асты әзірлеуге тырысамын», – дейді Александр. 

Байқауға қатысушыларға көмектесу және тәжірибе жинақтау

Үздік атанып, байқауға қатысу бәріне бірдей бұйыра бермейді. Бірақ, байқауға қатысушыларға көмекші ретінде қатысып, чемпионат туралы жетік танысып, тәжірибе жинақтауға болады. Біз сондай еріктілердің бірімен әңгімелесіп отырмыз. Астананың Экономика, технология және тағам өндірісін стандарттау колледжінен Дәурен Жұмжановтың байқауға қатысуға жасы жеткен жоқ, келесі жылы ғана қатыса алады. 

«Еріктілердің міндеті – қатысушыларды таза ыдыстармен қамтамасыз етіп, жұмыс орындарының тазалығын қарау, – дейді Дәурен, – Біз оларға ас әзірлеуге көмектесеміз, бірақ сөйлесуге, ақыл-кеңес беруге тыйым салынады. Егер қатысушы менен бірдеме сұраса, үндемеуім қажет. Өйткені бұл ережеге қайшы». Байқауға қатысушылармен жарыс барысында сарапшылардан басқа еріктілерге ғана емес, бәріне сөйлесуге болмайды. 

Жылдан жылға – одан да жақсы

WorldSkills Kazakhstan сарапшылары – байқауға қатысушылар оқитын қазақстандық колледждердің ұстаздары мен жетекшілері. Әділ-қазылар өз студенттеріне «бүйрек» бұра алмайды: олар басқа қатысушыларға баға береді. Ең басты әділ-қазылар – тапсырма беретін сарапшылар. Олардың міндеті – тағамды салмағына, түріне және дәміне қарай тексеру. Барлық «тест» құпия бөлмеде жүргізіледі. 

Тәуелсіз сарапшылардың бірі – Қазақстанның мейрамханалары мен клиенттері Қауымдастығының төрағасы Сайран Хамзин – қатысушылар мен ұйымдардың деңгейі жылдан жылға жақсарып келеді деп санайды. «Бірнеше жылдан кейін әлемдік байқауда жүлделі үш орынның біреуін алатындай деңгейге жетіп қалдық. Бүгінгі қатысушылар өте мықты. WorldSkills чемпионаты болса – керемет іс-шара», – дейді Сайран Хамзин.


0
0
950

Еще по теме