«ЦИФРЛЫ ҚАЗАҚСТАН»-ЖАҢҒЫРУҒА БАСТАЙТЫН ҚАДАМ
Бүгін «Nur Otan» партиясы Отырар аудандық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, «Jas Otan» ЖҚ-ның төрағасы Шадияр Тілеубергенұлы мен партия белсенділері Қазақтелеком акционерлік қоғамы Отырар аудандық желілі техникалық бөлімшесінің мамандарымен кездесіп, ауданда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асу барысымен танысып қайтты.
Кездесуде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ауылдық елді-мекендерде оптикалық-талшықты байланыс желісін салу жобасы іске асып жатқаны туралы баяндаған бөлімше бастығы Нұржан Сансызбайұлы Жұмаділдаев аталған жұмыстардың маңыздылығына тоқталып өтті.
Ол өз сөзінде: «Цифрлы жүйені өмірге енгізу арқылы халықтың тұрмыс сапасын арттыру, аймақтың барлық салаларын цифрландыру, шалғай ауылдарға интернет жеткізу мәселелері өз шешімін табатын болады. Бүгінгі таңда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында Отырар ауданы бойынша Көкмардан, Шытты, Арыс, М.Шойманов, Аққұм ауыл округтерінде оптикалық-талшықты байланыс желісін салу жұмыстары аяқталса, қалған Қоғам, Талапты, Көксарай, Маяқұм, Балтакөл ауылдарындағы қарқынды жұмыстар осы айдың соңына дейін өз нәтижесін беретін болады. Компания ТОБЖ жобасын өз қаражатына іске асырып отыр. Жоба аясында мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік ұйымдарды сапалы интернетке жалғайды. Бұл жобаның сәтті жүзеге асуына біздің компаниямыздың ірі акционері - «Самұрық-Қазына» қорының осы бағыттағы қолдауы сеп болды. Салынған инфрақұрылымды нарықтың басқа да қатысушылары, оның ішінде ұялы байланыс операторлары ішкі желілерін құрып, телекоммуникация қызметтерінің барлық спектрін ұсыну үшін пайдалануына болады»,-дей келе партия белсенділері тарапынан туындаған сауалдарға жауап берді.
ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев елімізде жүзеге асып жатқан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығын айта келе: «Цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз»,-деп атап көрсеткен болатын. Жалпы ХХІ ғасыр - сандық технологиялар ғасыры. Ақпараттық технологиялар қарыштап, озық инновацияның дәуірі жетті. Озық отыз елдің қатарына енуді мұрат еткен мемлекетіміз үшін ауылдық жерлердегі интернет желілерінің сапасын арттыру назардан тыс қалмауы тиіс.
