ҰБТ ЖАҢА ФОРМАТЫ ТУРАЛЫ: БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІМЕН СҰХБАТ
Кезекті оқу жылы аяқталды. Қазақстанның барлық мектептерінде соңғы қоңырау соғылды, енді жоғары сынып оқушыларын үлкен сынақ – Ұлттық бірыңғай тестілеу шарасы күтіп тұр. Білімін жалғастырып, еліміздің жоғары оқу орындарында оқығысы келетін оқушылар үшін ҰБТ нәтижесі аса маңызды.
Білім және ғылым министрлігі жыл сайын ҰБТ форматын өзгертіп, тест тапсырмаларын жаңа заман талабына сай етуге тырысуда. Заманауи бәсекеге қабілетті білім дегеніміздің өзі сол, мұндай білім алған Қазақстан азаматы ой қорыту деңгейі, интеллектуалдық және аналитикалық қабілеті жөнінен әлемдегі дамыған елдердің азаматтарымен бір қатарда тұруы тиіс. Бұл жөнінде мемлекет басшысының “Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту” атты бағдарламалық мақаласында жеке бөлімде айтылады. Біздің министрлік те дәл осы бағытта жұмыс істеп отыр.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев “Жеті күн” бағдарламасына (“Хабар” арнасы) сұхбат беріп, Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) жаңа форматы туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.
С: Биыл ҰБТ форматы айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Тест тапсырудың жаңа механизмдері қандай болмақ?
М: Алдымен мектептегі қорытынды емтихандар туралы айта кеткен жөн болар, бұл сынақ 29 мамырдан 10 маусымға дейін өтеді. Министрлік бұйрық шығарып, барлығының кестесін жасап қойған, барлық пән бойынша емтихан күндері белгіленді. Барлық мектептер бұл бұйрықпен танысты. Қорытынды емтиханға арналған сұрақтар, эссе тақырыптары, сұрақтардың жауабының кілті дайын, конвертке салынып бекітіліп, облыстық білім басқармаларына жіберілді. 22 мамырдан 27 мамырға дейін облыстық білім басқармалары бұл материалдарды әр мектепке жеткізеді. Емтихан материалдары бар конверт әр емтихан өтетін күні комиссияның қатысуымен ашылады, комиссия мектепте құрылады.
Енді ҰБТ өткізуді ұйымдастыру мәселесіне келсек. Тестілеу 20 маусымнан 1 шілдеге дейін 165 ҰБТ өткізу бекетінде өтеді. Бұл орайда ешқандай өзгеріс жоқ, былтырғы бекеттер, саны да сол күйінде қалды. Бұған дейінгі жылдардағыдай тіркеу, балаларды ҰБТ бекетіне алып бару жауапкершілігі мектептердің мойнында. Әкімдіктер жеткізуге, тамақтандыруға, тұратын жеріне, тестілеу өтетін кезеңдегі балалардың қауіпсіздігіне жауап береді – жергілікті бюджетте оған қаржы бөлінген. Жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне түсу үшін биылғы тамыз айында және келесі жылдың қаңтар айында ҰБТ-ны қайта тапсыру мүмкіндігі сақталады.
Тестілеу туралы айтар болсақ, жалпы алғанда, балалар дайын. Бүгінгі күнге дейін 90 мың түлек тест тапсыруға өтініш білдіріп, 450 рет сынама тесттен өтті, яғни әрқайсысы 5 реттен әрекет жасады. ҰБТ өткізетін уақыт жақындағанда тестілеуден өтуге өтініш білдіретіндер саны екі есе артады деуге негіз бар. Министрлік өткізген сынама тест нәтижелері жаман емес. Мәселен, “Қазақстан тарихы” пәні бойынша балалардың тек 4 пайызы ғана шекті балды жинай алмады. Біздің міндетіміз – әр оқушының сынама тестті мейлінше көп тапсырып, ҰБТ-да өзін еркін сезінуіне жағдай жасау.
Енді ҰБТ форматы жөнінде. Тестілеу 5 пән бойынша өтеді: 3 міндетті және 2 бейінді пән. Барлығы 120 тапсырма, ал ең жоғарғы балл – 140. Грант бөлген уақытта барлық тест тапсырмасы бойынша алынған балл есепке алынады. Естеріңізде болса, бұрын 125 тапсырманың тек 100-інің ғана жауабы есепке алынатын. Шекті балл өзгермейді. Ұлттық медициналық және ауыл шаруашылығы саласындағы жоғары оқу орындарында сәйкесінше 65 және 60 балл. Басқалары үшін – 50 балл. Мұның барлығы былтырғы жылдағыдай өзгеріссіз қалды.
С: Биыл ҰБТ сауалдар базасында өзгерістер болды ма?
М: ҰБТ-ның тест тапсырмаларының сауалы барлық пән бойынша жасалып қойды. Тест тапсырмалары жыл сайын 30-35 пайыз жаңарады. Тест базасы өзінше жабық аймаққа жатады, оған мен араласа алмаймын. Сұрақтар мен тест тапсырмасын дайындау үшін жыл сайын мамандардан тұратын сарапшылар комиссиясы құрылады, белгілі бір дәрежеде оларға рұқсат беріген. Сұрақтарды бекітетін де осы комиссия, содан кейін оларға мөр басылады және ешкімнің оларды қарауына, алуына рұқсат берілмейді. Бұл – мемлекеттік құпия. Мен тек бұл жұмыстың жасалып қойғанын ғана білемін.
С: Биылдан бастап колледж түлектерінің жоғары оқу орнына түсу механизмдері жеңілдетілгені белгілі. Қазір колледж бітірушілерге қандай талаптар қойылады?
М: Расында да, колледж түлектері үшін оқуға түсу механизмі жеңілдетілді. Бұрын олар кешенді тестілеуден өтетін, оның тәртібі мен мазмұны ҰБТ сияқты болатын, ал балалар колледжде оқып жүрген уақытта мектеп бағдарламасын ұмытып та қалатын. Биылғы жылдан бастап, егер колледж түлегі өзінің мамандығы бойынша білімін жалғастыратын болса, яғни колледжде оқыған мамандығына түссе, бар болғаны екі бейіндік пәннен тапсырады. 60 сұрақ беріледі, ең жоғары балл – 70, шекті балдың мөлшері – 35. Бұл жаңалық колледжден кейін оқуға түсетін абитуриенттер үшін айтарлықтай жеңілдік деуге болады.
С: Биылдан бастап жоғары оқу орнына түсетін мамандықтар саны артады деген ақпарат бар. Сонымен бірге, екінші бейіндік мамандық алу мүмкіндігі болады деседі…
М: Иә, расында да солай, бұрын бір бейінді пән болса, қазір олардың саны екеу. Бұл жаңалық “таңдау кестесін” кеңейту үшін енгізіліп отыр. Мәселен, егер сіз физика мен математиканы таңдасаңыз, 52 мамандықтың ішінен таңдау жасай аласыз. Бұрын бұл формат біраз шектеулі болатын.
С: Биылдан бастап талапкерлер жергілікті және республикалық бюджеттен грант алу мүмкіндігіне ие болмақ. Осы жөнінде толығырақ айтып берсеңіз.
М: Биыл талапкерлер тұңғыш рет рсепубликалық бюджет есебінен берілетін грантқа таласа алады. Әкімдіктерге де грант бөлу құқығы берілген. Бакалаврға мемлекеттік тапсырысты арттырдық, шамамен 5000 орынға артық. Соған сай магистратура мен докторантураға бөлінетін орын саны да артты. Неліктен әкімдіктерге мұндай құзірет беріп отырмыз дегенге келсек, себебі олар жергілікті нарықтың қажеттілігін жақсырақ біледі. Сонымен қатар, олар өздерінің аймағындағы жоғары оқу орындарына қолдау білдіріп, жергілікті түлектерге грант бөле алады.
С: ҰБТ-2017 тапсыруға дайындалып жатқан оқушыларға қандай тілек айтар едіңіз?
М: Аса уайымдаудың қажеті жоқ. Оқушылар ҰБТ-ға дайын, біз де процесті жеңілдетіп, жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігін жылдан-жылға арттырып жатырмыз. Әлбетте, балаларға табыс тілеймін!

