ҰБТ СҰРАҚТАРЫ ЕРЕКШЕ ҚҰПИЯ ӘДІСПЕН БАСЫЛҒАН
«Алтын белгіден» үміткер қазақстандық мектеп бітірушілердің 93,5 пайызы қорытынды аттестация кезінде алған білімдерінің алтынға лайық екенін растап шықты.
29 мамыр мен 9 маусым аралығында елдегі 5 190 мектебінде он бірінші сыныпты бітіруші 125 мың түлек емтиханға қатысты. 20 маусым күні білімдерін жоғары оқу орнында жалғастырғысы келген түлектер Біріңғай ұлттық тестілеуге кірісті. Жақында білім және ғылым министрілігі өкілдерімен өткен брифинг барысындағы басты тақырып осы мектепте өткен аттестация мен республика бойынша ұйымдастырылған Ұлттық біріңғай тестілеу науқанына арналды.
Министрліктің мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының міндетін атқарушы Зейнеп Мақсұтованың айтуынша, емтиханға 5 пән кірді. Оның төртеуі міндетті болса, біреуі үміткердің таңдауы. Биыл «Алтын белгіге» шамамен 6 мың мектеп бітіруші ие болды. «Ал бұл - талапкерлердің 93,5 пайызы», – деді Зейнеп Мақсұтова. Өткен жылы бұл көрсеткіш 48 пайыздың үстінде ғана болған. Мұндай жетісткке жаңа енген ереже сеп болғаны айқын. Бұған дейін «Алтын белгіге» үміткер 5-11 сынып аралығында бестен төмен баға алмай, Біріңғай Ұлттық тестілеуден жоғары балл алуы керек болатын. Биылдан бастап төсбелгіге мектеп бітіру барысындағы емтихандарды үздік тапсырғандар ие болады. Білім және ғылым министрлігі өкілдері бұған психологиялық жағдайдың да көп септесткендігін айтады. Себебі балалар ұшқан ұяларында, үйренген мектеп қабырғасында сынақ тапсырды. «Өз үйім – өлең төсегім» деген көңіл күйдің арқасында балалардың күйзеліске түспегеніні айқын.
Маусымның 10-12 аралығында мектеп бітіру емтиханын тапсырғандардың барлығына орта білім туралы аттестат табысталды. Салтанатты мектеп бітіру кештері 15 маусымға дейін өтіп, жоғары білім алсам деп талаптанған оқушылар Біріңғай ұлттық тестілеу науқанына араласып кетті. Жалпы алғанда 100 мыңға тарта талапкер Қазақстан тарихы, оқу сауаты, математика (20 сұрақ келеді), өздері таңдаған қосымша екі пәннен (әрқайсында 30 сұрақтан келеді) тест сұрақтарына жауап береді. «Ұлттық тестілеу орталығының» басшысы Рамазан Әлімқұлов барлық емтихан сұрақтарының ерекше құпия тәсілмен басылғанын, арнайы комиссия мүшелері дайындағанын, тіпті Білім және ғылым министрлігі үшін де құпия болып келетінін айтты.
Тестілеу бүкіл республика аумағында 165 бекетте өтеді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлікпен тасымалдау, медициналық қызмет көрсету, тамақтандыру және сынақ тапсыруға қолайлы жағдай жасау – жерлігілікті атқарушы органдардың міндетіне жүктелген. Ал ұстаздар мен Біріңғай Ұлттық тестілеу өтетін бекет әкімшілігі «Ұлттық тестілеу орталығы» ұйымдастырған қысқа мерзімді тренингтерден өтті.
- «Министрліктің талаптары орындалды. Барлық жауапты органдар Ұлттық біріңғай тестілеуге дайындалды. Бәрі ойдағыдай өтіп жатыр», – деп есеп берді «Ұлттық тестілеу орталығының» директоры. Рамазан Әлімқұлов биылғы өту межесінің былтырғыдай 50 балл деңгейінде қалғанын айтты. Ұлттық жоғары оқу орындары – 65 балл, медицина, педагогика, ауылшаруашылығы саласы мамандықтары мен ветеринария – 60 балл. Дей тұрғанмен, біріңғай ұлттық тестілеу барысындағы ең жоғарғы балл шегі – 140. «Жиналған балдар жоғары білім алуға грант бөлу кезінде ескеріледі», – деді Ұлттық тестілеу орталығының» директоры Рамазан Әлімқұлов.
Айтпақшы, биыл соңғы 5 жыл ішінде тұңғыш рет тегін білім грантының саны артты. Бакалавриатқа шамамен 37 мың грант, магистратура үшін шамамен 10 мың, PhD докторантурасы үшін 1300 орынның айналасында бөлінген. Мұнымен қатар, осы жылдан бастап әкімдіктер де грант бөле алады. «Жоғары оқу орындарына түсу үшін әкімдіктердің де грант бөле алатындығы туралы» заң мамыр айында күшіне енді. Яғни, 37 мың грантқа тағы да жергілікті бюджеттен бөлінетін 3-5 мың грантты қосыңыз. Осылайша, талантты балалар үйінен ұзамай білім алуға мүмкіндік алады», – деді ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Дархан Ахмед-Заки.
Былтыр оқу бітіріп, қандай да бір себептермен жоғары оқу орындарына құжат тапсырмаған немесе түсе алмаған балалар мен колледж түлектерінен тест алу тәртібі туралы да тоқтала кетті. «Олар үшін ерекше жағдай жасалған. Бұрын олар барлық мектеп бітірушілермен бірдей сынақ тапсыратын. Биылдан бастап тек колледжде оқыған өз кәсібіне керекті пәндерді ғана тапсырады. Бұл – жоғары білім алудың қол жетімді бола түскенінің айғағы», – дейді Дархан Ахмед-Заки. Мұнымен қатар, қазақстандық жоғары оқу орындарына шет елдік студенттерді ауыстыру шаралары да жеңілдетіле бастады. Енді өзге елдердің азаматтары кешенді тест тапсырып әуре болмайды. Тек кәсібіне қажетті пәндерді оқығанын дәлелдейтін құжат өткізсе болғаны.
Брифинг барысында ҚР Білім және ғылым минитрлігінің мамандары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына да жауап берді. Журналистерді негізінен біріңғай Ұлттық тестілеу нәтижесі бойынша мектептердің рейтингі түзілетіні туралы сұрақ қызықтырды. Шара барысында жоғары көрсеткішке қол жеткізу мақсатында мектеп басшыларының мұғалімдер мен мектеп бітірушілерге психологиялық қысым көрсеткендігі туралы нақты оқиғалар талқыланды. Зейнеп Мақсұтова бұдан былай мұндай талаптың әкімшіліктің рейтінгінен алынып тасталғанын айтты. «Біріңғай Ұлттық тестілеу қорытындысы бойынша ешқандай да саралау болмайды»», – деді жиналғандарға министрлік өкілі. Сондай-ақ бітірушілермен мектеп психологтары тұрақты түрде жұмыс өткізіп келеді. Олар негізінен тестілеу мен сынақ нәтижесінің қорытындысын қалыпты жағдай ретінде қабылдауға үйретеді.
Себебі тест тапсыру барысында межелі балды жинай алмай қалған күнде қайтадан тест тапсырып, соның нәтижесі бойынша оқуға түсуге мүмкіндік бар. Биыл ол қайталау тесті 20 тамыздан басталады. Дархан Ахмед-Заки өткен жылы қайталап сынақ тапсыруға 30 мыңнан астам бала қатысқанын айтты. Ал «Ұлттық тестілеу орталығының» директоры Рамазан Әлімқұлов тест өту талаптары жаңа ереже бойынша бірқатар жеңілдегенін баса айтты. «Мемлекет жоғары білім алудың қол жетімді болма түсуі үшін барлық жағдайды жасап жатыр», – деді журналистерге министрлік өкілі.
ҚР Білім және ғылым министрлігі өкілдері интернетте пайда болған Ұлттық біріңғай тестілеу сұрақтарының жауаптары базасы және оны тапсырыс беріп, сатып алуға болатыны жайлы ақпарат туралы да түсінік бере кетті. «Ұлттық тестілеу орталығы» директорының айтуынша, құпияны өте жоғары деңгейде сақтаудың арқасында мұндай әрекетпен дұрыс жауапқа қол жеткізу мүмкін емес. «Біз құқық қорғау органдарымен бірлесіп те жұмыс істейміз. Олардың да осындай фактілерге назар аударғанын талап етеміз. Алаяқтардың арбауына түсіп қалмаңыздар. Тек өзіңе, өзіңнің білімің мен күшіңе ғана сену керек», – деді Рамазан Әлімқұлов.
Осы жағдайды пайдалана отырып, ҚР Білім және ғылым министрлігі өкілдері биыл ҰБТ тапсыратын түлектердің барлығына сәттілік тіледі. «Тестілеуден қорқудың қажеті жоқ. Сұрақтардың барлығы түсінікті, өздерің оқыған пәндер бойынша, жеңіл. Алдын-ала тест тапсырғандардың 70 пайыздан астамы межелі балды оңай жинады», – деді Рамазан Әлімқұлов. Біз де өз тарапымыздан мамандардың тілегіне қосыламыз. ҰБТ тапсыру барысы жайлы блогымызда егжей-тегжейлі ақпарат беріп тұруға уәде береміз.
