БОЛАШАҚҚА АТУ-мен БІРГЕ...
Олардың қатарында – Алматы сервистік қызмет көрсету, Туризм және қонақжайлылық индустриясы, Әділет колледждерінің студенттері және қаламыздың бірқатар орта мектептері мен лицейлерінің 11 сынып оқушылары болды.
Кіші акт залында өткен іс-шарада 2-ші және 3-ші курс студенттері өз факультеттері мен мамандықтары туралы айтып, видео-таныстырылымдарын ұсынды. Олар университеттің білім сапасы, профессор-оқытушылардың біліктілігі мен қызықты студенттік өмір туралы әңгімелерін жеткізіп, АТУ-ға түсудің артықшылықтары мен тиімділіктерін түсіндірді.
Сондай-ақ, АТУ-дың қосдипломды бағдарламасы бойынша серіктес Ресей экономикалық университеті, Менеджмент факультетінің деканы Максим Пономарев қонақта болып, баяндама жасады. Ол 4 жылда қалай екі диплом алуға болатынын айтты. Қосдипломды бағдарламаның өзіндік ерекшеліктеріне тоқталды. Аталған бағдарлама бойынша РЭУ-де Қазақстаннан өте көп студенттер білім алатынын, яғни шет елдік студенттердің 15 пайызын қазақстандық студенттер құрайтынын мәлімдеді. Ол оқушылар мен колледж студенттерін сол қатарға қосылуға шақырды. Баяндама соңында М.Пономарев аудиториямен кері байланыс жасап, сұрақтарға жауап берді.
Ал, іс-шара әдеттегі концерттік бағдарламасыз өтпеді. Университеттің мың бұралған бишілері мен бұлбұл дауысты әншілері өз таланттарымен қонақтарды тамсандырды.
Алматы технологиялық университеті жылына бірнеше рет ашық есік күндерін ұйымдастырады. Мектеп және колледж түлектеріне кәсіптік бағдар беріп, оқу орнын және сұранысқа ие мамандықты таңдауға көмектеседі. Осындай шаралардың ұйымдастырылуымен талапкерлер керекті ақпараттарға ие болып, шешім қабылдаулары оңайға түседі.
