БІЗДІҢ ТАҢДАУЫМЫЗ ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ БОЛАШАҚ
Сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілік әрбір қазақстандықтың азаматтық ұстанымына, ал Адалдық пен Сатылмаушылық мінез-құлық нормасына айналуы тиіс екендігі Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында айтылған.
Сондықтан, оқушылардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті мен оған деген берік иммунитетін қалыптастыру және өскелең ұрпақпен жұмыс, бала кезінен тұлғаны қазақстандық париотизм және сыбайлас жемқорлықты қабылдамау рухында тәрбиелеу мақсатында, 2015 жылдың 28 сәуірі күні Орал қалалық №43 орта жалпы білім беретін орта мектебінде, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Біздің таңдауымыз жемқорлықсыз болашақ» тақырыбында бірлескен мектепшілік шаралар өткізілді.
Шаралар мектеп дәлізінде «Жас ұлан» ұйымының шеруімен «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» ұранымен басталып, мектеп қабырғасындағы суреттер, қол өнер бұйымдары, тарихи тұлғалармен таныстырылды.
9 «б» сыныбының үздік оқу озаты А.Молдағалиева мектеп мұражайына саяхат жасап, мектеп тарихымен және мектептің халықаралық, республикалық және облыстық ареналарда жеткен жетістіктері атап өтілді.
Кейін 4 сынып оқушылары арасында «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ» тақырыбында рольдік сот сабағы өткізілді. Сабақта оқушылар сот, қорғаушы, айыпталушы, жәбірленуші және куәгер кейіпкерлерін сомдап, шағын көрініс қойды. Қойылым кезінде жәбірленуші мұнай өнімдері қалдықтарынан табиғатқа зиян келіп жатырғандығы, адамдардың рұқсатсыз табиғатты ластауы, қызыл кітапқа енген жануарларды адамдардың аулайтындығы және оған сыбайлас жемқорлықтың тікелей қатысы бар екендігін айтып, оған жаза қолдануды сұрайды. Куәгерлер (экологтар) мұндай істерді арнайы түсірілген фотолар арқылы дәлелдеді. Жәбірленушілердің қорғаушысы және мемлекеттік айыптаушы құқық бұзғандарға тиісті жазасын беру керек деп ұсыныс білдірді. Сот ақылдасуға шығып кеткен уақытта, сот залына жергілікті телеарна журналисттері келіп сұхбат алды. Мәжіліс залына қайта оралған сот айыпталушыға әкімшілік құқық бұзғаны үшін айыппұл салады. Сонымен қатар, сот әр адам қоршаған ортаны таза ұстау керек деген шешім қабылдады.
Ал, мектептің оқушылар қолымен жасақталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы плакаттармен және арнайы жасақталған 2х3 өлшеміндегі банермен безендірілген мәжіліс залында қоғамдағы келеңсіз көрініс – жемқорлық туралы оқушылардың түсініктерін кеңейту мақсатында, 9-11 сыныптар арасында «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» тақырыбында конференция өткізілді.
Сыныптан тыс іс-шара психологиялық тренингпен басталды және оқушылар топтарға бөлініп, өздерінің ұшқыр ойларын ортаға салды.Пікір алмасу кезінде қатысушылар сыбайлас жемқорлықты болдырмаудың алғы шарттары, сыбайлас жемқорлықтың өсуіне ықпал ететін факторлар, сыбайлас жемқорлықтың елімізге тигізетін қауіптері және сыбайлас жемқорлықты азайту жолдары туралы мәселелерге аса көңілбөлді.
Конференция жұмысын ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің консультанттары Е.Төлепқалиев пен Б.Хайруллин қорытындылап, оқушыларға «Сыбайлас жемқорлықпен күрес жолындағы мемлекеттік стратегиясының жүзеге асырылуы» туралы мағұлмат берді.


