БІЗДІҢ ҮМІТКЕРЛЕР ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ.
Қазақстан Республикасы «Сайлау туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ауыл әкімдерін сайлау жарияланғалы 2 айға жуық уақыт ішінде еліміздің әр түкпірінде саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өз деңгейінде тиісті жұмыстарын жүргізіп, сайлауға түсетін кандидаттарын нақтылап, оларды ұсыну, үгіт-насихат, желілік кесте, сенімді өкілдер мен бақылаушыларды бекіту сынды орасан зор жұмыстар атқарды. Оның сыртында өзін-өзі ұсынған кандидаттар да болды.
Елімізде алғашқы рет әкімдерді тікелей халық сайлайтын болғандықтан, көпшіліктің көзқарасы мен назары өзгеше болды. Әлеуметтік желілердегі сайлауға дайындық жұмыстарына түрлі пікірлер мен шынайы тілектер де көп болды.
Біздің ауданға келер болсақ, ауданның 2 ауылдық округінде сайлау 25 шілде күні өтті. Қос ауылдық округтен аудандық сайлау комиссиясы 4 азамат тіркелген болатын. Олардың қатарында «Nur Otan» партиясының аудандық конференциясында ұсынған Меңдібай Қитанов пен Нарынбек Кереш те бар. Күні кеше аталмыш бәсекеде тұрғындар азаматтық ұстанымдарын білдіріп, ауданның №69, №70, №71, №72 сайлау участоктерінде өздері қалаған үміткерлерге дауыстарын берді. Дауыс беру барысында заңсыздықтар мен құқық бұзушылық фактілері орын алған жоқ. Барлық санитарлық талаптар сақталды. Әр кандидаттың сенімді өкіл мен бақылаушылар процеске толық араласты.
Нәтижесінде халықтың көрсеткен сенімі мен кең қолдауының арқасында Т.Масин ауылдық округінде М.Қитанов, Саралжын ауылдық округінде Н.Кереш басым дауыспен жеңіске жетті. Ендігі кезекте, алдағы 4 жылға уәде беріп, сенім арқалаған кандидаттарымыз сайлауалды бағдарламасында көрсетілген жоспарлар мен міндеттерді толық орындауы тиіс.
Жеңімпаз әріптестеріме сәттілік тілей отырып, барша сайлауға қатысқан ағайынға алғысымды білдіремін. Бұл Сіздердің таңдауыңыз! Өздеріңіз қалап алған әкіммен ауылдың тыныс-тіршілігіне етене араласып, туған мекеннің гүлденуіне атсалысады деп сенемін.
Ауылдарымыз дамып, өркендей берсін.
Исатай Құрмашев - "Nur Otan" партиясы Бөкей ордасы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
