«БІЗДІҢ ӨЛКЕНІҢ ҚАҺАРМАНДАРЫ»
Бүгін тікелей эфирде партияның «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасын іске асыру барысында ауған соғысы ардагерлерінің «Біздің өлкенің қаһармандары» атты тақырыбында жастармен кездесуі өтті. Мақсаты ардагер ағалармен ашық әңгімелесу, сұхбаттасу, қайсар жауынгер ағалардың ерлігін үлгі ету, ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым ету, есімдерін қастерлеуге тәрбиелеу, жастарға патриоттық тәрбие беру болып табылады. Бұл кездесуге арнайы аудандық Ауған соғысы ардагерлер Кеңесінің төрағасы – В.Коробейников және кеңес мүшелері шақыртылған болатын. Жастардың зұлмат соғыс жайында көлденең ақпарлардан білмей, ардагерлердің өз аузынан естуі өзекті. Ауған соғысында болған батырларымыз соғыс кезінде көрген қиыншылықтары мен бастан кешірген оқиғаларымен бөлісіп, сұрақ-жауап алысып, жастармен әсерлі әңгіме жүргізді. Ауғанстан жеріне қатерлі күн туғанда елін, жерін қорғау үшін көптеген ер азаматтар соғысқа аттанды. Жылма-жыл ақпан айының ортасында біз ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың рухтарының алдында бас иеміз. Өйткені бұл соғыста 18-19 жасар өрімдей жас жігіттер, ардақты ағалар, аяулы әкелер жазықсыздан -жазықсыз құрбан болды. Бүгінгі жастар өздеріндей жігіттердің Отан алдындағы борышын адал орындағандарын ұқсын, олардың патриоттық сезімінен тағылым алсын деген ниетпен бүгінгі кездесуді өткізілді Ауған соғысының Қазақ еліне әкелген адам шығыны мен зардабы аз емес. 1979-89 жылдарда, яғни 10 жылға жуық созылған бұл соғыста көптеген отбасының шаңырағы шайқалды. Абзал ана жалғыз боздағынан айырылды, әйел жесір, бала әкесіз, отбасы панасыз қалды. Енді ғана азамат атанып әскер қатарына алынған қаншама жігіттеріміз Ауған даласында жан тапсырды. Ал кейбір жауынгерлер із-түзсіз жоғалып кетті. Аяқ-қолдан айырылып, қаны төгіліп мүгедек болғандар қаншама! Аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Еркебаев Құрметті ардагерлер, міне сіздердің арқаларыңызда осы күнге жетіп, жас ұрпақ әр істеріңіз бен ерліктеріңізді еске алудан жалыққан емес. Құрметті ардагер ағалар аудан тұрғындары, ауыл жастары сіздерді құрметтейді, ерлік істеріңізді мәңгі есте сақтайды деп жылы лебізін білдірді. Жиын соңында Ауған соғысы ардагерлерінің мүшелері өздері тарапынан ортаға салған ұсыныстары мен өтініштерінің жүзеге асуына партия тарапынан ықпал етіп, қолға алуды сұранды.
