БИЫЛҒЫ САЙЛАУДА «МҰҒАЛІМ» ҮМІТКЕРЛЕРДІҢ БОЙ КӨРСЕТУІНІҢ ӨЗІ – АШЫҚТЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН БЕЛГІСІ
БИЫЛҒЫ САЙЛАУДА «МҰҒАЛІМ» ҮМІТКЕРЛЕРДІҢ БОЙ КӨРСЕТУІНІҢ ӨЗІ – АШЫҚТЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН БЕЛГІСІ
Бүгін, 23 желтоқсан күні ZOOM платформасында Батыс Қазақстан облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер – Софья Ізмұханбетова мен Шаттық Утебалиева Жоғары аграрлық-техникалық колледжінің ұжымымен онлайн кездесу өткізді.
Кездесуде қосымша білім беру орталығының тәжірибелі ұстазы, облыстық мәслихат депутаттығына үміткер – Шаттық Саматқызы өз сөзінде ұстаздар мәртебесіне тоқталып, жаңа ғасырдың «Заманауи» ұстазының басты ұстанымдары туралы айтты. Сонымен қатар, 2021 жылдан бастап мұғалімдер жалақысындағы өзгерістер және сайлауда бой көрсетіп, үміткер атанған ұстаздардың халық алдындағы жауапкершілігі жөнінде сөз қозғады.
Кездесу барысында сайлаушылардан ҚР «Педагог мәртебесі» заңының қаншалықты жүзеге асырылып жатқандығы жөнінде және мұғалімдерді еріксіз жұмысқа тарту шаралары аясында сұрақтар қойылды.
Бұл орайда, «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының директоры, облыстық мәслихат депутаттығына үміткер, – Софья Салахадинқызы:
- Мен де 26 жыл ауылда еңбек еткен ұстазбын. Мұғалімнің міндетінен тыс жұмыстарды жүктеу дегенді әр ұстаз әрқалай түсінеді. Келісемін, сабақ кезінде қандай жағдай болмасын мұғалімді алаңдатуға, оның сабағын бөлуге ешкім құқылы емес, бірақ, тәрбие тал бесігі атанған мектепте болатын ұжымдық тазалау жұмыстарына қатысуда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Әр ұстаз бұл қызметті өзінің азаматтық ұстанымы ретінде қарайтын болса, оны көрген шәкірт те мұғалімге есік ашып, отыратын орындығын түзеп өзара сыйластық қарым-қатынасы орнайтынына сенімдімін. Бұл біздің қазақ мектептерінде, қазақ тәрбиесінде қалыптасып келген еш жерде жазылмаған адами қасиеттерден қалыптасқан қарым-қатынас көрсеткіштері, - деп өзінің көзқарасын білдірді.
Онлайн жиын соңында, үміткерлер «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын алға тарта отырып, 2021 жылдың 10 қаңтар күні өтетін сайлауға шақыру үндеуін жолдады.
