Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

БИЫЛ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ МӘДЕНИ ІС-ШАРАЛАР ӨТЕДІ

Бүгін Түркістан қаласында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Жиынды аталған кеңестің мүшесі, профессор Әміреқұл Әбуов жүргізіп отырды. Ол 10 қаңтарда елімізде кезекті сайлау өткенін, мемлекетіміз демократиялық жолмен даму бағытындағы маңызды қадам жасағанын атап өтті. Елдің өз таңдауын жасап, саяси додада «Nur Otan» партиясының жеңіске жеткенін мәлімдеді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің 2021 жылға арналған жылдық жоспары бойынша да келелі ойлар айтылды.

Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірханұлының айтуынша, 2020 жылы Түркістан қаласында Амфитеатр мен «Конгресс холл» көпсалалы кешені пайдалануға беріліп, 1 ауылдық кітапхана ашылған. Биыл «Ұлы Дала Елі орталығы, «Ясауи» музейі, драма театр, облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы пайдалануға беріледі.

Облыста 2 кәсіби театр жұмыс істеп тұр. Театрлар мен филармония Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты аудандар мен қалаларға, ауылдарға «Ауылым саған, өнерім» атты 30 гастрольдік іссапарлар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

«Биыл өткізілетін іс-шаралар негізінен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Түркістан қаласында өтетін Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің Саммиті аясында ұйымдастырылатын болады. Атап айтқанда, «Театр көктемі-2021» түркі халықтарының театр фестивалі, «Түркістаным – Тұраным» түркі суретшілерінің симпозиумы, «Түркілер төрі – Түркістан» түркі әлемі ақын, жазушыларының кездесуі және кітап көрмесі, «Алтын сақа» түркі әлемінің анимациялық фильмдер фестивалі, «Сәлем саған, Түркістан» түркі халықтарының өнер фестивалі өтеді. Әр аудан, қалада бір-бір облыстық деңгейдегі мәдени іс-шараларды ұйымдастыру жоспарланған. Әрине бұның бәрі алдағы жағдайға байланысты. Егер пандемия тоқтайтын болса, жоспар толық орындалады. Ал күрделі жағдай сақталса, карантиндік ережеге бағынамыз», – деді А.Темірханұлы.

Жиында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев мәдени-рухани іс-шаралардың мазмұнын байыту, идеялық және идеологиялық маңызын арттыру жөнінде ұсыныс берді. Ақындар айтысын ұйымдастыру қажеттігіне тоқталды. Түркістанның тарихынан сыр шертетін жаңа кітаптар шығарудың да маңызды екенін атап өтті.

Ақын, облыстық мәслихат депутаты Бекарыс Шойбеков тек ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен шектеліп қалмай, ұлы тұлғаларымыздың мерейтойларын, қазақ баспасөзінің қарашаңырақтары саналатын «Айқап» журналының 110 жылдығы, «Ақиқат» журналы мен «Жас Алаш» газетінің 100 жылдық айтулы мерекелері де назарға алынса деген пікірін білдірді.

Түркістан облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы, ақын Айдар Сейдәзім «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша 80-ге жуық іс-шаралар жоспарланғанын мәлімдеді.

«Мирас» кеңесінің мүшелері карантинге байланысты көптеген жобалар қысқарып, бірқатары онлайн режимде өткеніне де тоқталды. Дегенмен өңірдің зиялы қауым өкілдері рухани және мәдени саланы дамыту бағытында жұмыстар бір сәтке де толастамауы керек деген тұжырымға келді.

Кездесу соңында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің 2021 жылға арналған жылдық жоспары ұсынылып, қабылданды.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

0
0
144

Еще по теме

БИЫЛ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ МӘДЕНИ ІС-ШАРАЛАР ӨТЕДІ - Yvision.kz