БІРЛІК — ЕДИНСТВО.KZ
Павлодар облысы « Жастар бастамаларын дамыту орталығының» ұйымдастыруымен 21-22 сәуір күндері аралығында «БІРЛІК - ЕДИНСТВО.KZ» атты шекаралық ынтымақтастықтың алтыншы халықаралық жастар форумы өткізілуде. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығын тойлау аясында, сонымен қатар Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарымен өзара ынтымақтастық пен достық байланыстарды нығайту, жастар бағытындағы өзекті мәселелердің шешімін бірлесіп іздеу, түрлі халықтардың рухани, тарихи және мәдени құндылықтарын құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылуда.

Форумға Ресейдің шекаралас аймақтарының өкілдері, сонымен қатар Болгария, Германия, Армения, Тәджікстан, Өзбекстан өкілдері, Қазақстан Республикасының жастар және этномәдени бірлестіктерінің көшбасшылары, студенттер қатысуда. Форум қатысушылары бірінші күні орналасып, Павлодар қаласы бойынша арнайы экскурсия жүргізілді. Екінші күні Павлодар облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ орталығында«ХXI ғасырдағы этносаралық мәмілегерлік: жаңа сын-тегеуріндер, жаңа үрдіс» атты пленарлық отырыс өтті.

Аталған іс-шараға Павлодар облысының әкімі Болат Жұмабекұлы Бақауов қатысты. Шет мемлекеттерден келген Споткай Максим, «Замандас» Омбы қазақ газеті» жобасының жетекшісі, Қазақстан Республикасы мәдениет, спорт және ақпарат кәсіподағы Жастар кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясының Жастар комиссиясының мүшелері сәлемдемелерін жеткізді. Пленарлық отырыстан соң делегаттар топтарға бөлініп, арнайы дайындалған мастер-класстарға қатысты.

Сондай-ақ бүгін қала әкімі Нұржан Әшімбетов салтанатты түрде Гагарин саябағын жастарға тапсырды. Бұдан былай Павлодар қаласында «Жастар. Бірлік. Тәуелсіздік» жастар саябағы бар.

Форум – өзара серіктестіктің тиімді жолдарын іздеуге мақсатталған түрлі ұлт өкілдерін біріктіруге ғана мүмкіндік бермейтін, сонымен қатар жастардың өмірін, яғни құмарлығы мен қызығушылықтарын жан-жақты көрсететін тың жоба.

