БІРЛІК АУЫЛЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Кездесуді аудандық мәслихатқа депутаттықтан үміткер, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев ашып, партияның сайлауалды бағдарламасында алға қойылып отырған міндеттер, 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары жайлы әңгімелеп өтіп: – «Партия маған не берді?», деп сұрайтындар бар. Ойланып, зерделеп қарасаңыз, соңғы бес жылда мұғалімдердің жалақысы неше есеге көтерілді? Мектептерге қанша сыныптар жинақталып берілді? ІТ, робот, физика, биология, қолөнер және басқа сыныптардың біреуінің жабдықтары 7-12 млн. теңге. Соның бәрін партия әперді. Өткен жылы партияның ірі 26 жобасы болды. Сол жобаларын Үкіметке беріп, жұмыс жасатуда. Партияның 2021-2025 жылға дейінгі даму жоспарын қарасаңыз елдегі барлық ауылға қажетті нәрсенің бәрі қамтылған. Тағы бір ерекшелігі біздер биылғы жылы аудандағы 19 округтің, 49 елді мекеннің әрбірінің даму жоспарын жасадық. 2021 жылға, одан кейінгі жылдарға не керегін есептеп, тәуекелдер картасын дайындадық. Облыстағы бөлімдермен келісіп, бөлінетін ақшасын қосқызғаннан кейін ауданның 2021-2025 жылға арналған даму жоспарын әзірледік, -деді.
Облыстық мәслихатқа депутаттықтан үміткер Жұмажан Шакупов өз бағдарламасын қысқаша таныстырып өтіп: – Көптен мәселе болып келе жатқан Шарон, Новинск каналдарын қазуға 5 млрд. теңге ақша бөлініп, жұмыстар жүріп жатыр, келесі жылы бітеді. Аудан әкімінің жасаған бағдарламасына сай 245 шақырым көлшіктерді, арналарды қазу, тазалау жоспарда бар. Екінші мәселе түп-тереңдетумен айналысқан бұрынғы «Арна» мекемесін қайта оралту. Кезінде онда 100 шақты адам еңбек етті. Кері ашылса біраз адам жұмыспен қамтылады, - деп Бірлік ауылында клуб салуға да ықпал етуге уәде берді.
Аудандық мәслихатқа депутаттықтан үміткер Гауһар Болатбаева: – Шағын бизнестің өкілі ретінде айтсам, індет кезінде 30-35 кәсіпкер бірігіп 200 шақты отбасына азық-түлік үлестірдік. Жазда ауру өршігенде қарап жата алмай, аудандық мәслихаттың депутаты Бержан Ахонұлының бастауымен тағы да көмек ұйымдастырдық. Кәсіпкерлер бірігіп, әлеуметтік желіде чат ашып, 30-40 мыңнан қосылып, 1,5 млн. теңге жинадық. Оның жартысына дәрі-дәрмек алып, қалғанына мұқтаж адамдарға не керегін әпердік. Мен соларды әкелуші, әрі қазынашысы ретінде жүрдім. Округтерден де көмек сұраса 10-20 мыңнан жиналамыз. Жиырма шақты күн бұрын бір апамыздың үйіне газ тартып бердік. Біз кәсіпкерлікті қиын жағдайда, қайта құру заманында бастап, шыңдалдық. Әйел адамға бизнес саласы жеңіл шаруа емес. Қазір «Nur Otan» партиясына беделді, іскер адамдар өтіп отыр. Депутат бұрын жұмыс жасамаса да төрт жыл отырса, енді партия ондайларды кері қайтарып алады, - деп осындай адамдардан құрылған партия халықты жерге қаратпайтынына сендірді.
Аудандық мәслихаттың депутаттығынан үміткерлер Ағеділ Зейнеденов пен Қанат Ғұмаров өз бағдарламаларымен, партияның алға қойып отырған мақсаттарымен қысқаша таныстырып, оған дауыс беруге шақырды. Ауыл тұрғыны Клара Мағзомова арналардың тартылып, егін салу қиындыққа түсіп отырғанын айтып, осыны шешуді басшылыққа алуды сұрады.
