Білім және ғылым министрі Сағадиев Ерлан Кенжеғалиұлының халыққа есеп беру кездесуі
2017 жылғы 31 мамыр күні Лев Гумилев атындағы ЕҰУ-да (Астана қаласы) Білім және ғылым министрі Сағадиев Ерлан Кенжеғалиұлының халыққа есеп беру кездесуі өтті. Байланыстың бұл түрі білім беру саласындағы жүргізіліп жатқан реформалар жайында түсінікті тілде әңгімелеп, ата-аналар, сарапшылармен байланыстың сапасын жақсарту мақсатында таңдалды.
Кездесу барысында Ерлан Сағадиев министрліктің қызметі туралы айтып, алдағы жоспарларға тоқталды, сондай-ақ, министрлік сайтындағы блогына және министрліктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына келіп түскен көптеген сауалдарға жауап берді.
Бейнеконференция түріндегі байланысты қолдана отырып, министрге онлайн режимде он бес аймақтың тұрғындары сауалдарын жолдады. Залда отырған журналистер де өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.
Кездесу ауқымды болғандықтан, есеп бірнеше бөлімге бөлінді.
Айрықша атап айтатын нәрсе, 2017 жылы Қазақстан Экономикалық әріптестік және даму ұйымы (ЭӘДҰ) Білім комитетінің толыққанды қатысушысы болды. Бұл еліміздің білім беру саласындағы саясатын әлемнің мейлінше дамыған елдері мойындағанын көрсетеді.
Бүгінде төрт жылға жоспарланған білім берудің мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асуда. Межелі алғашқы жыл аяқталды, оған қоса Президенттің жаңа жолдауына орай нақты бағыттар бар, қазір бұл ретте белсенді жұмыс жүріп жатыр.
Бірінші – мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру (балабақшалар).
Қазіргі міндет: қалған үш жыл ішінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету.
Бұл бағытта не істеліп жатыр?
Жаңа балабақшаларды ашып қана қоймай, бизнесті білім беру инфрақұрылымына қатыстыру үшін мемлекет пен жеке бизнестің арасындағы әріптестікке, оны дамытуға қолдау білдіріліп отыр. Бұл бағытта айтарлықтай нәтиже де жоқ емес: жаңадан 800 балабақша мен шағын орталық ашылды, оның 80%-ы – жекеменшік.
Әрі қарай не істеу керек?
1. Санитарлық талаптарды мейлінше жеңілдету керек.
2. Балабақшаға орналасу кезегінің айқын механизмін жасау керек, бұл жемқорлықтың етек алуын жояды.
3. Даярлық сыныбын ашу керек. Бұл 2019 жылдан енетін он екі жылдық білім беруге (0+11 сынып) көшу жолындағы алғашқы қадам болмақ.
Даярлық сыныбын мектепте де, балабақшада да оқуға болады. Бірыңғай бағдарлама және бірыңғай оқулықтар енгізу жоспарланып отыр (“Әліппе” және “Букварь”). Е.К.Сағадиевтің айтуынша, мыңнан астам мектеп пен балабақша даярлық сыныбын енгізу бойынша пилоттық жобаға қатысуға ниет білдірген.
Екінші – жаңа әдістеме. Қазақ тіліне келсек, қазіргі кезде қазақ балаларының 90%-ы ана тілінде білім алады. Балалардың 80%-ы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырады.
Назар аударылуы тиіс негізгі мәселелердің бірі – орыс тілінде білім беретін мектептерде оқитын 500 мыңға жуық баланы дайындау.
Үшінші – жоғары білім. Жоғары білім қолжетімді бола түседі. 2017 жылы грант саны артады: бакалавриат үшін 31 мыңнан 37 мыңға, магистратура үшін 7 мыңнан 10 мыңға, докторантура үшін 600-ден 1000-ға дейін артпақ.
Сонымен қатар, депутаттардың бастамасымен аймақ әкімдерінің заң негізінде жергілікті жоғары оқу орындарына грант бөлу мүмкіндігі бекітілді.
Елбасы қойып отырған талаптарды орындап, Қазақстандағы білім беру сапасын арттырып, дамыған 30 елдің қатарына ену үшін әлі де біраз тер төгуге тура келеді. Барлық өзгерістер мұғалімдер мен ата-аналардың қатысуымен талқыланып, келісіледі.
Аймақ өкілдері қойған сұрақтарға министрдің берген жауаптарына шолу
Сұрақ (баласын балабақшаға орналастырғысы келетін келіншек): “Егер мемлекеттік тапсырыс болса, жекеменшік балабақшаға да барар едік. Бірақ, айлық төлемақы төмендеп кететініне орай ол балабақшалар тапсырысты алғысы келмейді. Осы мәселені шешуге бола ма?”
Жауап: “Біз осы мәселені шешу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Біріншіден, жекеменшік балабақшалар арасындағы бәсекелестікті қалыптастыру үшін енді мемлекеттік тапсырыс балабақшаға емес, ата-анаға беріледі – енді жақсы балабақшаны өзіңіз таңдай аласыз (қазір бұл процесс автоматтандырылып жатыр). Екіншіден, балабақша ашу үшін қойылатын санитарлық талаптар жеңілдетілді. Бұл балабақшалардың саны артады дегенді білдіреді. Әлбетте, мұндай өзгерістер балабақшаларды мемлекеттік тапсырыс алуға мүдделі етеді”.
Сұрақ: “Соңғы жылдары қаншама мектеп салынып жатыр. Бірақ, апатты жағдайда тұрған және үш ауысыммен оқитын мектептердің қатары азаяр емес. Мектептерде орын жетпейтіні тағы бар. Бұл мәселені қалай шешуге болады?”
Жауап: “Бұл мәселені шешу үшін бірқатар жұмысты қолға алдық. 2016 жылдың қорытындысы бойынша 103 мектепке (56 апаттық, 47 үш ауысымда оқитын мектеп) мемлекеттік бюджеттен 107 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржы:
- 85 мектепте үш ауысыммен оқуды жою үшін;
- 23 мектептегі апатты жағдайды жою үшін;
- 30 мектептегі орын жетпеушілік мәселесін шешу үшін берілді.
Сұрақ: “Биыл “отбасылық тәрбие” деп аталатын, жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырудың жаңа формасы қабылданғаны белгілі. Мұның басқалардан айырмасы неде?”
Жауап: “Ең басты айырма отбасына тәрбиелеуге алынған балалардың санына орай берілетін қаржыда. Отбасына 4-10 балаға дейін қабылдауға рұқсат етіледі. Және ерлі-зайыптылардың екеуіне де 41 мың теңгеден төленеді. Бүгінде бес аймақта жеті осындай отбасы бар”.
Министрдің халықтан түскен сұрақтарға берген жауабына шолу
Сұрақ: “Болашақ” ХБО президентінің басындағы жағдайға орай министрлік қандай да бір шараларды қолға ала ма?”
Жауап: “Бұл мәселеге орай Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде “Халықаралық бағдарламалар орталығы” АҚ қызметкерлерінің шағымына орай кешенді қызметтік тексеру жүргізу басталды. Тексеру қорытындысы бойынша қолға алынған шаралар туралы қосымша хабарланады”.
Сұрақ: “Неліктен “Алтын белгі” иегерлері баршаға ортақ тәртіппен ҰБТ тапсырады? Олар білім грантын иеленетін артықшылықтан неге айырылды?”
Жауап: “Себебі, ҰБТ екі кезеңге бөлінді: мектептегі қорытынды емтихан түріндегі қорытынды аттестация және жоғары оқу орнына түсуге арналған ҰБТ. Бұдан былай “Алтын белгіні” мектептер береді. Сондай-ақ, ҰБТ-ны жоғары оқу орнына түсу үшін түлектер өз қалауымен тапсыратынын айта кеткен жөн. Биыл білім грантын иелену конкурсында “Алтын белгі” иегерлеріне артықшылықтар беріледі”.
Сұрақ: “Мектептердегі ақша жинау мәселесін не істеуге болады?”
Жауап: “Қазіргі қолданыстағы “Білім туралы” заңға сәйкес, білім беру ұйымдарында ата-аналардан ақша жинауға тыйым салынған. Жыл сайын білім беру басқармаларының басшылары білім беру мекемелерінің басшыларына ата-аналардан қандай да бір мақсатқа ақша жинауға болмайтыны туралы бұйрықты жібереді. Егер бұйрық бұзылса, мектеп басшыларын әкімшілік жауапкершілікке тартуға болады”.
Сұрақ: “Неліктен ҰБТ-дан қазақ тілін алып тастады? Неліктен қазақ тілі Қазақстанның барлық мектептерінде міндетті пән емес?”
Жауап: “Әрбір бітіруші ҰБТ-ны өзі оқыған тілде тапсырады: оқуға түсу үшін түлектер оқу сауаттылығы бойынша тест тапсырады. Бұрын орыс мектебін бітіретін түлектер қазақ тілінен тест тапсыратын, бірақ оның нәтижесі оқу орнына түсу кезінде есептелмейтін. Яғни, мұндай жағдайда қазақ тілі мектептегі білімін анықтайтын шартты бір бағалау сияқты болатын. Ал қазір қазақ тілінен емтиханды мектепте тапсыратындықтан, бұл пән ҰБТ-ға енгізілген жоқ”.
Сұрақ: “Министрлік неліктен мектеп бітіру кештерін мектеп қабырғасында өткізуді ұсынады? Көптеген мектептерде ата-аналар өздері бастама көтеріп ақша жинап, бітіру кешін мейрамханаларға өткізгісі келеді емес пе?”
Жауап: “Министрлік барлық білім беру органдары мен ұйымдарына мектеп бітірумен байланысты салтанатты кешті өткізу бойынша ұсыныстарын жіберді. Мамыр айының бас кезінде министрліктің бастамасымен еліміздегі барлық орта білім беру орындарында жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өтті, онда ата-аналарға мектеп бітіру кешін артық шығынсыз, мектеп қабырғасында атап өту ұсынылды. Алайда, білім беру органдары мен мектеп басшылары ата-аналардың мектептен тыс уақыттағы әрекетін реттей алмайды”.
Сұрақ: “Интернетте азғантай ақшаға қазақстандық диплом сатып алуға болатынын, оның түпнұсқадан ешқандай айырмасы жоқ екенін жарнамалайтын түрлі сайттар пайда болды. Министрлік бұған не дейді?”
Жауап: “Мемлекеттік үлгідегі диплом беру тәртібі министрліктің бұйрығымен реттеледі: ЖОО тапсырысы негізінде министрлік диплом бланкілерінің санын шығарады, содан кейін Банкнот фабрикасына тапсырыс беріледі. Диплом бланкілері дайын болғаннан кейін оны ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы алады, орталық та бланкілерді есепке алады, сақтайды, жоғары оқу орындарына берілуіне және әрі қарайғы пайдаланылуына бақылау жасайды. ҰТО-да бланкілерді берудің бірыңғай базасы бар, оған барлық берілген бланкі бойынша мәлімет енгізіледі. Диплом ЖОО түлегінің жеке өз қолына беріледі. Дипломды бітірушінің өз қолына табыстау мүмкін болмаған жағдайда, ол заң тәртібімен рәсімделген сенімхат негізінде үшінші тұлғаға беріледі. Ал “жалған” диплом беретін сайттарға келсек, бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысқаны дұрыс”.
Сұрақ: “Соңғы кезде балалар үйлерінің жабылып жатқаны туралы естиміз. Бұл жақсы жаңалық, дегенмен, балалар үйіндегі орын жетпеушілікке алып келмей ме?”
Жауап: “Елімізде шын мәнінде балалар үйі желісі азайып отыр. Бұл мемлекеттің халықаралық тәжірибеге негізделген ұзақ мерзімді саясатының бір бөлігі. БҰҰ Балалар құқығы комитетінің ұсыныстарына сәйкес, балалар үйінің санын арттыруға болмайтынына және ол жерлерде балаларды уақытша ғана орналастыруға болатынына орай, Қазақстанда да әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және балалар үйлерін қайта құрылымдау бойынша бірқатар шаралар қолға алынды”.
Сұрақ: “Мұғалімдердің жалақысын көтеру мәселесі туралы не айтасыз?”
Жауап: “Бүгінгі таңда педагогтардың жалақысын көтеру өте өзекті. Бұл мәселені шешу үшін:
мемлекет басшысының бастамасымен 2016 жылдан бастап еңбекақы төлеудің жаңа үлгісі қолға алынды, ол педагогтардың айлығын орта есеппен 15-29% көтеруге мүмкіндік берді;
2017 жылдың қыркүйек айынан бастап ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдердің айлығына 35 мың теңге көлемінде үстеме ақы төленеді;
дәл қазір министрлік педагогикалық жүктемені 1-4-сыныптар үшін 14 сағатқа дейін, ал жоғары сыныптарда 16 сағатқа дейін төмендету бағытында жұмыс жүргізуде, бұл ретте жалақылары сақталады және қосымша ақысы төленетін педагогикалық сағаттар енгізіледі;
еліміздің жеті өңірінде жан басына орай қаржыландыру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда”.
Сөз соңы және тілек
Халыққа есеп беру жиынының соңында ҚР Білім және ғылым министрі Е.К.Сағадиев қатысушылардың баршасына белсенділігі үшін алғыс айтты. Сондай-ақ, шара барысында көптеген өзекті және маңызды мәселелер көтерілгенін, оған министрлік өкілдері жан-жақты жауап бергенін алға тартты. Кездесу кезінде айтылған түйткілді мәселелердің тізімі министрліктің сайтына салынды (тиісті шараларды қабылдау мерзімі де көрсетілді).
Келесі шығарылымдардан вице-министр Эльмира Суханбердиева, министрлік сарапшысы Насымжан Оспанова, жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім беру департаментінің директоры Дархан Ахмед-Закидің, Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Абдрасиловтің баяндамаларын көре аласыздар.
