БІЛІМ БЕРУ САПАСЫН АРТТЫРУ – БАСТЫ МІНДЕТ
Сапалы білім алуға қол жеткізуді қамтамасыз ету – ауданның одан әрі дамуының маңызды шарты болып табылады. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Шардара аудандық филиалының сайлауалды бағдарламасында анық та айқын көрсетілген. Таяуда аудан орталығындағы №16 колледж ұжымы мен студенттері арасында кездесу өткізген облыстық мәслихат депутаттығына кандидат «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басқарма төрағасы Бақытжан Серманизов осы мәселелер төңірегінде ой бөлісті.
Кездесуге келген кандидат әуелі «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының алдағы 5 жылда білім саласын дамытуға арнаған жоспарын баяндап өтті.
–2020 жылы әлемдік коронавирустың таралуына орай мектеп оқушылары мен техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің студенттері қашықтықтан оқыту форматына көшті.
Ауданда үш жасқа дейінгі балалар тәрбиеленетін балабақшалар мен апатты мектептер жоқ. Кәсіпорындармен бірлесіп дуальды оқыту ұйымдастырылған. Сондықтан білім беруде оның сапасын арттыруға, білім беру объектілерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға баса назар аударылатын болады,-дейді кездесуге келген кандидат.
Бұл үшін «Nur Otan» партиясы 2025 жылға дейін:
-12 мектептің күрделі жөндеу мәселесін шешуге;
-4 мектепті кезең-кезеңмен робототехника, жаңа модификациялы кабинеттермен жабықтауға;
-жоғары және бірінші санаттағы оқытушылар құрамы үлесін 96,2 %-дан 100%-ға жеткізуге;
-аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына әлеуметтік көмек көрсетуге;
-мектептер қашықтан білім беру жүйесімен жұмыс істейтіндіктен қашықтықтан оқыту нысанын сақтау жағдайында әлеуметтік осал топтағы балаларды үйде онлайн режимде оқыту үшін 2676 дана, яғни 100% компьютерлік техника және интернет желісімен қамтамасыз етуге;
-білім саласында қашықтықтан білім беруді дамыту үшін кең жолақты интернет желісінің мүмкіндіктерін толық пайдалануға;
-балалардың демалыс кезеңін қолайлы әрі пайдалы өткізу мақсатында Шардара ауданы бойынша жыл сайын 1 маусымда 6531 баланы қамтитын лагерьлер мен саноториялар ұйымдастыруға ықпал етеді,-дейді Б.Қыпшақбайұлы.
Жиын барысында «Жас мамандарға қандай нақты жәрдем көрсетіледі?», «Шардарада көпқабатты үйлер көп. Олар қыс мезгілінде пәтерлерін түрлі жағдайда жылытады. Бірі электр энергиясын шектен тыс пайдаланса, бірі газ баллондарын тұтынады, енді бірі қауіпті жағдайда отын пайдаланады. Осы мәселені қалай шешуге болады?» деген мағынадағы және де өзге сауалдар ортаға тасталды.
Б.Серманизов жастар үшін елімізде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы қабылданғанын, ол бағдарлама бойынша ауданда жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Сонымен бірге көқабатты үйлердің қазіргі жылыту жағдайы шынында да ойлантарлық екендігін, ол үшін үйлерді орталықтандырылған қазандыққа қосу керектігін түсіндірді.
–Сіздер айтқан әрбір мәселе менің назарымда болады. Ол мәселелер жайлы аудан басшыларымен кеңесіп, шешім шығаратын боламыз,-дейді облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Б.Серманизов.
«Nur Otan» партиясы Шардара аудандық филиалының баспасөз қызметі.
