БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ
Ағымдағы жылдың 8 айында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаментіне білім беру саласында 40-тан астам өтініш келіп түсті. Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың саны 2020 жылмен салыстырғанда екі есеге дерлік артты. Бұл жерде негізінен парақорлық және билікті теріс пайдалану фактілері басым.
Сонымен қатар, жергілікті білім беру органдары ерекше қауіпті аймақта. Түскен өтініштердің саны бойынша көшбасшылар қатарында - Қарасай, Еңбекшіқазақ, Панфилов, Іле және Сарқан аудандары.
Осы, тақырыптың өзектілігі, білім беру мекемелеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар бүгінгі күні бүкіл республика бойынша өткір мәселелердің бірі табылады.
Осыған байланысты, бүгін Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Алматы облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Ж.Жұмабаевтың, облыс әкімінің орынбасары Б. Байжұмановтың, білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті мен облыстық білім басқармасы басшылығының қатысуымен онлайн-кеңес өткізілді.
Жалпы, ағымдағы жылдың 8 айында облыс бойынша барлығы 69 адам сотталды, оның ішінде 64 адам 116,9 млн.теңгеден астам сомаға айыппұлға, 2 адам бас бостандығын шектеуге, 3 адам бас бостандығынан айыруға, мүлкі тәркіленіп және мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың статистикасына сәйкес, есепті кезеңде анықталғандардың үштен бірі жергілікті атқарушы органдарға және оларға бағынысты мекемелерге тиесілі, олардың ішінде - 11 білім беру саласында.
Анықтама үшін: өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, алдын ала сөз байласу арқылы жүйелі негізде жеке кәсіпкерлердің есеп шоттарына олармен қызметтер көрсетуге және орта мектептерде жұмыс көлемдерін нақты орындауға шарттар жасаспай, жалпы сомасы 1 млн.теңгеден астам бюджеттік ақша қаражатын заңсыз аударғаны және жүйелі түрде пара алғаны үшін, бас бостандығынан 2 жыл мерзімге, Қапшағай қаласы білім беру бөлімінің басшысы жауапқа тартылды.
Білім беру мекемелеріне 9 дезинфекциялау тоннелін жеткізу және орнату бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойғаны және ЖШС директорынан 150 000 теңге сомасында пара алғаны үшін, жалпы, 4,5 млн.теңге сомасында айыппұлға Көксу ауданының білім беру бөлімінің басшысы жауапқа тартылды.
Жалпы, Департамент қызметінің басты бағыты білім беру саласында түрлі іс-шаралар өткізу негізінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша кешенді және жүйелі жұмыс болып табылады.
Бұл ретте сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығының негізгі қағидаты бұдан әрі де мүлтіксіз сақталатын болады. Бұған дәлел - білім беру саласындағы жоғары лауазымды тұлғаларды әшкерелеу болып табылады.
