Перейти к содержимому

БИ ӨНЕРІНІҢ СЕГІЗ ҚЫРЫ, БІР СЫРЫ

Хореография - би құрастыру және қою өнері. Би өнерін бойына бала күнінен сіңірген хореограф Шарипа Назгүлмен сұхбат құрған едік.

Шарипова Назгүл – 1985 жылы 10 сәуірде музыканттар отбасында дүниеге келген биші. Әкесі мен анасы баян аспабында шебер ойнайтын болған, ағасы әнші. 2,5 жасынан бастап сахнада жүр. Кішкентай кезінде "Әнші балапан" бағдарламасында өнер көрсетткен. Қызылорда қаласында музыкалық мектепте, Қизатов атындағы №23 мектепте оқыды, Қазанғап атындағы музыкалық колледжінде «Хореография» бөлімін тәмәмдап, «Халық әртісі» біліктілігін алып шықты. 2004 жылы ҚызПУ-ға оқуға түсіп, 2007 жылы аяқтады. "Салтанат" би-ансамблінде жұмыс істеді. №90 мектеп-лицейінде және №58 жалпы білім беретін мектепте хореограф болды.

- Би өнерімен қанша жасыңыздан бастап айналысасыз?

- Би өнерімен 2,5 жасымнан бастап айналысамын, анам өнер мектебінде завуч болып жұмыс істейтін. Сенбі күндері балабақшаға бармайтын болғандықтан анамның жұмысына барып жүремін. Сол өнер мектебінің би залындағы станокқа бойым жетпейтін. Сонда анама «мама биге барайыншы» деп айтыппын. Міне, сол сәттен бастап би өнері менің өміріме айналды.

- Отбасыңызда өнерге жақын жандар бар ма ?

- Нағашы әжем Батыма өте керемет билейтін еді , әдемі қимылдарына қарап таң қалатынмын. Әкем мен анам Қызылорда қаласындағы оқу орнында музыкалық факультетте оқып , сол жерде танысып, отау құрған. Әкем ерте қайтыс болғандықтан әкемнің көп аспаптарда керемет ойнағанын тек анам мен әкемнің достарынан естідім. Анам қазіргі таңда музыка пәнінің мұғалімі, ағам Ербол Шарипов Қазақстан Республикасына танымал “Азия” тобының мүшесі.

- Биден шаршайтын сәттеріңіз бола ма?

- Биден емес жұмыстан шаршайтын кездер болады. Биден шаршап, жалыққан кезім болған емес, керісінше мен білмейтін билерді үйренуге, меңгеруге талпынамын.

- Халық билерінің ішінен қайсысы жаныңызға жақын?

- Әр халықтың билерінің өзіндік бір әдемілігі бар, барлығы керемет, әр елдің биі өз әдет-ғұрпына сәйкес келеді. Мен патриотпын. Маған қазақ биі ұнайды және қазақ биінің падишасы Шара Жиенкұлованың шәкірті Бақтыбаев Төребек ағайымнан тәлім алғанмын. Шара апай Төребек ағайымның анасындай болғандықтан мен өзімді Шара апаймыздың немересімін деп те айта аламын.

- Кімнен немесе неден шабыт аласыз?

- Мен өнер адамы болғандықтан сұлулықты, әдемілікті жақсы көремін. Бірінші шабытты өз туған ағамнан аламын, оның жаңа әндер жазып жатқаны мен үшін үлкен қуаныш. Шет елдерге шыққанда сол елдің би өнерін көруге асығып тұрамын. Жай би емес, шоу көргім келеді, содан алған әсерлерімнен жаңа билер шығаруға ұмтыламын.

- Балалармен жұмыс істеу сіз үшін қиын емес пе?

- Балалармен жұмыс жасау мен үшін үлкен мәртебе. Неге деген сұрақ қа мен былай жауап берер едім. Мен 15 жасымнан бастап көп жұмыс істегенмін, үлкен қыз-келіншектерге де, жұптық вальс та қоятынмын. Бірақ балалармен жұмыс істеген қатты ұнайды, өйткені олар эмоцияларын жасыра алмайды. Би сабағы ұнаса сені келіп қатты құшақтап, «апай рахмет сізге» дегенде жәй жұмыс істемей, бала жүрегіне жол тауып, балалық шақтарынан жақсы естеліктер қалуына себепші болып жүргеніме мақтанамын.

- Би өнеріндегі ең үлкен жетістігіңізді айтып өтсеңіз

- Би саласында жүріп алған жетістіктерім жетерлік. Солардың ішіндегі ең ерекшесі білім саласындағы жеткен жетістіктерім, шәкірт тәрбиелеудегі елеулі еңбегім еңбегі үшін «Үздік ұстаз» төсбелгісімен марапатталғанмын. Одан бөлек, «Салтанат» би-ансаблінде, Мемлекеттік би-ансаблінде жұмыс істедім. Сол уақытта Европа елдерінде, «Қазақстан мен Қытай» арасындағы достық» бағдарламасымен Қытайда өнер көрсеттім. Еліміздің президенті Нұрсұлтан Назарбаев болған уақытта сол кісімен бірге жүретінбіз. Шет мемлекеттерге іссапармен барса, бізде бірге барып шағын концерт қоятынбыз. 2020 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында 70 биші қызым өнер көрсетуі керек еді. Карантинге байланысты іс-шара болмай қалды. Сол кезде «әттеген-ай» деп қалғаным бар. Әйтпесе, керемет жетістіктерімнің бірі болар еді.

- Егер биші болмасаңыз қандай маман иесі болар едіңіз?

- Егер биші болмасам химик немесе дәрігер болар едім, өйткені адамға көмектесу, қиналғанда қол ұшын беру мен үшін бірінші орында!

- Би өнерін 3 сөзбен сиппаттап берсеңіз

- Қимыл, жан дүние және өмір.

- Балаларыңыз да сізге ұқсап, биші болғысы келсе көзқарасыңыз қандай болмақ?

- Балаларым менің жолымды қуып, би өнеріне келемін десе, көмегімді аямаймын,тіпті оларға би мектебін ашып берер едім. Қазір кенже қызым Еркеназым «сіз сияқты биші боламын, анашым» дейді(күліп).

- Құпия болмаса, алдағы арман-мақсаттарыңызбен бөліссеңіз

- Құпия емес. Алдағы мақсатым би мектебін ашып, би өнеріне қызығатын ұл- қыздарға дәріс беріп, оларды шетел танитындай дәрежеге жеткізгім келеді.

- Сіздің кәсібіңізді таңдайтын болашақ хореографтарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Болашақ хореографтарға өмірде биікке ұшып немесе сәтсіздікке ұшырап жатсаңыздар, ешқашан мойымай алдыға ұмтылу керектігін айтқым келеді. Әрқашан арман- мақсатқа жетуге қойған жоспарларыңыз орындалуы үшін күні-түні тер төгу керек.

- Еліңіздің өркендеуіне өз үлесіңізді қосу ісін қалай жүзеге асырудасыз? Нәтижесі қандай деңгейде деп ойлайсыз?

- Өскелең ұрпақтың мәдениетті болуына, тәлім-тәрбие алуына, денсаулығы мықты, сымбатты дене пішімі болуына үлесімді қосып жатырмын деп ойлаймын және нәтижесі жаман емес!

- Әдемі әңгімеге толы сұхбатыңыз үшін рақмет!

0
0
421

Еще по теме

БИ ӨНЕРІНІҢ СЕГІЗ ҚЫРЫ, БІР СЫРЫ - Yvision.kz