БЕЙЖІҢДЕ ОҚЫП ЖҮР... (НАМЫС)

Авторлардың есімдері өтірік аноним болған соң, бұл авторлардың есімдерін «жалғандар» демеске амал жоқ.
Қазіргі уақытта Бейжің қаласындағы Халықаралық Бизнес және Экономика, Рен Минь, Цинг Хуа, Қытай медицина, Жол және телекоммуникация университеттерінде, Урумчи, Сиань, Шанхай және т.б. жоғарғы оқу орындарында 1-2 жыл тіл оқып, 4 жыл бакалавр мамандығын меңгерген студенттер мыңнан асады. Олардың арасында сабақтан тыс бизнеспен, аудармашылықпен, ғылыммен және жоғарғы оқу орындарының қоғамдық жұмыстарымен айналысқан, Қытайдағы Қазақстан жастарының «Жас Қыран» ұйымы іс-шараларына атсалысқан студенттер аз емес. Бұған Қытайда жиі болған Қазақстан азаматтары және жергілікті қандастарымыз куә. Еңбегінің арқасында тапқан қаражаттарын оқудың, жалға алған пәтерінің ақысын жауып жүрген жастар қаншама!

Мақала жазған «жалғандардың» «Жас Қыран» ұйымы, қазақ студенттері арақ ішу жарыстарын өткізеді дегені өтірік. Бұндай өтірік әңгімені сауатты, санасы бар адам қайдан ойлап табады екен? Ал, сол мақаладағы бір қыздың «арақ бөтелкесін» сіміріп тұрған суретті «бұл қазақ қызы» дегені қалай? Зерттеп келгенде ол сурет Оңтүстік Кореяның клубында 2009 жылы түсірген, оған мына сайт дәлел: http://bbs.tiexue.net/post_5151921_1.html. Болмайтын шетелдің сайтынан көшірген суретті «жалғандар» қазақ студенттері дегені барып тұрған ғайбат емей немене?! Мақала авторына көзі қысықтың бәрі қазақ емес дегіміз келеді.
Бейжің қаласында жас қырандықтар «Kazakh Party»-ді жылына бір рет Жаңа жылдың қарсаңында өткізетін, өткізбесе де жас студенттер билейтін орындарына бұрыннан бері өздері-ақ топталып барып жүр, қалай болса да жас студент көпшілік танысатын, көңіл көтеретін жерге баруға құқылы емес пе? Қазақтың «бір қарын майды-бір құмалақ шірітеді» дегені жай сөз емес екен дерсің.

Біріншіден, мақала авторлары студенттердің сабақ оқымайтынын, сабаққа бармайтынын жазады. Шын мәнінде, орта мектепті жаңа бітірген жас бала қытай тілін еш дайындықсыз қабат-қабат кітаппен оқи бастаса, әрине, қиын тиіп, сабақтың ауыртпалығынан мезі бола бастайды. Олардың санасы ағылшын тіліне бала кезінен үйренген, ал қытай тіліне, иероглифтерге өз уақытымен біртіндеп қалыптасуы керек, сонда ғана қытай тілімен бірге, таңдаған мамандығын тез меңгеріп шығады. Екіншіден, осы «жалғандар» «Елшілік тарапынан, «Жас Қыран» ұйымынан қадағалау жоқ, мүлдем қарамайды», – деп сәуегисиді. Бұл жәйітті қалай түсінуге болады? Сонда, «Жұлдыз, сен клубқа бармайсың» – дейтін болса, оның жауабы «жұмысың болмасын, өзімнің ақшам, өзім білемін», – деп айтпас па еді? Сондықтан Қытайға барған жастар ата-анасының қаражатына шет ел асып келгендер. Олардың не істеп, не ішіп жүргенін қадағалау үшін өзінен басқа адамдар қадағалауға тиісті емес, я болмаса сенімхат берген «опекунство» деген құқығыңыз болу керек, сонда ғана жүріс-тұрысына толығымен араласа аласыз.

Бірақ Қазақстан Республикасының ҚХР-ғы Елшілігі әр жылда, әр жиындарда және семестр сайын студенттерді алып университеттердің залында жинап, Қытайдың заңы қатаң екенін, арақ пен құмар заттарға бет бұрмауын, анаша мен мотоциклден аулақ жүру керектігін жиі ескертіп, ағалық ақылдарын айтып тұрады. Кейбір жастарға Елшілік қол ұшын созып, көмектесіп жатқаны қаншама?! Оның арасында біреуі мотоциклден құлап жатыр, біреуі төбелестен, ал, біреуі оқудан шығарылып жатыр. Біріншіден – Елшілік жұмыскерлері солардың арасындағы ең ауыр жағдайдағы жастарға көмектесіп, содан соң, кезегімен басқаларына қол ұшын созады. Ойлаңызшы, Елшілікте оннан астам дипломат жұмыс істейді, оның ішінде консулдық бөлімі 3-4 адамнан тұрады, олар мыңдаған виза ашумен, нотариус, көші-қон, т.б. жұмыстарын атқарады, сонымен бірге студенттермен айналысу керек. Мыңдаған студентке қалай жүгіру керек сонда?

Ең бастысы, «жалғандар» жазған мақала, мейлі Жұлдыз болсын, мейлі «А» әрпінен келетін қыз болсын, ойына не келсе де соны жазуға мүлдем құқығы жоқ. Ақиқаты және дәлелі болса, нақты сол адамдар туралы жазсын! «Жас Қыран» ұйымы арақ ішуден жарыс ұйымдастырады дегенінің фактісін көрсетсін. Бұл қыздар ренжіткен ұлдарға қапа болғанымен, барлық Қытайдағы студенттер осындай жаман, сауатсыз, қыздардың бәрі шетелдік қара жігіттердің қойынында дегені қып-қызыл жала. Сол көрген қыздарды немесе жігіттердің өздерін ғана айыптасын. Бұл «жалғандардың» мақаласы басқа студенттерді «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей, еш кінәсіз «дұрыс» жастарды жамандыққа қия салады! Яғни басқа азаматтар Қытайдағы араққа құмары жоқ, клубтарға бармайтын, тыныш сабағын оқып жүрген қыз-ұлды бекер айыптай беретін болды. Бұл масқараны ести берген жас бала «иә, біз сондаймыз» – деп бұзылып кетуі әбден мүмкін!

Мүмкін Жұлдыз есімді қыз шынайы дос бола білмегендіктен дос таба алмай, оны біреу қатты ренжіткен шығар, бірақ қалай болса да адам бұл өмірге көп затты үйрену үшін, жақсы мен жаманда ажырату үшін, көптің ішінде достарын табу үшін еңбектенуге тура келеді. Заманның тез өзгеруіне байланысты, көптеген информацияның кесірінен жастар өз орталарын таба алмай қалып жатыр. Онымен қатар ауылдан, кіші қаладан шыққан азаматтарға Бейжің, Шанхай сияқты мегаполистердегі адам түсініктері мүлдем басқа болғандықтан, және бірінші жылдары Қазақстанның әр облысынан, әр ауылдан келіп жатқан жастардың түсініктері бір-біріне тез арада жаға қоймасы заңдылық. Сондықтан да, адам сөз табыспай жатып, икемделмей жатып, Дүниежүзіне өзінің проблемасын ұятсыз, негізсіз түрде жариялау қажеті жоқ! Бұл мақаланы жазған «жалғандар» проблеманы шешуге ренжіген мақаласынан басқа бір күш салмады, я болмаса «Жас Қыран» ұйымының жиналыстарына келіп, ашықтан сөз сөйлемеді. Ал, «Жас Қыран» мүшелері өздері сияқты 18-20 жастағы студенттер, ешқандай артықшылығы жоқ. Олар тек тыныш жатпай, жалығып жауқаланбай, сабақтан тыс уақытты босқа өткізбей, қоғам үшін еңбек сіңіруді ойлап, іс жүзіне асырып жүрген патриоттар. Сондықтан, бауырлар, жақсы істі де көре білу керек. Қазақ қазақтың көзін шұқығаннан ештеңе таппаймыз.

Енді оқырмандардың назарына «Жас Қыран» ұйымы туралы қысқаша мәлімет бере кетсек, «Жас Қыран» ұйымы 2005 жылы 25 қазанда Бейжің қаласында құрылған. Ұйымның негізгі мақсаты – студенттердің басын қосып, бір-біріне бауырмалдыққа баулу. Бұл жастар ұйымына мемлекет тарапынан қаражат бөлінбейді. Қаражат проблемасын жас қырандықтар билет сатып, бизнес өкілдерінің арасынан демеуші іздеп, өз-өзін қаржыландырып тұруға белсенділіктерін арттырып тұрады. Жыл сайынғы Наурыз мерекесін өткізуге Қазақстанның Елшілігі қолдау көрсетіп тұрады. Әр жылда мемлекеттік мерекелер мен спорт ойындарын тегін ұйымдастырады. Мұнымен қатар, футбол ойыншылдардың «Kazakhstan Football League» жобасы жақсы дамыған. Оның барлық ойыншылары қазақстандықтар. «Жас Қыран» ұйымының ең құнды жобасы «Қытай КВН Лигасы» болып есептеледі, яғни бұл жобаның өзі жүздеген жастармен тіл табысып, команда құрып, рух пен сенімділік иландыру оңай болған жоқ. Сонымен қатар, қазақ студенттері Құрбан айт пен Наурыз мерекелерінде, жергілікті қандастарымыздың басын қосып, дастархан жайып, ойындар мен cахна көріністерін ұйымдастырып тұрады.

Қытай еліндегі әр қалада қазақстандықтардың саны артуына байланысты 2009 жылдан 2012 жылға дейін «Жас Қыран» ұйымы «Бірігу. Жастардың Ортақ ұйымы» идеясын жүзеге асыра бастады. Осы идея арқылы студенттер бір-бірімен достық қарым-қатынас, спорт жарыстарын, КВН ойындарын және т.б. жобаларын жүзеге асыруға болатынына сенді. Бұл Идеяны 2009 жылдың қараша айында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті ұйымдастырған «Үздіктер Слётінде» жариялаған болатын. Ол уақытта жаңадан қуат жинай бастаған идея 2012 жылы «Қытайдағы Қазақстан Студенттер Ассоциациясы» болып жүзеге асты. Бұл дегеніміз – «Жас Қыран», оның филиалдары және Қытайдың басқа қалаларындағы қазақстандық ұйымдардың аты өзгертіліп Ассоциацияның біріңғай ұйымына толығымен кірді. Осындай мәселелерді ескере отырып, дебат, жиналыс, КВН, жастардың сабақта тәртіпке тарту жиналыстарын өткізіп жүргені бекер емес, олардың еңбектері қазіргі уақытта оң нәтижесін беріп тұр!

Студенттердің үлгерімі бойынша қазақтар корейстер мен индонезия азаматтарынан кейін «университет стипендиясына» ие, яғни Қытайдың әр жоғарғы оқу орны сабақты жақсы оқыған студентке жеңілдіктер береді. Бұл стипендияны алған немесе оқу ақысын 50 пайыз жеңілдікпен жауып жүрген қаншама қазақстандықтар бар. Жұлдыз кітапханаға жиі барып, осындайларды өз көзімен көріп тұрса, құрдастарымен танысар еді.
Бауыржан Тоққұлов.
Халықаралық Бизнес және Экономика университетінің 2005-2011 ж.ж. студенті,
Бейжің қаласы.
2005-2011 ж.ж. «Жас Қыран» мүшесі.
Астана.
