БЕЙНЕУ БЕДЕРЛЕРІ: ҰСТАЗ, ШАРУА, ДӘРІГЕР!
Әлеуметтік желідегі достарым байқаған шығар, бүгін берекелі Бейнеуде болдым. Алуан әсерлер алып Ақтауға қайттым. Қырға сапарды қорытып бір-екі ауыз сөз жазбақпын.
1) Өзім мұғалімнің баласымын ғой, семьядан көрген-баққаным сол болған соң ба, ұстаз атаулыға құрмет ерекше. Бейнеулік ұстаз 82 жастағы Фермебай әкеміз -15 градус аязға қарамай есік алдынан күтіп алды. Құрмет қой. "Әкең Базарбайды білемін. Өліп бара жатса да өтірік айтпайтын мерт жігіт еді. Қайтқанда бардым, көпшіліктен байқамаған шығарсың" деді ақсақал. Бұл сөзі көңіліме қатты әсер етті. Аман болыңыз, Ақсақал🙏🏻
2) Сахи ақсақал да аула сыртынан қарсы алды. Кәстүм шалбар, гастук! "Аға, тоңбайсыз ба" десем, "Қырдың аязына үйреніп қалдық қой" деп күледі қария.
Үйге бастады, төрін ұсынды. Жаюлы дастархан. Отырмайтынымды айттым.
Әңгімесі әдемі. Ауылшаруашылығы саласында білері көп екен. Бейнеудің астық терминалы туралы айтқанда қатты қынжылыс білдірді. Бұл терминал бүгінде жұмысын тоқтатып, банкроттық жағдайда тұр... Әрине, өкінішті жағдай!
"Біздің Маңғыстаудың малы қыста қиналады. Неге?! Жазда да, қыста да бір өріс. Көшпейді. Жер қанша от болса да тозады, шөп таусылады, өріс алыстайды. Мал содан азады. Ен жайлау Үстірт бос жатыр, шықсын қырға. Бейнеудің малы мына көрші Байғанинға қарай кетсін. Қыста өріс қасынан болу керек" деді ақсақал. Жөн сөз!
Ағарғаннан ғана ауыз тидік те қоштасып кете бердік. Сахаңның әңгімесі ойымызда қалды. Аман болсын Ақсақал!
3) Дәрігердің үйінде бізді үш кішкентай балапан қарсы алды. "Ассалаумағалейкүм" дейд құттай қолдарын созып, өзім балажан адам еріп кеттім) Санжар деген ең кішісі келіп алдыма отырып алды. "Менің бойымдағы барлық жақсылықты берсін мынау құлыншаққа" деп басынан сипап, батамды бердім.
Гүлжиһан апамыз аңқылдап "төрге шығың, тамақ дайын, асты күттірмең" деп жатыр. Қай үйде де осы ықылас, осы құрмет. Айналайын Елден, жүрегің елжірейді.
Ақыры, дәмнен аттай алмадық. Астан алып отырып әңгіме тиегін ағыттық. Аудандағы денсаулық сақтау саласының бүге-шігесін толық біледі, ақ сөйлейді, анығын айтады.
Осы дастарханның басында тағы бір тамаша жанмен таныстым. Төремұрат деген зергер ініміз өзінің авторлық өнімін сыйға тартты. Атадан балаға мирас боп келе жатқан зергерлік өнерді жанына серік еткен Інімізге Алла жар болсын, қолы дерт көрмесін!
БЕЙНЕУ!
"Берекелі" деп бекер айтылмайды ғой. Тағы бір мәрте көзіміз жетті. Халыққа да, аудандық партия филиалына да риза болдым.
Кіреберісте Айтыманов Берікбай ағамыздың үйіне тоқтап едік, қонақ күтіп үйренген елдің азаматы ғой аңқылдап қарсы алды. Әңгімесі "охота", косуля мен қабан, елік пен қоянның, қасқырдың жайы, құлағымыздың құрышын қандырды. Алла жар болсын Ағамызға, ұрпағы жайылсын!
Аудандық партия қызметкерлері Бекберген ағамызға, Тұралы бауырымызға қатты риза болдым, ұйымдастыру жұмысында мін болған жоқ!
Бейнеу сапарын осылай түйіндедік. Кем кетік жеріміз болса Ел кешірер.
Ел аман болсыншы, ел аман болса кез-келген "қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз"!!!
#NurOtan
#Сапарбаян
#СаматМусабаев
#БізБіргеміз
#ЖеңіскеБіргеЖетеміз
