Бектау Ата туралы

Бектау Ата Балқаш қаласынан шамамен 70 шақырым қашықтықта орналасқан. Екатеринбург-Алматы, дәлірек айтсақ, Қарағанды-Балқаш трассаның бойында, біз Балқаш қаласы тарапынан кері қайтқан кезде бардық. Оған жеткенше шамамен 10 шақырымдай дала жолымен (грунт жолы) жүрдік. Меніңше, Бектау Атаны өзгеше оазис деп атауға болар. Бектау Атаның аумағы шағын болғанмен (ұзындығы 15 км, ені 15 км) флорасы мен фаунасы өзгеше екені бірден білінеді. Әрине, Баянауыл мен Қарқаралы сияқты қалың орман болмағанымен, тоғайы жаман емес, әрі мұнда арқарларды да көруге болады. Өйткені, Бектау Атаның ең биік жартасы 1215 метрге дейін жетеді. Жалпы, біз Бектау Ата деп атағанымызбен, бұл бірнеше тау қыратынан тұратын аумақ. Жаңылмасам тоғыз тау массивінен тұрады. Жанында, кезінде пионер лагері болған екен, ал, біз ауылға барып, сондағы қонақжай қазақ әйелінің үйінен шай іштік. Ерте айтқанда, ет пісіріп қоятын едім дейді. Әрине, біздің жүрісіміз қауырт, алайда, Балқаш қаласы жанынан Балқаш көлінде демалатын болсаңыз, Бектау Атаға міндетті түрде соғу керек. Метеорологиялық станцияның қалдығын көрдік, бәлкім жұмыс істеп тұрған болар.
Мен өз басым Бектау Атаны Башқұртстандағы шихандарға ұқсаттым. Шамамен осыдан 300 млн. жыл бұрын вулкан сілкінісі болған деседі, тек ол жер бетіне кейін шыққан дейді. Қалай десек те Сарыарқаның бұл тарабы әсем көрінді. Мен, тек өз көргенімді және білгенімді жазып отырмын. Сондықтан, бәлкім кейін мәліметтерді тағы толықтыратын болармын. Десе де екі жайтқа тоқтала кетейін. Біріншісі - мұндағы үңгір, Әулие Ата деп аталады. Үңгірдің ұзындығы шамамен 45—48 метр. Үңірдің өзі биікте орналасқан, оған жету үшін біздің біраз жүруімізге тура келді. Оның алдында тегістеу алаң бар, оның ұзындығы 6—7 м және ені 4-5 м. Үңгірге кіру биіктігі шамамен 3 м, ені — 1,5 м, одан әрі үңгір 2—2,5 м кеңейеді. Астында су бар екен, гидтің айтуынша кей жылдары су едәуір көтеріледі. Шамамен 15—16 м бойы үңгір тегіс, одан кейін жіңішкере бастайды. 29 метрге жеткен кезде су көресіз, 1,5 м дейін терең деседі. Біз әрі бармадық.
Дәл үңгір тұсында мына екінші суреттегідей жабайы жазбалар жоқ, оны осы маңдағы ауыл балалары тазартыпты. Дегемен, биік жартастарда әлі де өшпеген жазуларды көз шалып қалды. Айтқандай, тауға альпинистердің түсіп-шығу сирек десек болады, өйткені, жартастары жаңбыр жауғанда ыңғайсыз, аяқ-қол тірейтін ештеңе жоқ. Өлім құшқан альпинистер болған деседі. Мен үшін екі қызық ақпарат, үңгірге бара жатқан жолда мешіт болған екен, екіншісі, дәл Бектау Ата тауларындағы үңгір ең терең үңгір деп естідім. Сонымен бірге бұлақ суы да бар.
Жалпы, жақсыны көрмекке дегендей, табиғаттың бұл әсем жерін жол түсіп жатса көру ғанибет!
Бізді қонаққа, яғни сапарға шақырған Қарағанды облысы Кәсіпкерлік басқармасы Туризм және сыртқы экономикалық байланыстар бөліміне, атап айтқанда, оның басшысы Темірлан Асылбекұлына, ұйымдастырушы Дмитрий Корепановқа, сондай-ақ, https://www.kitotravel.kz/ компаниясы басшысы Жазира Жанкинаға, жол сілтеп, бағдар берген Сымбат Рамазанов бауырыма алғыс білдіремін!
Сөйтіп, жаздың жайларлы күндері - үш күндік саяхатты сәтті аяқтап, Балқаш қаласы, Балқаш көлі жағалауы, Бектау Ата тауларын көріп, Қарағанды шаһары арқылы бас қалаға - Астанаға кері қайтқан жайым бар еді!
















