БАСТЫ МАҚСАТ — БАҒАНЫ ТҰРАҚТАНДЫРУ

Жуырда еліміздің кейбір облыстарында азық-түлік бағасының қымбаттағаны жайлы ақпарат таратылған болатын. Бұл жайсыз жаңалықты естіген тұрғындар алаңдай бастаған еді. Алайда, жергілікті биліктің араласуының арқасында көпті толғандырған айтулы мәселе оң шешімін таба бастады.
Бүгінгі таңда аймақтағы азық-түлік өнімдерін сататын барлық сауда нүктелері қатаң бақылауға алынып, баға саясатын қалыпты ұстауға бағытталған іс-шаралар үздіксіз жалғасуда. Соның нәтижесінде базарлар мен дүкендерде бірқатар көкөністердің арзандағанын байқауға болады. Мәселен, биылғы жылдың тамыз айымен салыстырғанда, қазіргі уақытта қырыққабат - 70 теңгеден 66 теңгеге/кг, картоп - 73 теңгеден 56 теңгеге/кг, пияз - 82 теңгеден 62 теңгеге/кг, қызылша - 80 теңгеден 55 теңгеге/кг, сәбіз - 110 теңгеден 60 теңгеге/кг дейін арзандады. Бұл – облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы ұсынған мәлімет.
Шынымен де, көкөніс сатылатын дүңгіршектерге барған жұртшылықтың көңілі жай. Өйткені, өзі қалаған көкөністерді қолжетімді бағаға сатып ала алады.
Бірақ, 1-ші сұрыпты ұн, өсімдік майы, күріш сынды кейбір азық-түлік түрлерінің бағасы сәл-пәл көтерілгенімен, бұл жағдайды реттеу үшін облыс әкімдігі тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтар болсақ, өңірдегі азық-түлік тауарларын өндірумен және жеткізумен айналысатын кәсіпорындармен, кәсіпкерлермен келіссөздер жасалып, меморандумдарға қол қойылды. Сондай-ақ, бағаны тұрақтандыру мақсатында кейбір азық түрлерін тұрақтандыру қоры арқылы сату шаралары қолға алынғанын да атап өткен жөн. Мәселен, қанттың нарықтағы бағасы 180 теңгеден (1 кг) сатылса, тұрақтандыру қоры арқылы 160 теңгеден саудалануда.
Негізінен, бұл айтылған өнімдердің бағасының өзгеруіне көтерме сауда жасайтын компаниялардың бағаны тұрақты ұстамауы себеп болған. Сөз басында атап өткендей, қазіргі уақытта аталған жағдайдың алдын алу шаралары жалғасуда.
Осылайша, алдағы уақытта азық-түлік бағасының шеттен тыс шарықтауына тосқауыл қойылмақ. Сондықтан, тұрғындардың орынсыз алаңдауына еш негіз жоқ. Бастысы, бүгінде «Павлодар» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамында 2486,4 тонна азық-түлік тауарлары сақталған. Сонымен қатар, тауар жеткізушілер әлі 430,5 тонна азық-түлік өнімдерін сатылымға шығармаған екен. Бұған қарап, аймағымызда азық-түлік тапшылығы болмайтынын әрі баға да тұрақтанатынын аңғаруға болады.
