БАС ПАРТИЯҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТТІ
Мақтаарал аудандық мәслихатының депутаттығына үміткер, «Nur Otan» партиясының белсендісі Жұмағали Аязханов бүгін Аязхан Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Атамұра ауылының тұрғындарымен кездесті. Елдегі карантиндік режимге байланысты барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілген кездесуге үміткер Жұмағали Аязханов, «Nur Otan» партиясы Мақтаарал аудандық сайлауалды штабының төрағасы Досым Асабаев, штаб мүшелері мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Негізінен тұрғындарға «Nur Otan» партиясы бағдарламасындағы басымдықтар баяндалып, атқарған істері дәріптелді. Үміткер жүзеге асқан жоспарлардың ішінде аграрлы сектор мен кәсіпкерлік саласының дамуына, әлеуметтік ахуалдың артуы мен денсаулық сақтаудағы қамқорлықтарға, білім мен спорттағы жетістіктерге кеңінен тоқтады.
Атамұра ауылы тұрғындарының ұсыныстарын тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Алдағы саяси додада «Nur Otan» партиясына қолдау көрсетіп, дауыс беруге шақырды. Сайлауалды бағдарлама Атамұралық ағайынның көңілінен шығып, бас партияға қашан да қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.