Балқаш қаласы мен Балқаш көлі. Не көруге болады, қалай жетеміз, өз бетімізбен демалысты қалай ұйымдастырамыз? Менің лайфхактарым
Егер, солтүстіктен оңтүстікке жүрген болсаңыз, Сарыарқа мен Бетпақдаланы бойлай жүрген пойыз терезелерінен ұшы-қиыры жоқ қазақ даласының көрінісі көл жағалауына ауысатынын байқайсыз. Бір ғажабы бұл көл бітпейді. Ал, негізінде, Сіз оның бір бөлігі ғана арқылы өткен боларсыз.
Ата-бабамыз Көктеңіз деп атап кеткен Қазақстандағы үш көлдің бірі (Каспий, Аралмен қатар) Балқаш көлі жалпы Әлемдегі үлкен көлдердің бірі.
Көлдің ұзындығы 614 шақырым, ені 3,5-нан 44 шақырымға дейін, ең терең жері 26 метр. Ғалымдар көлдің 35000 жылдан бар екенін анықтаған.
Сонымен, Балқаш қаласы мен Балқаш көлінің солтүстік жағалауына қалай жетеміз?
Балқаш қаласы Қарағанды облысының Қарағанды мен Теміртаудан кейінгі үшінші үлкен қаласы. Халқының саны шамамен 80 000 адам. Оның шамамен 72-75 проценті жергілікті халық. Бір қызығы, Балқаш қаласына оған алыс-жақын Қоңырат (Балқаштан 12 км қашықтықта болса да шағын аудан ретінде қалаға қарайды), Гүлшат, Саяқ және Шұбартүбек кенттері де кіреді. Мысалы, Саяқ Балқаштан 210 шақырым жерде орналасқан, оған қарағанда Гүлшат пен Шұбартүбек іргеде, 8 шақырым қашықтықта ғана. Саяқтың қашықтығы біздің Арқалық қаласы аумағына жататын бұрынғы Арқалық ауданы ауылдарындай екен. Арқалық қаласы аумағына қарайтын ауылдар дегенмен, оған қарағанда (Балқаш пен Саяқтың арасы) едәуір жақын болар. Балқаш қаласында екі жыл тұрғандықтан шаһар маған бұрыннан таныс. Айтқандай көлдің үлкендігін оның жағалауы бірнеше облыс аумағын алып жатқанымен де айтуға болар, ол - Қарағанды, Абай, Жамбыл, Жетісу облыстары. Және, Балқаштың бір бөлігі ащы, бір бөлігі тұщы.
Әуелі Балқаш қаласына қалай жетеміз дегенде, туристер үшін ең ыңғайлысы ұшақ екені түсінікті. Қала әуежайы шағын, рейстер тек Алматы мен Астанадан орындалады. 1 маусымнан бастап Астана-Балқаш бағыты бойынша рейстер жандана бастайды. Билеттерді https://vietjetqazaqstan.kz/ сайтынан алуға болады. Бір бағыттағы билет құны 16 000 теңгеден басталады.
Балқашқа Астанадан пойызбен де жетуге болады. Билеттерді https://bilet.railways.kz/ сайты арқылы рәсімдеңіз, билет бағасы 6807 теңгеден (плацкарт) 9462 теңгеге (купе) дейін. Артықшылығы бір күнге дейін форс-мажор жағдайында билет құнын толық қайтарады және "күту парағын" қосуға болады. Ыңғайсыздығы 12 сағат жүреді. Не болмаса Астанадан Қарағандыға жетсеңіз, такси де, автобус та, пойыз та бар. Айтқандай, Қазақстандағы ең алғашқы парашют спорты секциясы Балқаш қаласында ашылған болатын. Қарағандыдан Балқаш бағытына жаңа пойыз іске қосылды, ол таңғы 6.00-де шығып, 12.45 сағатта келеді не кешкі пойыздарға отыруға болады, яғни, ұйықтап тұрдыңыз және таңертең Балқашқа келдіңіз. Оның үстіне Балқаштың теміржол хабы ретіндегі рөлі де жақсарып келе жатыр. Бұрын Саяқ жаққа баратынын білетін едім, енді Достық, Семей, Алматы бағыттарына пойыз жүретін болған. Жалпы, Балқашта екі вокзал бар. Нөмірі бірінші, нөмірі екінші вокзалдар. Біз әдетте соңғысын таңдаймыз. Баратын демалыс орталығымызға осы жерден жақын.
Қарағанды мен Балқаштың ара қашықтығына қатысты айтатын болсақ, екеуінің арасы бар болғаны 380 шақырым. Бұрын Балқаштан Қарағанды, Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған қалаларына және Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы ауылдарына автобус қатынайтын, Шымкент пен Жазқазғанды білмедім қазір, бірақ, Балқаштан түнде қалааралық автобусқа отырып, таңертең Алматыға жетіп, кері қайтып жүрген кездерім болған, Балқаштан Қарағандыға да талай барған едім. Ал, пойызбен Балқаштан Астанаға және кері талай рет жүргенімді жоғарыда айттым. Асықпаған жанға сол ыңғайлысы, айтқандай, Балқаштан тікелей жетуге болатын, жаңылмасам ол пойыз қазір де бар. Ал, Балқаштан Жезқазғанға тікелей пойыз жоқ, есесіне Балқаштан Семейге өте аласыз. Астанадан Балқашқа дейін https://saparzhai.kz/ сайты арқылы автобус билеттерін алуға болады, бағасы бар болғаны 7 000 теңге, 19.00 сағатта Астанадан қозғалады. Балқашқа дейін 10 сағаттай жүреді.
Жалпы, Балқаш қаласын шаһарда болмаса да Қазақстан азаматтарының көпшілігі біледі деп ойлаймын, себебі жаңағы республикалық трасса бойынан шамалы қашықтықта ғана тұр. Және, Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-батысы тұрғындары еліміздің солтүстігіне баратын болса Екатеринбург-Алматы жолын басып өтетіні түсінікті.
Астана автовокзалыннан Қарағанды автовокзалына дейін 18 орындық шағын автобустар жүреді, бағасы бар болғаны 3000 теңге. Мысалы өткен жолы сағат 14.00-де Астанадан шыққан микроавтобус дәл уақытында жүріп, 17.00-де Қарағандыда болды. Неге автобус дегенде өткенде алдында Талдықорғанға барғанда дәл осындай кіші автобуспен барған едік. Ұнады, тағы қайталап көрейік дедік. Арасында көз шырамытып аласыз да кешке Қарағанды-Балқаш пойызына отыруға болады.
Такис қызметі туралы бірер сөз. Жергілікті "Регион" такси қызметін пайдалануға болады, қалаға автобустар жүреді, ал, жағалауға индрайвер арқылы жету ыңғайлы, тек, Тугис Сіздің нақты демалыс орталығыңызды көрсетпейді, "Барковский" деп терсеңіз болады, демалыс орындары бір қатарда тұр. Бағасы әртүрлі, шамамен 1200-1600 теңге аралығында болған.

Қаланың өзіне қатысты айтатын болсақ, жергілікті музей есіме түсті. Балқаш өңірінің тарихынын сыр шертетін жәдігерлер баршылық екен. Маған ұнағаны қаланың пайда болуы кезеңінің заттары мен өңірге тән қазақ этнографиясы бұйымдары. Қаланың өзі бұрынғыға қарағанда өзгерген, көшелері жаңарып қалыпты. Әрине, КСРО кезеңінін сәулет ескерткіштері көп. Дегенмен, жаңа құрылыс нысаны - коттедж қалашығы әсем көрінді, қалай десек те қаланың жағдайы жаман емес, өйткені, қала тұрмысы түсті металлургиямен байланысты. Қала халқы комбинат пен оның маңындағы өзге де кәсіпорындарда жұмыс істейді. Одан өзге, шағын кәсіпкерлік нысандары да жақсы дамыған. «Балқашнан», «Балқашсүт», «Балқашбалық» сияқты қаланы тамақпен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындарды бұрыннан білемін.
Дегенмен, қаланың географиялық ерекшелігі және оның Балқаш көлі жағасында орналасуы шаһардың болашағын айқындап беретін факторлардың бірі десем артық айтқандық емес, әрине, экология проблемасы күн тәртібінен түспейді!
Ол факторлардың бірі Балқаш қаласының Қарағанды облысының, жалпы Қазақстанның туризмі, оның ішінде, ішкі туризміндегі орны.
Туризм туралы айтпас бұрын Балқаш көліне тоқтала кетейін.
Қазақстандағы үшінші үлкен көлдің бірі, әрине, Каспий теңізі мен Арал теңізінен кейін (тартылғанға дейін) Балқаш тұтастай Қазақстан аумағында орналасқан көл. Аумағы бойынша теңіз деуге де келер, өйткені, әсіресе пойызбен өтіп бара жатқан кезде оның қаншалықты үлкен екеніне көз жеткізесіз. Арал тартылғаннан бері еліміз бойынша екінші орынға шықты және Әлемдегі ең үлкен 14 көлдің қатарына кіреді.
Сонымен Балқаш бір жағы ащы, екінші жағы тұщы, аумағы 18 200 шаршы километрді алып жатқан әйдік көл. Жалпы бассейні тіпті 413 000 шаршы шақырымды алып жатыр. Балқаш көліне Қаратал, Лепсі, Іле, Ақсу, Аягөз сияқты өзендер келіп құяды. Қазақстанның төрт бірдей облысы аумағындағы көл және тақырыбымыз Балқаштың солтүстік жағалауына қатысты болғандықтан, сонымен бірге, біз үшін туризммен және балық шаруашылығымен қатар айта кеткен жөн. Айтқандай, Балқаш көлінде Басарал, Тасарал, Аяқарал, Олжабекарал, Ұлтарақты, Қоржын, Алғазы, Шайтанарал, Талдыарал сияқты 43 арал бар. Осы ретте, екі жайтты айта кетпесем болмас, ол біріншісі, атақты Балқаш жолбарысы, қазіргі күні жойылған. Уақытында Балқаштың қалың қамысының арасында өмір сүрген еді, соңғы уақытта оған ұқсас Амур жолбарысын Қазақстанға алып келіп, жерсіндірді. Ол үшін Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Іле-Балқаш резерватына әкелінді. Жоба қалай жүзеге асатыны белгісіз, бірақ, Амур жолбарысын Балқаш жолбарысы деу орысты қазақ деген сияқты ғой!
Екінші, ол кезіндегі Кенесары көтерілісінің Балқаш маңындағы жерлерде қоныстануы, ол жөнінде алайда көп дерек жоқ. Меніңше, ол уақытта табиғи қорған болған сияқты, яғни, жау қалың қамыс арасындағы түбекке не аралға жете алмауы үшін Кенесары-Наурызбай көтерілісіне қатысушылар осында аялдаған болса керек. Кенесары көтерілісі демекші, соғыстың бірі жерге ғана емес, суға да таласу екені мәлім, өкінішке орай, болашақта Балқаш Аралдың кебін киюі әбден мүмкін.
Бір-екі ауыз Балқаштың флорасы мен фаунасы туралы. Уақытында Балқашта жылына 20 мың, тіпті 30 мың тонна балық ауланып отырды, ол балық Қазақстаннан тыс жерлерге де жөнелтетін еді. Және оның 70 проценті балықтың бағалы тұқымдары болатын. Өкінішке орай, қазір балық аулау мемлекеттік деңгейде жоқ деуге болады. Бірақ, Балқаш балығын әсіресе пойызбен Сарышаған станциясынан өткен кезде көбіміз көрген болармыз. Балқашта балықтың сазан, алабұға, жайын, көрсерке, тұқы, қарабалық сияқты 20 шақты түрі бар. Балқаш ареалының 120 құсының 12 Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Кезінде мұнда Канададан ондатра жерсіндіріліп, саны тіпті 1 миллионға дейін жеткен кезі болған.
Балқаштың тораңғылы тоғайы мен қалың қамысы талай аң-құсқа пана болған, мысалы, осындағы (Қазақстандағы) 342 бауырымен жорғалаушының 22 еліміздің Қызыл кітабына ензігілген.
Енді өңірдің, әсіресе, Балқаш қаласы тұсындағы бөлігінің дамуының бір саласы туризмге қатысты деп айттым, сол туризм жөнінде баяндасам.
Осыдан 10-15 жыл бұрын Балқаш туризмі бәсең еді, әрине, әлі де кемшіліктері баршылық, бірақ, мысалы, қазіргі күні Балқашта отандастарымыздан өзге, шетелдіктердің көптеп келіп жүргенін байқадым. Мысалы, белгілі музыкант А.Макаревичтің балық аулап, теңізге шомылып, табиғат аясында еркін тыныстағанын білемін. Қазіргі күні Балқаш туризмі еліміздің ТОП-10 басымды туристік мекендерінің қатарына кіреді. Жағалауда Жемчужина», «Танго», «Самал», «Барковское», «Лафа», «Оазис», «Нұрбақыт», «Тұлпар», «Сказка», «Айгерім», «Релакс», «Найзатас», «Океан», «Голубая лагуна», «Аквамарин», «Досжан», «Гольфстрим», «Балқаш» сияқты ірілі-ұсақты 70 шақты демалыс базалары жұмыс істеп тұр, бұл қажеттілікті толық қанағаттандырып отырған жоқ, тағы 40 шақты қонақ үй мен демалыс базалары керек деседі, әрине, қызмет көрсету сапасы мен ыңғайлылығы әртүрлі. Дегенмен, Қарағанды облысында, мысалы, Қарқаралыға қарағанда Балқаш туризмі қарқынды дамып отыр деп нық сеніммен айта аламын. Бір жағынан мана айтқандай, оның географиялық ыңғайлылығы да әсер еткен болар. Мәселен, белгілі Приозерск қаласы Алматы мен Астананың тура орта жолында тұр. Бұрынғы әскери қаланы неге айтып отырсыз дерсіз? Бұл қала да кейінгі жылдары туристердің белгілі бір тобының қызығушылығын тудырды, әрине, туристердің көп келетіні Балқаш көлі жағасы. Жағалау туризмінен табыс тапқан кәсіпкерлер сәйкесінше өз қаражаттарын да салуда, мысалы, жергілікті кәсіпкерлер Балқаш туризміне миллиондаған-миллиардтаған теңге ақша құйып жатыр. Ал, инфрақұрылымды дайындау, жол, кәріз, сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау мәселесі мемлекеттің мойнында. Жалпы, Балқаш туристік аймағын дамытудың бағдарламасы бар. Әрине, көлдің оңтүстік жағалауы да Балқаш туризмін қолға алып жатқаны белгілі, бірақ, оны өз көзіммен көрмеген соң бәлендай деп айта алмаймын. Мысалы, Балқаш қаласы жағында демалған туристеріміз 2022 жылы 80 мың адамның көлемінде болса, 2023 жылы бұл сан 100 мың адамның сыртына шықты, 2025 жылы 400 мың адамға өссе, 2026 жылы жарты милллион төңірегінде болар деп ойлаймын. Айтқандай, шаһарда жыл сайын «Балқашфест» музыка фестивалі өтіп жүр, бұл да туристерді тартудың тиімді әдістерінің бірі. Отандық музыканттар жоғары деңгейде концерт береді және ол қала тұрғындары мен қонақтарының аса қызығушылығын тудырып жүр. Өкінішке орай, Балқаш қаласы жағалауындағы демалыстың мерзімі 3-4 айды ғана құрайды, жаз уақытында демалыс орындары тола, алдын ала брондамаса қиындау. Дегенмен, жағалауында күнге қыздырынып, суына шомылып, кемелеріне отырып, көлді аралағысы келетін туристердің саны болашақта арта береді деп ойлаймын. Балқаштан өзге қаладан шамамен 70 шақырым қашықтықтағы Бектау Ата да туристер үшін қызық, ол нысанға да баруға кеңес беремін, ол жөнінде жеке жазармын!
Ал, өз басым Балқаш көлінің жағалауындағы "Нұрбақыт" демалыс орталығына тоқтадым, орналасқан жері ыңғайлы, нөмірлері таза, бағасы да қонымды. Жанында дүкендер, дәмханалар бар. Әртүрлі шаралар да қарастырылған. Ұнады. Әр нөмірде төсек-орын, сүлгі, вайфай, телевизор, душ, әжетхана, шкаф-тумба, шәйнек, тоңазытқыш және т.б. қажетті нәрселері бар. Таңғы асы жалпы сомаға кіреді. Асханасынан түскі және кешкі асқа қосымша тапсырыс беруге болады. Бірақ, меніңше, сол маңдағы көп дәмханаларға барып ішкен жөн деп санаймын. Әртүрлі астың дәмін көрген дұрыс қой. Жағажайда минимаркет те бар. Жағажайда тіскебасарлар мен суға түсу үшін қажетті заттар да сатылады. Есімнен шығып барады, жаңағы "Нұрбақыт" ДО жағалауында (қоршалған аумақ) арнайы лежактар да бар. Суға түсіп, арасында демалып, қайта түсуге жақсы. Қысқаша айтқанда, ойымыздан шықты. Қажет болатын болса, байланыс телефондары: +77754494531.
Айтқандай Балқаш қаласы мен Балқаш көлі маңында не көруге болады десеңіз, бірнеше нысандарды ұсынып көрейін.
Бірінші, әрине, Балқаш көлінің жағалауы, туристер ең алдымен теңіз үшін келеді. Бір қызығы, қаланың өзі де жағалауға жақын орналасқан. Жаяу жүріп те жетуге болады, бірақ, демалыс орталықтарына барған жөн. Қысы қатты еді, теңіз жағалауы болған соң шамалы ылғал болса да тоңып қалатын едім.
Екінші, жергілікті музей, яғни, Балқаш қалалық тарихи-өлкетану музейі, маған жәдігерлері ұнады.
Үшінші, Орталық базар, ол жерден ысталған балық сатып алуға болады, бірақ, жағалауда жатсаңыз да арасында азық-түлік керек, сондықтан жергілікті супермаркеттерге кірген жөн. Ресей тауарлары супермаркеті бар екен, кірдік, онша емес, одан да өзіміздің өнімдерді алған жөн.
Төртінші, Ағыбай және Жидебай батыр ескерткіштерін көруге болады. Кеншілер сарайына да соғыңыз. Кеңес заманы ескерткіштері әлі көп, бірақ, шүкір қалада қазақылықтың исі шығады.
Бесінші, демалыс орталығына жақын, Шашубай кентіндегі Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке соғып, тағзым етуді ұсынамын.
Алтыншы, қаланы аралап, жаңа үйлерді де қарауға болады.
Жетінші, бір күніңізді қаладан 70 шақырым қашықтықтағы Бектау Атаға арнаңыз. Өте қызықты.
Лайфхактарымды ұғынықты тілде жазып, бәрін түсіндірген сияқтымын, ал, Балқаш қаласы мен Балқаш көлінің солтүстік жағалауына қалай жетемін, не көремін, қалай демалыс орталығын таңдаймын десеңіз, мархабат 8 (701) 627 3081 телефонының вотцабына жазып, ақылы кеңес алуға болады. Есесіне уақытыңыз бен ақшаңызды үнемдейсіз.
Фотолар Балқаш көлі жағалауында түсірілген.
#Ішкі туризм
#Балқаш қаласы
#Балқаш көлі